Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Студенттік өмір – үлкен сапар бастауы

Студенттік өмір – үлкен сапар бастауы
Ашық Дереккөз
Жаңа оқу жылының басталуы – әрбір студент үшін болашаққа деген сенімін арттыратын, өзіндік пікір мен көзқарас қалыптастыратын маңызды кезең.

Әрбір жаңа оқу жылының басталуымен оқу орындарының есігі студенттерге айқара ашылып, жас ұрпақты жаңа білім мен мүмкіндіктер әлеміне шақырады. Бұл сәтте әрбір студенттің жүрегінде толқыныс пен қуаныш, жаңа белестерді бағындыруға деген құлшыныс пайда болады. Олардың көпшілігі алғаш рет ата-анасынан жырақта, өз бетінше өмір сүруді бастайды.

Жаңа оқу орнының табалдырығын аттаған әрбір студент өзімен бірге арман-мақсаттарын, үміттерін, күмәндарын да алып келеді. Олар жаңа білім алу, өзін-өзі дамыту, болашақ мамандықты игеру үшін бар күш-жігерін салуға дайын.

Еліміздегі маңдайалды оқу орындарының бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне 2024-2025 оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру мақсатында қабылдау комиссиясы өз жұмысын 20 маусымнан бастап, 25 тамызда аяқтады. Мемлекеттік білім беру грантына конкурсқа құжаттар қабылдау 2024 жылдың 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылды. Осы уақыт аралығында 4 500-ге жуық талапкердің құжаттары қабылданыпты.

Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі бойынша, Дулати университетіне 1 066 мемлекеттік грант, облыс әкімінің атынан – 20, Ақтөбе облысы әкімі атынан – 2, «Freedom bank»-тің атынан – 15, «Қазақстан халқына» қорынан 21 грант беріліпті. Сонымен, ақылы және мемлекеттік грант негізінде 3 378 адам оқуға қабылданды.

Тараз қаласында Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің ашылуына және сушаруашылығы мамандарын дайындаудың маңыздылығына байланысты су саласы бағытына мемлекеттік білім беру гранттары көптеп бөлініп, мемлекеттік грант негізінде 114, ақылы негізде 56 талапкер оқуға қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе артық екендігін және сушаруашылығы саласына талапкерлер мен ата-аналар тарапынан қызығушылық көбейгендігін көрсетеді.

Сонымен қатар ерекше назар аудартатын жаңалық, Тараз қаласында ашылған Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалына «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасы бойынша 30 грант бөлініпті. 

М.Х.Дулати университетінде үш студенттік жатақхана бар. Атап айтсақ, №1 студенттер жатақханасы Ниетқалиев көшесі, 2-үй мекенжайында, №2 студенттер жатақханасы Қ.Сәтбаев көшесі, 25-үйде, №3 студенттер жатақханасы Жамбыл даңғылы, 16 а мекенжайында орналасқан. Университет жатақхасында осыған дейін орын тапшылығы мәселесі туындамаған.

Биылғы оқу жылында жатақханаға орналасу үшін 667 студент өтініш білдіріпті. Оның ішінде 330 студент 1-курста және 337 студент 2-4-курста оқиды.

Университет жатақханасы компьютер, кітапхана, демалыс, асүй, спорттық, жуыну және кір жуатын бөлмелермен қамтамасыз етілген. Жатақханалары ішінара жөндеуден өтіп, жаңа жиһаздармен жасақталып, жаңа оқу жылында студенттерді қарсы алды.

Ал биылғы оқу жылында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына 2 170 студент қабылданған.

Оның ішінде 96 мемлекеттік білім беру гранты, 5 жергілікті атқарушы орган гранты, 16 «Freedom bank» гранты, 10 «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген грант, 10 «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның гранттары және 45 студент «ХТИИ-дің 100 гранты» әлеуметтік жобасы бойынша грант иегерлері атанды.

Тараз қаласындағы ең ерекше студенттер үйі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында десек, еш қателеспейміз. Бұл жерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы келіп, студенттермен кездескен болатын.

