Мемлекет басшысының тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, халық тарапынан қолдау тапты. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуға тиіс. Міне, Президенттің сол жолғы Жолдауында айтылған пікірді осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.ҚР Президентінің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласында «IKOMEK» Бірыңғай диспетчерлік қызметінің құрылуы осы сөзіміздің айғағы. Халықтан түсетін өтініштерді қабылдап, шешімін табуға бағытталған қызметтің тәжірибесі бойынша 2019 жылдың 3 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі құрылды. Жамбыл облысы әкімінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі №80 бұйрығына сәйкес «Jambyl 109» қызметін облыс бойынша кеңейту жол картасы әзірленіп, қызметтің регламентіне жаңа қызмет түрлерін енгізу жоспарланды.
«Jambyl 109» қызметінің негізгі мақсаты – «109» қысқа нөмірі арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының өтініштерін қабылдау, өңдеу, облыстық мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып өтініштердің орындалуын жүзеге асыру. Орталық заманауи жабдықтармен қамтылып, қаладағы мекемелермен ыңғайластырылып ақпараттандырылған. Тәулігіне 3 000 қоңырау қабылдауға қауқарлы. Қажет болған жағдайда 5 000 азаматқа дейін қызмет көрсете алады.Ситуациялық орталыққа тұрғындар анықтамалық ақпарат алудан бастап, тұрғын үй қатынастары, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, сауда, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, ветеринария және коммуналдық секілді басқа да мазалаған мәселелері бойынша хабарласа алады. «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі тұрғындардың өтінішін күндіз-түні қабылдап, мемлекеттік жұмыстың қызметін ашық әрі қолжетімді етуді көздейді.Қазіргі таңда «AIKEY» жүйесіне қосымша мәртебелер енгізіліп, тұрғындардың өтініші, талап-тілегі аясында жауапты мекемелердің атқарған жұмысын көрсетуге мүмкіндік жасалды. Облыс бойынша «AIKEY» жүйесінің басқару панеліне жауапты мекемелер туралы ақпараттар енгізіліп, тиісті мамандар тағайындалды.
Панель қызметіне қосымша мәртебелер енгізіліп, пысықталды. Өз кезегінде атқарылған тиімді жұмыстардың оң нәтижесінде «Jambyl 109» қызметі облыстың кез келген нүктесінен өтініштерді қабылдауға қол жеткізді.«Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметі сумен және электрмен жабдықтау, жол инфрақұрылымы, құдықтар мен люктер, өндірістік жұмыстардан кейін қалпына келтіру, ауланы абаттандыру, қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй жөндеу жұмыстары, аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық сала түрлері жіктеліп, жүйеге енгізілген.2024 жылдың бірінші қаңтары мен тамыз айының 21-і аралығында «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметіне барлығы 40 462 өтініш түсті. 39 412 өтініш өңделіп, толық жауап ұсынылды, 1 050 өтініш өңделуде.Жалпы өтініштердің басым көпшілігі Call-орталық арқылы түскен. Мекеме құрылған кезден бері 36 577 қоңырау қабылданған. Қалған өтініштер әлеуметтік желі арқылы қабылдануда. Ал өңірлерге тоқталсақ, Шу ауданында – 822 өтініш, Жамбыл ауданында – 792, Байзақ ауданында – 738, Т.Рысқұлов ауданында – 205, Жуалы ауданында – 152, Меркі ауданында – 112, Талас ауданында – 93, Қордай ауданында – 90, Сарысу ауданында – 89, Мойынқұм ауданында – 34, Тараз қаласы бойынша 37 406 өтініш қабылданған.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс тұрғындарынан ветеринариялық қызмет пен қоғамдық тасымалдаушы мекемелерге қатысты өтініштер көп түсті. Тараз қаласы бойынша жол инфрақұрылымы мен көшені жарықтандыру жұмыстары бойынша түскен өтініш аз емес. Алайда бұл өтініштердің орындалуы бюджеттік қаражат есебінен болғандықтан тиісті көше жоспарлы тізімге енгізілген болуы тиіс. Ал жоспарда жоқ көшелер тізімі келесі жылы қарастырылатын болады.Сондай-ақ «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметінің жұмысын ақпараттандыруға бағытталған 71 билборд өңір бойынша көрнекі жерлерге, қоғамдық орындарға орналастырылды. Тараз қаласында қызмет көрсететін 8 тасымалдаушы мекемеге 150 дана үнқағаз ілінді.Өтініштердің орындалу барысы бойынша сурет/бейнежазба тіркемелер міндеттеліп, тұрғындарға атқарылып жатқан жұмыс сапасын көрсету мақсатында «Дейін/кейін» айдары қолға алынды. Әлеуметтік желілер мен интернет платформалары («WhatsApp», «Instagram», «Facebook», «Тelegram» чат-боты, «AIKEY» мобильді қосымшасы) арқылы түскен өтініштер саны артты, алайда тұрғындардың 109 қысқа нөмірін теру арқылы өз өтініштері мен сауалдарын ұсынуы алдыңғы орында.
«Jambyl 109» қызметінің алдағы жылға арналған жұмыс жоспары бойынша, облыс әкімінің төрағалығымен кәмелетке толмағандар мәселелері туралы өткен кеңес отырысының №10 хаттамасының 4.2-тармағы бойынша «Jambyl 109» қызметі «Komek Stop Bullying» жобасы аясында оқушыларға арналған буллингке қарсы сенім телефонының жұмысын ұйымдастыру тапсырмасын жүзеге асыруды бастап кетті. Қазіргі уақытта жүйе бойынша психологиялық көмек орталығы мен білім басқармасы интеграцияланып, түскен өтініштер бойынша бірдей жұмыс жасау мүмкіншілігі енгізілді. Аудандық және қалалық орта білім беру ұйымдарына «Jambyl-109» қызметі туралы ақпараттар орнатылды.
Бақкелді ДАЛАБАЕВ,
«Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік
қызметінің басшысы