Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәстүрлі құқықтан демократиялық реформаларға дейін...

Дәстүрлі құқықтан демократиялық реформаларға дейін...
Ашық Дереккөз
Ұлы далада билік құрған хандық дәуірінде заңдар жинағы маңызды рөл атқарды. Заңдар жинағының ең бір жетілдірілген үлгісі Қасым хан тұсында болды. Ол билік жүргізген кезеңде қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеу мақсатымен «Қасым ханның қасқа жолы» аталған заңдар жинағын шығарды. Бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырды, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байыптады. Жеке адамдар, ру-тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін реттеді. Бұл жарғы бір ғасырдай қызмет атқарған соң тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, «Есім ханның ескі жолы» аталған заңдық жүйе өмірге келді. Есімнің немересі Тәуке хандық құрған кезеңде қағидалардың үлгілі нұсқасы, халықтың тәртіп, салт-дәстүрінің жүйелі жиынтығы – атақты «Жеті жарғы» қолданысқа енді. Сол кезде қазақ елі басқару жүйесі хандық билікке негізделген, саяси жағынан орталықтанған, біртұтас құқықтық мемлекетке айналғаны тарихтан белгілі. Дала дәстүріне негізделген хандық дәуірдегі бұл заңдық қағидаттарды елдігіміздің, Ата заңымыздың тарихи тамыры, мемлекеттілігіміздің маңызды мұрасы деп қабылдаған абзал.

«Алаш» қозғалысы кезеңіне келер болсақ, Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттанов «Қазақ елінің уставы» атты еңбек жазды. Бұл сол заманға сай жазылған тұңғыш қазақ елінің заңдар жиынтығы болатын.Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында елдің басты құжатын екі рет қабыл-дады. 1993 жылғы Конституция негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса, 1995 жылы қабылданған Конституцияға сәйкес Қазақстан президенттік-парламенттік билікке көшті. Тәуелсіздік жылдарында негізгі құжатқа заманның ағымы мен талабына сай алты рет өзгеріс пен толықтыру енгізілді.Конституцияға кейінгі жылдары енгізілген өзгерістер еліміздің саяси өміріне соны серпін берді. Өзгерістер алдымен сайлау жүйесінен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформалар туралы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында саяси өзгерістер асығыс жасалмауы керек екенін айта келе, «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз», – деген болатын. Әкімдер сайлауын өткізу идеясын Мемлекет басшысы алғаш рет 2019 жылы Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында көтерді.

Ал 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында аталған идеяны жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде әкімдер сайлауын 2021 жылы ауыл, кент, ауылдық және кенттік округтер, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар әкімдері деңгейінен бастауды ұсынды. 2021 жылы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдер сайлауын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қою арқылы ауылдық деңгейдегі, аудандар мен аудандық, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді. Бұл қадам азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды іске асырудағы белсенділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін және әр әкімнің халық алдында есеп беруін күшейтуге, халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына ден қою жеделдігін арттыруға, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. Әр тұрғын ауыл әкімін таңдауда тікелей дауыс беру құқына ие болды және ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін-өзі ұсынуына жол ашылды.Сайлау жүйесінің өзгеруі әкімдер мен халық арасындағы байланыстың нығаюына, жауапкершілігінің артуына, олардың қызметінің тиімділігіне тікелей әсер етеді. 2023 жылдың 5 қарашасында елімізде алғаш рет қанатқақты режімде 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл оқиға еліміздің саяси өміріндегі маңызды сәт болды.Сайлауға «Ауыл» партиясы да қатысып, өз үміткерлерін ұсынды. Сайлау қорытындысымен өз өңірінде еңбегімен елге танылған абыройлы азаматтар – 3 үміткер «Ауыл» партиясы атынан саяси додаға түсіп, жеңіске жетті. Бұл үрдіс 2025 жылдан бастап жаппай тұрақты түрде жалғасады.Аудан әкімдерін сайлау еліміздің тарихындағы аса маңызды белестердің бірі болары анық. Әкімдер сайлауына өзін-өзі ұсынушылармен бірге саяси партиялар да кандидаттар ұсынатынын ескерсек, саяси аренадағы бәсекелестіктің бәсі арта түсетіні айдан анық.

Бүгінгі күні «Ауыл» партиясының атынан республиканың 3 ауданының әкімі ашық сайлауда жеңіске жетіп, өз қызметтерін атқарып келеді. Ал сайлау жүйесі мен саясат майданындағы ашық бәсекелестік – демократияға қадам басудың, қоғамның дамуы мен кемелденуінің кепілі. Жалпы кейінгі жылдары Президент бастамасымен сайлау жүйесіне көп жаңашылдық енгізілді. Кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екені түсінікті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібі өзгертіліп, бұрынғы рұқсат алу қағидаты хабардар ету қағидатына ауыстырылды, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талап 40 мыңнан 5 мың адамға азайтылды, сайлау кезіндегі пар-тиялық тізімде әйелдер, жастар және инклюзивті қоғам өкілдері үшін 30 пайыздық квота қарастырылды, парламенттік оппозиция институты енгізілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен аралас сайлау жүйесі енгізілді. Соған сай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық жүйемен жасақталды.Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілді. Бұл – елдегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, демократияландыруға бағытталған соны қадам. Яғни бұған дейінгі партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Ендігі жерде мажоритарлық жүйе бойынша әрбір өңір Мәжіліске кемінде бір депутат сайлай алады.Ал аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам аймақтарда бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашты. Бұл халық арасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын толғап жүрген жаңа тұлғалардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік берді. Саяси партияларға да бір мандатты округтер бойынша кандидаттар ұсыну мүмкіндігі берілді. Сайлау туралы Конституциялық заңға енгізілген бұл жаңашылдықтың барлығы 2022 жылдың 19 наурызындағы Парламент Мәжілісі мен Мәслихаттар сайлауларында тұңғыш рет тәжірибеден өткізіліп сыналды.

Нәтижесінде сайлау қортындысы әділетті Қазақстанның партиялық жүйесінің одан әрі дамуына айтарлықтай әсер етті. Парламентке алты партияның өтуі – бұрын-соңды болмаған бәсекелестік көрсеткіші. Бұл – партияларға берілген үлкен мүмкіндік әрі тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың нақты саяси құралы. Енді партиялар бұл мүмкіндіктерді Парламентке өту және депутаттық мандаттардың барынша көп санын алу үшін ғана емес, бағдарламалық ұстанымдарды, азаматтармен жұмыс істеу жөніндегі әдістемелік тәсілдерді қолдануға тиіс. Бүгінгі күнге «Ауыл» партиясының әртүрлі деңгейдегі мәслихаттарда 228 мүшесі депутат және 38 партияластардың жергілікті атқару әкімі, ал 8 депутаттан құралған фракция Мәжілістегі барлық 7 комитеттің мүшесі екенін ескерсек, ел халқының бізге үлкен сенім артып, жауапкершілік жүктеп отырғанын аңғарамыз.Бір сөзбен айтқанда, Президенттің Конституциялық заңды реформалау бастамасы еліміздегі саяси күштердің белсенділігін арттырып, серпінді істерді қолға алуына себепкер болып отыр. Жаңа бағдарламасын қабылдап, жаңғыру жолына түскен «Ауыл» партиясы, ең алдымен, жастар қауымына бет бұрды. Қазіргі таңда партияның әртүрлі деңгейдегі басқару органдарына жастарды тарту мақсатында білімі озық, сана-сезімі терең, отаншыл және азаматтық ұстанымы биік кадрлар резервін жасақтау ашық түрде жүргізіліп келеді. Мұндағы ең басты мақсат – партия қызметіне заманауи ойлау қабілеті бар, жауапкершілігі мен рухы жоғары, қазіргі талапқа сай трендтерді меңгерген жастардың кадрлық резервін іріктеу және партия жұмысына жаңа серпін беретін жалынды, жасампаз жастарды қолдау үшін әлеуметтік лифтіні қолға алу.Демократияландыру жолындағы ең басты қадам – Президент бастамасымен 2022 жылы 5 маусымда өткізілген бүкілхалықтық референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар.

Референдумда қабылданған Конституциялық реформа мемлекетіміз үшін тағдыршешті мәнге ие болды. Ата заңға енгізілген бұл түзетулер мемлекетіміздің басқару моделін және саяси жүйесін түбегейлі өзгертті.Қазіргі «геосаяси дауылға» тап болған аумалы-төкпелі әлемде қазақ елінің қуаттануына, тұрақтылығының нығаюына, экономикасының өркендеуіне қажетті жан-жақты жағдай жасалды.Бұл өзгерістер не берді? Ең бастысы, жүйе жаңарды. Еліміз бүкіл маңызды шешімдерді бір тұлға қабылдайтын суперпрезиденттік жүйеден толық бас тартып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» негізделген жаңа тұрпатты президенттік-парламенттік жүйеге көшті. Президенттік лауазымға бір рет сайланатын 7 жылдық мерзім енгізілді. Бірқатар билік өкілеттігі қайта бөлініп, Парламенттің рөлі күшейтілді. Конституциялық түзетулер халықтың тек жергілікті билікке емес, тікелей Парламентке ықпал етуіне жол ашып, елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үрдістеріне құқықтық негіз қалыптастырды. Жаңа түзетулерге сәйкес ел үкіметі өз мойнына жаңа жауапкершіліктер алып, сындарлы жағдайда заң күші бар актілер қабылдау құзырына ие болды. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқару құқынан айырылды.

Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылды. Сенаттағы президенттік квота қысқартылды. Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы және тұңғыш президенттің Конституциядағы ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды. Жергілікті мәслихаттардың маңызы мен рөлі күшейтіліп, облыс әкімдерін бірнеше кандидат арасынан сол өңірдің халық қалаулылары таңдайтын болды.Мемлекет басшысы: «Елімізде іске асырылған реформалар екі жылға да жетпейтін аз уақытта халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті. Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол», – деген еді.Бүкіл істеріміздің, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың, ынтымағымыз бен бейбіт өміріміздің бастауы Ата заңымыздың арқасында екені сөзсіз.

Серік ЕГІЗБАЕВ,
«Ауыл» партиясының төрағасы,
Мәжіліс депутаты

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар