Мемлекет басшысы Жолдауында: «Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн», – деді.
Жолдауда салық жүйесін қайта жүктеу, банк жұмысын қайта жаңғырту, шағын орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешеніне қолжетімді несие беру, әділ және тиімді тариф саясатын жүргізу, цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту секілді көптеген мәселе қозғалды. Атап айтқанда, қаржы экономикалық бағытты алатын болсақ, банк саясатына, оның жұмыстарын жаңартуға байланысты жаңа ұсыныстар айтылды. Жалпы біздегі екінші деңгейдегі банктердің экономиканың нақты секторын несиелендіруі төмен. Несие берген жағдайдың өзінде оның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Ал агросекторды несиелендіру жоқтың қасы. Квазисектордағы қаржы институттары да бұл жұмысты аяғына дейін жеткізе алмады. Банктер мемлекет тарапынан, әсіресе Ұлттық қордан миллиард доллар көмек алады. Тек кейінгі жиырма жылдың көлемінде ЕДБ банктер мемлекеттен бірнеше миллиард доллар шамасында көмек алды, шетел қаржы институттарынан арзан несие алып, оны қымбат, үстеме бағамен қарапайым халық пен кәсіпкерлерге несиеге беріп, банктер байып отыр. Алайда олар соған сай салық төлеп отырған жоқ. Банктердің негізгі мақсаты – экономикалық белсенділікті қолдау үшін экономикаға қаржылай қолдау көрсету.Өткен жылғы Президент Жолдауында шетелдік үш банкті елімізге ендіру керектігі айтылды. Оның негізгі мақсаты бәсекелестік ортаны қалыптастыру арқылы несиелендірудің пайыздық мөлшерін барынша төмендету болатын. Шет мемлекеттерде несие өте төменгі мөлшерде, 1,5 мен 5 пайыздың арасында. Әсіресе ауылшаруашылығы саласына төменгі мөлшерде беріледі.
Ал бізде бұл мәселе әлі де шешімін таппай келеді.Ауылдық жерлерде халқымыздың 38 пайызы өмір сүреді. Олар өздерінің кәсібін ашуға, дамытуға несие ала алмай отыр. Агробанк ашу туралы айтылып келе жатқанына жиырма жылдан асты, бірақ әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Соны қайта қолға алу керек. Мұндай банктер көршілес Ресей мен Беларусь елдері сияқты көптеген дамыған елде агросекторға қызмет етеді. Біздің елде де Агробанк ашылып, әр ауданда оның бөлімшелері жұмыс істеуі керек. Халық осыдан арзан несие алып, өз кәсібін дамытуы қажет. Ауылшаруашылығын тоқырауда ұшырататын үлкен мәселенің бірі – шаруалардың қолында қаражаттың жоқтығы. Егер қаржыны арзан несиемен берсек, аталған саланың тез арада дамуына мүмкіндіктері бар. Сол үшін осы саланы қолдауды түбегейлі өзгерту шарт. Көптеген бағытта таратылып жатқан субсидиялар өндірілген өнімге берілуге тиіс. Келешекте Мемлекет басшысы атап өткендей, «Банк туралы» жаңа заң қабылданғаннан кейін ауылшаруашылығына барлық жерде арзан 1,5-2 пайыздың көлемінде несие беру арқылы ауылшаруашылығын қолдауымыз керек. Бұл саладағы өнімді өндіру, дайындау, өңдеу және сату жүйесі нақтылай құрылуға тиіс. Қазіргі таңда бұлардың арасында өзара байланыс жоқ. Шаруа өндірген өнімін дайындайтын ұйым жоқ. Сондықтан олар өнімдерін қайда өткізерін білмей бастары қатады. Мемлекет шаруалардың өндірген өнімдерін сатып алуына жағдай жасау керек. Өкінішке қарай, бүгінде шаруалардың өндірген өнімдерінің қызығын делдалдар көріп отыр.
Сонымен қатар ауылшаруашылығында шаруалардың біліктілігін арттыру, ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізу мәселелері өз дәрежесінде болмай тұр. Ол үшін әр аудан мен ірі округтерде шаруаларды оқыту орталықтары ашылуы керек. Облыс орталықтарындағы ауылшаруашылығы ғылыми зерттеу институттары мен тәжірибе стансаларында, ғылым мен алдыңғы қатарлы тәжірибелерді ендіруге бағытталған шараларды қолға алу керек.Тағы бір айтатын жайт, Астана мен Алматыда жүз мыңдаған гектар жерді жалға алған азаматтар бар. Олар ауылдың ең өзекті мәселесі –жол мен суға, мәдени және спорт нысандарына және ауылшаруашылығын өндіруге байланысты тиісті құрылымдарды салуға, яғни ауылдың дамуына атсалыспайды. Мейлі, ол отандық немесе шетелдік инвестор болсын, ауылды дамытуға өз үлестерін қосулары қажет. Ауыл дамымай, ауылшаруашылығы дамымайды.Ендігі бір өзекті мәселе – статистикадағы көзбояушылық. Президент атап өткендей, ауылшаруашылығында 2 миллион ірі қара, 3 миллион қой қосылып жазылған. Бұл жерде мал басы ғана емес, алынған өнімді өндіруде де қосымша жазылымдар кездесіп жатады. Бұл тек ауылшаруашылығында ғана кездесетін келеңсіздік емес. Көзбояушылық азық-түлік бағаларының өсуінде де бар. Үкімет азық-түлік бағасын белгілі бір пайызға өсті десе, шын мәнінде, сатылымдағы тауарлардың бағасы одан бірнеше пайызға артқандығын көрсетеді. Жұмысшылардың орташа жалақысымен жұмыссыздықтың пайызын есептегенде де осындай олқылықтар кездеседі. Сондықтан статистика жұмысын шындыққа жақындату керек. Осындай мәселелерге ерекше ден қоймасақ, өзімізді өзіміз алдағандай боламыз.
Жолдауда айтылғандай, елімізде күні бүгінге дейін толық шешімін таппай келе жатқан бағыттардың бірі – салық саясаты. Кейінгі онжылдықта бұл салаға кемінде бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді. Бұл – саланың басы-қасында тұрған азаматтардың біліксіздігінен емес, нарық заңына бейімделуге бетбұрыс жасағаны. Салық саясаты тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған болуы қажет. Уақытында берілген артық жеңілдіктерді қайта қарап, негізгі жеңілдіктерді тек бизнесті дамытуға нақты септігін тигізетін бағытқа, тауар өндірушілерді барынша ынталандыруға бағытталуы тиіс. Терең өңделген тауарларды сыртқа шығарған кәсіпкерлерге жеңілдік беру де өте маңызды.Өткен жылғы Жолдауында Президент өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін инвесторларды 3 жылға дейін салықтан босату керек деген болатын. Шағын және орта бизнесті қолдау керек, оны 7 пайыздан 2029 жылы 15 пайызға дейін арттырамыз деп алдымызға мәселе қойды. Осы мәселелерді шешу үшін салық саясаты өз дәрежесінде болуы керек.Қоғам талабы бойынша, кейінгі жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес әкімдерді тікелей сайлау жүйесіне өтіп жатырмыз. Ауыл әкімдері толығымен сайлау жүйесіне енгізілді.
Енді аудан, облысқа бағынатын қала әкімдерін сайлай бастадық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сай мемлекеттік қызметкерлер көпшіліктің көңілінен шығатын жақсы жұмыстар атқарып жатыр.Дегенмен Жолдауда Президент атап өткендей, әкімдердің, мемлекеттік қызметкерлердің халық алдындағы есебі, жауапкершілігі, орындаушылық тәртібі әлі де болса төмен. Әсіресе әкімдердің халық алдындағы есебі формальді түрде өтеді. Алдын ала сұрақ дайындалып, шақыру тізім бойынша жүргізіледі. Кейбір әкімдер өз жұмысын өздерінің имиджін көтеруден бастайды. Халыққа уәде берумен шектеліп, уәде орындалмай жатады. Қабылданған шешімдерінің қалай орындалып жатқанынан көпшілік хабарсыз. Орындаушылық тәртіп төмен, жоғарыда айтылғандай, өтірік ақпар беріледі. Кейде жергілікті атқарушы органдардың басшыларын жоғары жақтан қойылатын талаптардың өзі өтірік ақпар беруге итермелейді.Әділетті Қазақстан құру үшін тек саяси экономикалық реформа жеткіліксіз, ең бастысы кадрлар, қоғамдық сана мен адамның ниеті өзгеруі керек.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі