Ел Президенті: «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек.Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жекеменшік медицинаға зор пайдасын тигізді.Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді.Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», – деп, медициналық сақтандыру мәселесінің дұрыс шешілу жолдарын айтты.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы қаржылық ағындар туралы ақпараттың ашықтығын және сапаны бақылауды қамтамасыз етуді, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған бірнеше ондаған әртүрлі бағдарламалар мен мәліметтер базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құруды тапсырды.
Шын мәнінде, бұл шара мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін әртүрлі денсаулық сақтау ұйымдарынан, меншік нысанына қарамастан алынған барлық деректердің түпкілікті бақылауын және объективтілігін қамтамасыз етеді.
Біз өз кезегімізде МӘМС жүйесінде қордаланған проблемалық мәселелердің шешілуіне атсалыса отырып, тұрғындарға тиімді және сапалы медициналық көмекті ұсыну үшін барлық күш-жігерімізді салуға уәде етеміз.
Елімізде бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйенің енгізілуі бұл бағыттағы жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетеді деп ойлаймын.Сондай-ақ Мемлекет басшысының пациенттерге мемлекет кепілдік берген қызметтердің орнына ақылы негізде медициналық көмек көрсетуге жол берілмейтіндігі туралы айтқанын да қолдаймыз.
Президент Жолдауда ел арасында талқыланып жүрген АЭС салу жөніндегі референдумның қашан өтетенін де айтып, осындай маңызды шешімдердің жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс екенін атап өтті.
Жалпы экономиканы өркендету, өндірістер мен жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін бізге АЭС салу қажет.Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, заманауи технологияларды дұрыс пайдаланған жағдайда ғана біз жетістікке жетеміз.
Атом электр стансасы біздің балаларымыз және болашағымыз үшін керек деп есептеймін. АЭС арқылы таза энергия өндіріп, сыртқы шығындардан арыламыз және қосымша жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмысының жақсаруына жол ашылады.
Хамит МҰРЗАҚАСЫМОВ,
Тараз қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік-
диагностикалық орталығының бас дәрігері