Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттық қорда қанша ақша бар?

Ұлттық қорда қанша ақша бар?
Ашық Дереккөз
Қаржы министрлігінің есебі бойынша, тамыз айында Ұлттық қорда жиналған ақша айтарлықтай көбейген. Шілде айының соңында қорда жалпы көлемі 29,7 триллион теңге жатса, бір айда қордағы қаражат 7,2 пайыз өсіп, 31,8 триллион теңгеге жеткен.

Өткен айда Ұлттық қорға 2,57 триллион теңге түскен. Оның ішінде мұнай компанияларынан түскен салық түсімдері – 486 миллиард теңге құраған. Қорға түскен қаржының негізгі бөлігі қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс. Инвесттабыс жарты жылда 2,53 триллион теңгені құраған. Соның нәтижесінде Ұлттық қорға жыл басынан жиналған қаржы 5,4 триллион теңгеге жетті.Тамыз айында Ұлттық қордан 451 миллиард теңге жұмсалған. Оның басым бөлігі – республикалық бюджетке бөлінген нысаналы трансферттер. Ал жыл басынан бері 3,45 триллион теңге жаратылған.Оның 2 триллион теңгесі – кепілдендірілген трансферт болса, 1,45 триллион теңгесі – нысаналы трансферт.

«Ұлтық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға сәйкес биыл қордан республикалық бюджетке 2 триллион теңге трансферт қарастырылған. Яғни ел Үкіметі 8 айда кепілдендірілген трансфертті толық алып үлгерген. Ал нысаналы трансферт көлемі 2024 жылға 1,6 триллион теңге деп бекітілген болатын. Биылғы нысаналы трансферт көлемі де сарқылуға шақ.Есесіне Ұлттық қор ақшасына «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу арқылы қосымша қаржы алынып жатыр. Қаңтардан мамырға дейін Ұлттық қордан қомақты сома алынды. Соның нәтижесінде қордағы қаржы 28,6 триллион теңгеге дейін азайды. Мамыр айының өзінде Ұлттық қорға 1,17 триллион теңге түсіп, қордағы қаржыны 29,3 триллион теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік берді.

Үмітжан БАКЕЛЕКОВА,
журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар