Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Атом электр стансасы салынуы керек, бірақ...

Атом электр стансасы салынуы керек, бірақ...
Ашық Дереккөз
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа арнаған Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын биылғы Жолдау 9 бағыттан тұрады.

Басты құжаттың төртінші бағытында атом энергетикасын дамытуға мән беріліп, 6 қазанда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтетіні айтылды. Бұл биліктің халықтың пікірімен санасатынын көрсетеді. Референдум нәтижесі бойынша халық АЭС салуды қолдайды деп есептеймін.Жалпы қарапайым халық АЭС емес, одан да басқа күйбең тірліктің соңында жүр. Таңертеңнен қара кешке дейін тіршілік қамын күйттеген қай тұрғынды АЭС тақырыбы қызықтырады? Ал АЭС салу Үкіметке керек. Сондықтан да Үкімет осы тақырыпты қозғап, ел талқысына шығарып отыр.Егер шынайылық, тазалық, адалдық салтанат құрып, сырттан алған миллиардтаған АҚШ доллары желге ұшпай, қаржы «көз қысты, бармақ басты» әрекетпен біреудің қалтасына түсіп кетпей, орнымен жұмсалатын болса, ел игілігін көретін бір атом электр стансасы бізге керек.Ел ішінде «АЭС салынғаннан кейін электр энергиясының бағасы қымбаттауы мүмкін» деген пікір бар. Себебі соншама қаржы жұмсалғаннан кейін шығыны өтелуі керек. Жағдай осылай өрбіп, электр қуатының құны қымбаттайтын болса, халық АЭС салуды қолдамайды.

АЭС-тің пайдасы болмаса, халыққа қызмет етпесе, ел игілігін көрмесе, әрине, көпшілік бұдан бас тартады. Мәселенің екіұшты болуының сыры да осы.Мен АЭС тақы­ры­бына қатысты халықтың пікірін үшке бөлер едім.Біріншісі – АЭС-тен ешқандай хабары, оған қатысты өзіндік пікірі жоқ азаматтар. Бұл азаматтардың ой-санасы, көз­қа­ра­сы тұрмыстық деңгейде қалып қойған. Сондықтан аталған азаматтар «Қазақстанда АЭС салынуы керек пе, жоқ па?» деген мәселеге бас ауыртпайды.Екіншісі – көзі ашық азаматтар. Бұл топқа АЭС-тің пайдалы екенін, нәтижесін әртүрлі ақпарат көздерінен, ғаламтордан оқып-білгендер жатады. Олар АЭС салуды қолдайды.Үшіншісі – АЭС-тің пайдасын жақсы білетіндер. Бірақ бұл азаматтар көзі ашық болғандықтан атам электр стансасының ешқандай жем­қор­лықсыз әді­летті жолмен са­лы­на­тынына кү­мән­мен қарайды. Ал жемқорлық араласқан кез келген істің кері кететіні белгілі. 

Осы үш көз­қарасты да бағам­дай отырып, референдум нәти­жесін болжайтын болсақ, АЭС салу мәселесі кемі 70 пайыз қолдау табады.Жолдаудың 5 және 6 бағыты кадрлық әлеуетті арттырып, ұлт саулығын нығайтуға күш сала отырып, қоғамның дамуына және күшеюіне серпін беруге арналды. Президент әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету өте маңызды міндет екенін баса айтты. Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттырудың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы: «Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн», – деді.

Бұл дегеніміз – болашаққа қарай бағдарлы, жоспарлы әрекеттер жасаудың сара жолы. Тараз қаласында сушаруашылығына керекті мамандар даярлайтын ұлттық университеттің ашылуы осыған дәлел десек те болады. Білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау жоғары оқу орнының алдына қойған басты мақсаты десек, артық айтпаған болармыз.Сондай-ақ алтыншы бағытта ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шаралар мен халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды қолға алу нақтыланып отыр. Көптен бері жұртшылық арасында міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы жайлы әртүрлі пікірлер айтылып жүргені белгілі.Президент: «Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», – деді.


Халықтың өз қаражатынан жиналған түсімнен бөлек, бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінген. Осының нәтижесін әлі халық көрмей отырғаны Президентті де қынжылтуда.Жолдау – мемлекеттің стратегиялық жоспары. Халық Жолдауды қордаланған мәселелердің шешуші жолы ретінде күтіп, көп нәрсеге үмітпен қарайды. Олай болса, бүгінгі Жолдауда қарастырылған әр саланың мәселесі мен оны шешу жолдарына бағытталған тапсырмалар Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан орындалып, халықтың әл-ауқаты мен жағдайы жақсарады деп ойлаймын.

Бақыт ӘЛМҰРАТОВ, 
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 
«Педагогикалық психология» 
кафедрасының
 аға оқытушысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар