Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Бизнес бастау» – жетістікке жетелейтін жол

«Бизнес бастау» – жетістікке жетелейтін жол
Ашық Дереккөз
«Бизнес бастау» жобасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына үлкен мүмкіндіктер беруде. Мәселен, жарқын жоба аясында Жамбыл ауданында өткен жылы 110 азамат қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіптерін ашыпты.

Аудандық мансап орталығының директоры Алтай Стамқұловтың айтуынша, кейінгі жылдары өңірде жаңа кәсіп түрлері көп ашылған. Осыдан екі-үш жыл бұрын азаматтар малшаруашылығымен айналысуға ниетті болса, қазір шағын өңдеу цехтары, техникалық қызмет көрсету орталықтары сынды бизнес түрлерін ашуды қолға алып жатыр екен. 

«Бизнес бастау» жобасы аясында Нұркен Ниетбаев көлік жөндеу орталығын ашыпты. Жалпы көлік тізгіндей білу бір бөлек, ал темір тұлпарды жөндеу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Сондықтан да көлік саны күн өткен сайын көбейіп жатқан қазіргі уақытта техникалық қызмет көрсету орталықтарына сұраныс жоғары. Әрі сұранысқа ие кәсіп түрі табысқа жетудің бір төте жолы болған. Көпбалалы әкенің де бастаған ісі небәрі 6 айда жемісін беріп, қазіргі таңда айына 400 мың теңге табыс тауып отыр. Тіптен қасына көмекші ретінде бір азаматты жұмысқа алған.

– Бала кезімнен әкемнің жанында жүріп, көлік жөндеудің қыр-сырын меңгеріп алдым. Сондықтан икемім болғандықтан жеке кәсібімді ашуды армандайтынмын. Ал арманымды «Бизнес бастау» жобасы арқылы жүзеге асырдым.Бүгінгі таңда аптасына үш-төрт көлік жөндеймін. Мен үшін жұмыстың сапасы маңызды. Егер көлікті қалай болса солай жөндейтін болсам, иесі одан кейін мүлдем келмейтін болады. Аллаға шүкір, қазір тұрғындар өздері іздеп келеді, – дейді Нұркен Ниетбаев.

 

Жалпы Жамбыл ауданы бойынша биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында 113 азамат 155 миллион 940 мың теңге грант алыпты.Сонымен қатар 44 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Ал 2024 жылға арналған жоспар бойынша 110 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Мемлекеттік грантқа қатысушылар жобаларын комиссия алдында қорғап, бүгінде 55 азаматқа тиісті қаржы аударылған.

Ал қалғаны сұрыптаудан өтуде. Жыл аяғына дейін табысталатын болады.Иә, расында, мемлекеттік қолдау шалғай елді мекендердегі жұмыссыздық мәселесін шешіп, халықтың тұрмысын жақсартуға көп септігін тигізуде. Аса ауылының тұрғыны Мұхтар Таңатарұлы да мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсібін ашып, көпге үлгі болып отыр. Кейіпкеріміз өткен жылы үй салу үшін құмблок іздеп, біраз әуре болған екен. Құрылыс қарқын алған сайын құмблокқа сұраныс артатынын ұққан Мұхтар осы бағытта өзінің бизнес-жоспарын ұсынады. Ерекше кәсіп қолдау тауып, қайтарымсыз грант жеңіп алады. Бастаған ісі де бірден жүріп кетіп, бүгінде жан-жақтан тапсырыстар алуда.

Жас кәсіпкерді сөзге тартқанымызда бастапқыда қатты қиналғанын айтты.Тағы бір кейіпкеріміз – торт пісіріп, аз ғана уақыт ішінде жеке дүкенін ашқан жас кәсіпкер Құндызай Рахымжанова. Көпбалалы ана сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, «Құндызай тәттілері» атты наубайханасын ашыпты. Әзірге анасы қолғабыс етуде. Алдағы уақытта дүкенін кеңейтіп, қыз-келіншектерді жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

– «Бастау бизнес» жобасының кәсіп бастауға ниетті азаматтарға пайдасы мол. Оқу барысында көп нәрсе үйреніп, үлкен тәжірибе жинадым. Қажетті құрал-жабдықтарды алып, кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Тапсырысты тәулік бойы қабылдаймыз. Ал дүкеніміз таңғы сағат 8:00-ден бастап, кеш қарайғанға дейін жұмыс істейді. Күні бойы дүкенде қарап отырмай, тапсырыс бойынша торт та пісіремін, – дейді кәсіпкер. 

Құндызай бастапқыда таныстарының тапсырысы арқылы той дастарқанына тәттілер мен самса, құймақ, пицца пісіріп, нәпақасын тауыпты. Содан кейін жеке цехын ашуды жоспарлап, аудандық кәсіпкерлер палатасында «Бастау бизнес» жобасы бойынша бір айлық курсқа қатысады.Кәсіпкер торттың түрімен қатар, дәміне де көңіл бөлу маңызды екендігін алға тартты.

– Тұтынушылардың талғамы сан алуан. Барлығының көңілінен шығу маңызды. Торттың сыртқы безендірілуі ғана емес, дәмі де үлкен рөл атқарады. Қоспаларға қаражатты аямаймын. Барынша сапалысын алуға тырысамын. Өйткені сөредегі өнімдер қаншалықты тойымды әрі тәтті болған сайын келетін тұтынушылар саны да көбейе береді. Егер өнімім бір адамға ұнаса, екінші адам өзі келеді.Кәсібімді бастағаныма көп болмаса да арнайы алғысын айтып кететіндер болады. Сол сәтте төбем көкке жеткендей болады. Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, қасыма жұмысшылар алсам деймін. Адам өз ісін сүйіп жасаса, барын салады, ізденеді. Мен де алдағы уақытта ізденуді тоқтатпай, тек дами түскім келеді, – дейді Құндызай Бәкірова.

Өткен жылы аталған бағдарлама шеңберінде 20 жас жеке бизнесін бастапты. Биыл да ауданда жастарды қолдау шараларына басымдық берілуде. 

– Нарықтық қоғамда өмір сүрген әрбір адам қолындағы ақшасын тиімді жаратып, бір теңгеден екі теңге жасауға бейімделуі қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Әрине, кәсіпкер болғысы келетін жастар жоқ емес. Бірақ олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға қандай көмек бар? Міне, осы сұрақтардың жауабын білемін деген жастарға біздің орталықтың есігі әрдайым ашық. Біз көмек сұрап келген әрбір азаматты қолдауға даярмыз, – дейді аудандық мансап орталығының директоры Алтай Стамқұлов.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында 80 мыңнан аса халық тұрады. Аудан халқының 30,4 пайызы жастар екенін ескерсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 049 жас жұмысқа орналастырылыпты. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан да жұмыссыз жастардың белсенділігін арттыру мақсатында көптеген жоба жүзеге асуда. 

Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар