Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Энергетика тапшылығын азайтады

Энергетика тапшылығын азайтады
Ашық Дереккөз
Біз өмір сүріп жатқан қоғамда еңбек адамының мүддесі қорғалып, заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс. Халықтың ұғымындағы келешегі кемел «Әділетті Қазақстан» моделі осындай.

Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын жүзеге асыру арқылы қол жеткізе аламыз. Мемлекет басшысы қоғамдық жүйенің жаңа форматын қалыптастыру жолын «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетті.Жоғары оқу орындарында ғана емес, колледжде жақсы оқыған түлектер мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алыну мүмкіндігіне ие болуы керек. Кәсіптік білім алып, еңбек жолын қарапайым жұмысшы мамандығынан бастаған адам ретінде бұл жүйенің өте ұтымды қадам екенін айтқым келеді.

Еңбек жолында сатылап өсіп, нарықта 33 жыл бойы жоғары бәсекеге төтеп берген компанияны басқарып отырған мен үшін еңбек адамын дәріптеу – аса маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің қоғамда адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек.Өзімнің еңбек және өмір жолымда қарапайым жұмысшылардың экономиканың нағыз қозғаушы күші екенін көріп, көкейге түйдім. Еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағаланған қоғамда еңбек теңсіздігі туындамайды.Ал кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады.

Міне, сондықтан да біз еңбек адамының мәртебесін көтеруіміз керек.Негізі жастарға үлгі етер тұлғалар – ауылдағы қарапайым еңбек адамдары.Олар бәріне адал еңбекпен қол жеткізіп жүрген жандар. Сол себепті елді мекендегі ел-жұрттың жай-күйін назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Мен үнемі қарапайым еңбек адамын дәріптеп жүремін. Олардың еңбегі лайықты бағалануы тиіс деп есептеймін. Облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымына депутат болып сайланғанымда да осы ұстанымымнан айныған емеспін.

Өкілетті органның тұрақты комиссияларының отырыстарында мемлекеттік деңгейдегі марапатқа ұсынылған азаматтардың тізімін қарап, талай мәрте жұмысшы мамандарды қосу туралы мәселе көтердім. Еңбек жолын шолып шығып, кәсіп иесі жоқ тізімге әрдайым қарсы дауыс бердім. Осындай нық ұстанымдағы мен үшін Мемлекет басшысының Жолдауда ендігі жерде қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетілетінін атап көрсеткені – үлкен серпіліс болды.Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы, сөз жоқ, барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді.Бұл – еңбек адамының абырой-беделін көтеретін қадам.

Президент Жолдауда: «Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауылшаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады»,  – деді. 

 

Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адамның лайықты бағасын алатыны қуантады. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, біз бұл түсінікті қоғам санасына сіңіруіміз қажет. Азаматтарға құрметті атақ беруде де «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты естен шықпауы тиіс.Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды тапсырды. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды міндеттеді.Жұмыстың жаманы жоқ. Оны мен өз еңбек жолымнан білемін. Адал табыс пен адал еңбек адал азаматтарды тәрбиелейді. Сондықтан кез келген еңбек қадірлі. Ал әр маман өз міндетін орындап, жауапкершілігін терең сезінгенде ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Жалпы ел өміріндегі әрбір маңызды оқиғалардан халық тысқары қалмауы тиіс. Кез келген мәселеге қатысты әркімнің өз ойы болуы керек. Дақпыртқа еріп, жел сөзге ерік бергеннен ештеңе өнбейді. Ел азаматы ретінде объективті көзқарасыңды білдір. Жағдайды дамыған елдермен салыстыр. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек.Президент АЭС салу туралы мәселенің референдумда шешілетінін айтты. Бұл тақырыпты қоғам талқысына салғалы да бір жыл өтті. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім.

Мен көптеген шет мемлекетте болдым. Қай елге барсам да дәстүр-тарихы мен саяси-экономикалық даму жолына зер саламын. Зерттеймін, зерделеймін. Осылайша ой түйемін. Өркениетті елдер заманауи реакторларды қолдану арқылы жасыл энергетиканың қызығын көріп отыр. АЭС – энергетика тапшылығын азайту мен экологиялық қауіпсіздікке кепіл бола алады. Меніңше, біздің халқымыз да осындай жолды таңдауы тиіс деп есептеймін. Президентіміздің бастамасын қолдаймын. 

Сәуле РЫСБАЕВА,
«Рысбаева және К» компаниясының директоры,

облыстық қоғамдық 
кеңестің мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар