Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көпке үлгі кәсіпкер

Көпке үлгі кәсіпкер
Автор
Қазақтың қолөнері – ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес құндылық. Бүгінде ұлттық өнерді жаңғыртып, оны заман талабына сай бейімдеп, табыс көзіне айналдырып отырған жастар аз емес. Солардың бірі – Жамбыл ауданының жас кәсіпкері Айгерім Танысбаева.

Ұлттық өнерге, қолөнерге сүйіспеншілік Айгерімнің бойында бала кезден қалыптасқан. Ол мектеп жасынан бастап тігіншілікке қызығушылық танытып, алғашқы бұйымдарын тіге бастаған. Алайда уақыт өте келе өзге салаларда бақ сынап көргенімен, бүйрегі тек тігіншілікке бұрып тұрған.

– Мен бала кезімнен тігін өнеріне жақын болып өстім. Өзім қолөнершілікке қатты қызығатынмын. Өсе келе әртүрлі жұмыстарды істеп көрдім. Бірақ ешқайсысы жүрегіме жақын болмады. Ақыры өзіме ұнайтын істі қолға алуды шештім. Тігіншілікке құмарлығым осы саланы тереңінен зерттеуге итермеледі. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдауларды естіп-біліп, облыстық кәсіпкерлер палатасында оқып, бизнес-жоспарымды жасап, қайтарымсыз грантқа өтініш бердім. Бар-жоғы үш күн ішінде «грант иегері атандыңыз» деген қуанышты хабар жетті, – дейді жас кәсіпкер.

Кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары сұранысты қалыптастыру болса, Айгерім бұл мәселені әлеуметтік желінің көмегімен шешкен. «Instagram»-ға ұлттық нақыштағы заманауи киімдер мен аксессуарларды жариялап, көпшіліктің ұлттық бұйымдарға деген қызығушылығын оятады. Бастапқыда өзі үшін тіккен ерекше этно тақияға тапсырыстар түсе бастаған.

– Бұл идея маған әлеуметтік желі арқылы келді. «Instagram» желісін қарап отырып, әдемі этно стильдегі тақиялар мен корсеттерге көзім түсті. Басында тек жай ғана қызығып қарайтынмын. Кейін өзіме біреуін тігіп көрдім. Шынымен ерекше әрі әдемі шықты. Жақындарым, достарым қызығып, маған да тігіп берші деп сұрай бастады. Сол кезде ойыма «неге бұл істі бизнеске айналдырмасқа?!» деген идея келді. Сөйтіп алғашқы тапсырыстарды қабылдағаннан кейін ісім өрге домалады. Екі аптаның ішінде 100-ден аса тақия тігіп сатып, өзімнің алғашқы миллионымды таптым. Бұл жетістік маған одан әрі шабыт беріп, кәсібімді кеңейтуге жол ашты. Бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдарым тек Қазақстанның аймақтарында ғана емес, шетелдегі отандастарымызға да тапсырыспен жеткізілуде, – деген кейіпкеріміз ұлттық киімдер мен аксессуарлардың неліктен ерекше көп сұранысқа ие болатынын түсіндірді. 

 

– Қазіргі жастар ұлттық нақыштағы заманауи бұйымдарға, аксессуарларға қатты қызығады. Менің ойымша ұлттық нақыштағы бұйымдар тек эстетикалық тұрғыда ғана емес, рухани мәні жағынан да жастарға өте маңызды. Жастардың ұлттық мәдениетімізді заманауи сән үлгілерімен үйлестіре алу қабілеті мені ерекше қуантады. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытып, үлкен тігін шеберханасын ашуды жоспарлаудамын. Сонымен қатар, жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, оларды да кәсіпке баулуды мақсат етіп отырмын, – дейді А.Танысбаева.

Қазақтың ұлттық өнері – ата-бабадан қалған баға жетпес мұра. Оны жаңғырту және заман талабына сай бейімдеу арқылы ұлттық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге болады. Заманауи трендке айналдыру – ұлттық өнердің танымалдылығын арттырып, оны жас ұрпаққа және әлемге кеңінен таныстырудың тиімді жолы.

Сымбат ҚУАНЫШ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар