Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ұлы дала жорығы» басталды

«Ұлы дала  жорығы»  басталды
Ашық Дереккөз
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталғанын әйгілейтін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі басталды. Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Ботай қонысымен Астана қаласының арасын жалғайтын жорық 500 шақырымды құрайды.

«Ұлы дала жорығының» ашылу салтанатында «Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев сөз алып, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын оқып берді.

«Ұлы дала төсінде өтетін көшпенділердің ұлан-асыр мерекесінің басы «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінен басталады»,- делінген хатта.Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл жорықтың өркениет талбесігі Ботайдан басталғанына ерекше тоқталды.

– Себебі Ботай – ең алғаш жылқы қолға үйретілген жер. Сол себепті тарихи мекеннің маңызы осындағы барша қатысушыға құнды деп есептеймін, – деді қауымдастық президенті.

Жалпы жорыққа Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан, Мажарстан елінен келген командалар қатысуда. Ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Алматы қаласы, Жетісу,  Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының командалары қорғайды.

Халықаралық деңгейде тұңғыш рет өтіп жатқан жорыққа елімізден қос бірдей қыздар командасы да қатысып жатқанын айта кету керек. Бірі – Маңғыстаудан келген «Суын» командасы болса, екіншісі – Ақмола облысының «Томирис» командасы. «Joryq» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басты мақсаты – ұмыт болып, тіпті жойылудың аз-ақ алдында тұрған қазақы жылқы тұқымдарын қайта жаңғыртып, олардың әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау екенін айтады.

– «Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі бағыттарының бірі – қолтума жылқылардың екінші тынысын ашу. Үш жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп жүрген марафон-бәйге өз нәтижесін беріп отыр. Бүгінде осы жорықтың арқасында қолтума жылқылардың бағасы бірнеше есе артты. Қазақы жылқы тұқымын асылдандырып, мал басын көбейтуге ықылас танытушылардың да шоғыры қалыңдап келеді. Бұған дейін атсүйер қауым арасында «бәйге аты», «көкпар аты» деген ұғым-түсінік кең таралса, енді ол қатарға «жорық аты» деген де теңеу қосылды, – дейді Б.Тұрлыбеков.


Халықаралық марафон-бәйгеге елімізден қатысатын командаларды іріктеу сайысы мамыр айында ұйымдастырылған болатын. Павлодар қаласынан Астанаға дейінгі аралықты еңсерген жорықшылардың ішінде үздік үштікке енген команда ұлы аламанға қатысуға мүмкіндік алды. 

– Дүбірлі доданың жүлде қоры да қомақты. Бес ат мінген бес шабандоз қарсыластарынан қара үзіп түгел мәреге жетсе, 100 мың доллар алады. Екінші орын иеленген команда мүшелеріне – 60 мың, үшінші жеткен шабандоздарға 40 мың доллар мөлшерінде сыйақы беріледі. Жүлде қорына қатысты мынаны қаперде ұстаған жөн. 500 шақырымды әр шабандоз бір атпен ғана шауып өтеді.

Орта жолда болдырған жүйрігін тың атқа алмастырып міне алмайды. Әр 10-15 шақырым сайын ұйымдастырушылар бағыт-бағдар беріп отырады. 50 шақырымды еңсергенде екі сағаттық үзіліс алып, қатысушылар тынығады. Дәрігерлер шабандоздардың ахуалын, ал ветеринар мамандар тұлпарлардың тамыр соғысын, жүрек қағысын тексереді. Осылайша әр күнде 100 шақырым жол қысқарады. Күнделікті таңғы сағат 7:00-де шабандоздар жорықты бастайды. Бәйге жүлдесіне қатысты: егер жеңіске жеткен команда мүшелерінің бесеуі емес, төртеуі ғана мәреге жетсе, 100 мың емес 80 мың, ал үшеуі келетін болса, 60 мың доллар беріледі. Егер бес шабандоздың екеуі ғана межелі жерді шауып өтсе, оларға жүлде берілмей, додадан шеттетіледі. Екінші, үшінші орын алған командалардың да құрамы түгел шауып өтпесе, жүлде қоры да кемиді, – дейді «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі ұйымдастыру алқасының мүшесі Сәкен Сейітхан.

Марафон-бәйгенің екі кезеңінің қорытындысымен Қырғыз Республикасының командасы топ бастап келеді. Облысымыздың намысын қорғап жатқан шабандоздар да жақсы өнер көрсетіп, екі кезеңде де мәре сызығын екінші болып кесті. Байрақты бәсекеде бақ сынап жатқан шабандоздардың енді 300 шақырымды еңсеруі керек екенін ескерсек, болаттай берік, темірдей төзімділердің сыналатын кезі әлі алда. 

Айта кетейік, Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2 мыңнан аса спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады деп жоспарланып отыр. Этноспорт додасының бас демеушісі – «Alageum Electric» компаниясы, бас серіктесі – «Halyk Bank». Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2014 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар