Ербол Қарашөкеев аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, Мойынқұм ауданының әлеуетін тиімді пайдаланып, шалғай ауданның ахуалын арттыру бойынша басшылықтың алдында ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, экономикалық өсу көрсеткіштерін арттыру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік және өндірістік нысандардың, су шаруашылығы кәіпорындарының жұмысын жүйелеу және өзге де бағыттар бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
Өз кезегінде ауданның жаңа әкімі артылған сенімді ақтауға барынша күш салатынын жеткізді.
Ермек Амангелдіұлы 1966 жылы Тараз қаласында дүниеге келген.
Білімі жоғары. Қазақтың Еңбек Қызыл ту орденді ауылшаруашылық институтын «ауыл шаруашылығын механикаландыру», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Жамбыл ауданаралық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде меңгеруші болып бастаған.
Әр жылдары «Асиер» АҚ директорының орынбасары, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің басқарма басшысы, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының көмекшісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің сектор меңгерушісі, ҚР Парламенті Сенаты аппаратының бөлім меңгерушісі, ҚР Президенті Кеңсесінің бас инспекторы қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ 2008-2013 жылдары жеке секторда басқарушы лауазымдарда, 2014-2016 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары, 2016-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, 2019-2021 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, 2021-2022 жылдары «Н. Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ менеджері, 2022-2023 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында еңбек етті.
2023 жылдың тамыз айынан бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы болып қызмет атқарып келді.