Жалпы биыл облыстағы білім беру нысандарының қауіпсіздігі үшін 1,4 миллиард теңге бөлініпті. Қазіргі таңда барлық білім ұялары 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Сонымен қатар аналогтік бейнекамераларды цифрлық бейнекамераға ауыстыру жұмыстары қатар жүргізілуде.Сондай-ақ 594 білім беру ұйымының 68,4 пайызы интеграцияланған, 80,5 пайызы дабыл түймесімен жабдықталған. Бұдан бөлек 75,5 пайызы мамандандырылған күзет және турникетпен қамтамасыз етілген.Аймақ басшысы облыс әкімдігінің білім басқармасына осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, кезең-кезеңімен аяқтауды ескертті.
Айта кетейік, салада атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс биылғы оқу жылында өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға төмендеген. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 93 мобильді топ құрылыпты. Жаңа оқу жылында кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алу мақсатында пилоттық жобалар сынақтан өткізіледі.Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты мәселелер, шағымдар мен ұсыныстар болған жағдайда байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Jambyl-109» сенім телефоны барлық мектептерге орнатылған.Білім басқармасына қарасты психологиялық қолдау орталығында оқушылар мен олардың ата-аналарына, ұстаздарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсетіледі.
– Балаға сапалы білім, мықты тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Бұл тұрғыда ата-ана мен педагог қауымға артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр.Ұрпақ тәрбиесі тек ұстаздың ғана емес, баршамыздың парызымыз. Тәрбие сапалы болуы үшін балаға мектептің, ата-ана мен қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет.Жақсы ұстаз, білікті мектеп басшысы ең бірінші баланы намысты, рухы жоғары, елі мен жерінің патриоты етіп тәрбиелеуге күш салуы керек.Отбасынан басталатын тәрбие жақсы ұстаздан, тәрбие ошағы – мектептен жалғасын табуы тиіс. Бала тәрбиесі баршаға ортақ болғандықтан жас ұрпақты саналы азамат етіп тәрбиелеу – ең негізгі міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Білім беруді цифрландыру – сапалы білім берудің тетігі екені ақиқат. Осы орайда өңіріміздегі мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған.Интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 63 пайыздан 97,4 пайызға артқан.
– Республикада қолға алынып отырған интернет жылдамдығын көтеру бойынша «Starlink» жобасына облыстың 53 мектебі еніп отыр.Дегенмен 12 мектепте кемінде 20 мегобит/сек жылдамдықтағы интернетке қосу мәселесі күн тәртібінде тұр.Бұл мәселені білім және цифрлық технологиялар басқармасына бірлесіп шешуді тапсырамын.Сонымен қатар білім басқармасы мектептердегі барлық компьютерлік техникаларды жаңарту, бес жыл бұрын алынған компьютерлердің істен шыққандарын және ескіргендерін есептен шығаруы қажет.Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан орталығында орналасқан мектептерге бірегей ID карта аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу жұмыстары жүргізілсін.Балаларды жалпыға міндетті білім берумен қамту – жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Айжан Өзбекова