
Дәл осы аптада өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 түзеу мекемесінен үш бірдей азамат босатылды. Олар Рақымшылық туралы Заңның 3-бабы, 6-тармағына сәйкес, бостандыққа жолдама алған. Оның бірі – 47 жастағы маңғыстаулық азамат болса, өзгелері 41 және 43 жастағы нәзік жанды азаматша мен ер адам. Үш жазасын өтеуші де қолданыстағы Қылмыстық Кодекстің түрлі баптарына сәйкес, сот шешімімен екі, төрт және бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.
ҚАЖ қызметкерлері сотты болған азаматтарды мекеме қақпасынан шығарып салу барысында оларға еркін өмірдегі құқықтары мен міндеттерін кеңінен түсіндірді. Олар өз сөздерінде жазасын өтеушілердің қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасаған мемлекеттің қамқорлығына қиянат жасамауды қатаң ескертті.