Жатақхана 6 қабаттан тұрады. Мұнда 384 студентке арналған жатын орындары бар. Барлық қабаттар соңғы үлгідегі тұрмыстық заттармен және қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілген.Жалпы ауданы – 7130,6 шаршы метр. Жатақхананың кіреберісі студенттердің қауіпсіздігі үшін турникетпен жабдықталған. Әрбір студент жатақхана ғимаратына face ID арқылы кіреді. Жатақханада азық-түлік дүкені де бар. Жастар сыртқа шығып әуре болмай-ақ, керек-жарағын ғимараттың ішіндегі дүкеннен де ала алады. Жатақхананың жатын орындары студенттер үшін барынша ыңғайлы етіп жасалған. Сондай-ақ 2 бөлмелі медициналық пункт пен киім үтіктеуге арналған бөлме де қарастырылған. Студенттер үйінде тұру жарнасы бір айға 10 мың теңге көлемінде. Әр қабаттың өзінің фойесі бар. Онда жұмсақ жиһаздар мен теледидарлар орналасқан.

Ал цокольді қабатта ақпараттық-кітапханалық орталық жұмыс істейді. «Open space» форматында жұмыс істейтін кітапханада түрлі зоналар бар. Мәселен, спорт зонасында шахмат, тоғызқұмалақ, үстел футболын ойнауға болса, релакс зона демалуға арналған, сондай-ақ лаундж зона мен IDEA, Reading бөлмелері де бар.Барлығы жаңа жиһаздар мен заманауи техникамен жабдықталып, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге лайықты жағдай жасалған.

Сонымен қатар институттың өзінің арнайы театры да бар. Онда студенттік театр ұйымдарының қойылымдары сахналанады. Театр жанында оркестрлік бөлме де қарастырылған. Бұл жерде түрлі аспаптардан үйірмелік сабақтар өткізіледі. Ал «Coworking» орталығында студенттер еркін форматта пікір алмасып, бизнес-тренингтер мен шеберлік сағаттарын, интеллектуалды ойындар өткізе алады. Сондай-ақ электронды оқу залы да тәулік бойы жұмыс істейді. Студенттер үшін тегін интернет те қарастырылған.

Оқу орнындағы ерекше орындардың бірі – шамамен 60 адамға арналған заманауи үлгідегі кинозал. Студенттер залда қызықты фильмдер көріп, бос уақыттарын көңілді өткізе алады. Онлайн семинарлар мен вебинарлар өткізуге арналған видеостудия да жұмыс істейді. 

Ал Жамбыл политехникалық жоғары колледжі биыл 2 468 студент қабылдады. Оның ішінде қабылдау комиссиясының шешімімен 812 орын грантқа бөлінген. Колледж директорының орынбасары Ботагөз Сарыбайқызының айтуынша, жыл сайын оқу орнының техникалық базасы жаңартылып отырады. 

– Мәселен, биыл біз 50 жаңа компьютер алдық. 10 интерактивті тақтамен толықтырылдық. Мәжіліс залымыз күрделі жөндеуден өтті. Онда үлкен LED экран қойылды. Білім ошағына қарасты 2 корпустан тұратын 150 және 100 орындық жатақхана толықтай жиһаздармен, керек-жарақтармен қамтылды, – дейді Ботагөз Сарыбайқызы. 

Жаңа оқу жылының басталуы – әрбір студент үшін үлкен өзгерістер мен жаңа өмірге қадам басу кезеңі. Бұл сәттер олардың болашақта қандай адам болатынын анықтайтын, өз жолын табуға көмектесетін маңызды кезең. Әрбір жаңа оқу жылы – білімнің жаңа шыңдарын бағындыруға, өмірдің жаңа қырларын тануға, өзіндік даму мен жетілуге мүмкіндік беретін үлкен сапардың бастауы. Студенттерге осы сапарда тек қана сәттілік, табыс және шыдамдылық тілейміз!

Айжан ӨЗБЕКОВА
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар