Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сауда саласына серпін керек

Сауда саласына серпін керек
Ашық дереккөз
Қазір алыс-жақын шетелдегі дамыған мемлекеттер сауда-саттық, яғни алыс-берісте экономикалық держава ретінде қазақ елінің экономикасына айтарлықтай ықпал етіп отырғаны белгілі.Экономикалық ынтымақтастықта Қазақстан бәсекеге қабілетті болмаса, өзгенің майшелпегіне айналатыны анық.Сондықтан біздің мемлекеттің өнімі әлемдік нарықта бәсекеге сай, отандық нарықта сұранысқа айрықша ие болуы шарт.

ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Мемлекет үшін шекара маңында орналасқан өңірлердегі сауданы дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты импорттық демпингтен қорғау өзекті мәселе. Әсіресе еліміздің батысындағы өңірлерде сауданы дамыту, өнім өндірушілерге қолдау көрсетіп, сауда желілерінің жұмысын жандандыру күн тәртібінде тұрғаны шындық. Жақында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті жергілікті департаменттермен бірлесе отырып Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы сауда желілеріндегі отандық өнімнің үлесіне сараптама жүргізген екен. Ақтөбе облысының сауда сөрелерінде қазақстандық сүт 83 пайызды, шұжық өнімдері 78 пайызды, күнбағыс майы 43 пайызды, сарымай 67 пайызды, тауық еті 60 пайызды құрапты. Батыс Қазақстан облысында отандық сүттің үлесі 48 пайыз, шұжық өнімдері – 71, күнбағыс майы – 51, сарымай – 71, тауық еті 90 пайыз екені белгілі болған.Бұл ретте Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков: «Сауда заңнамасына сай 2 облыста да сауда сөрелеріндегі отандық азық-түлік өнімінің көлемі 30 пайыздан асады. Алайда басқа өңірлермен салыстырсақ, Ақтөбе және БҚО шекара маңында орналасқандықтан ондағы қазақстандық өнімдер импорттық тауарлармен бәсекеге түсуге мәжбүр. Ішкі сауда ережесінде сауда желілерінің сөрелерінде отандық азық-түлік өнімінің көлемі 30 пайыздан кем болмауы керек деген норма жүзеге асып келеді. Одан бөлек отандық өнім тұтынушы көзіне түсетін жерде тұруы керек. Сондай-ақ біздің министрлік мемлекеттік қолдау алатын бизнес өкілдері үшін қарсы міндеттемелер енгізеді. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер сауда сөрелеріндегі отандық азық-түлік өнімін 50 пайыздан кем қылмауы, ал азық-түлік емес өнімнің үлесі 20 пайыздан аз болмауы қажет», – дейді.

2024 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда импорт 7,6 пайызға қысқарыпты. Шекара маңындағы Солтүстік Қазақстан облысында ішкі сауданы импортқа тәуелділіктен қорғау мақсатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аталған өңірдегі бизнес өкілдерімен арнайы кездесіп, ішкі сауда мәселелерін талқылағаны есте. Қазіргі уақытта Ақмола облысында отандық сүт өнімдері мен бидай ұнының сауда сөрелеріндегі үлесі 70 пайыздан асқан көрінеді. Тауық еті 100 пайыз қазақстандық өнім болса, өсімдік майы 50 пайызды, шұжық өнімдері 60 пайызды құраған. Отандық сүт өнімі Қостанайда 91 пайыздан, Павлодарда 63 пайыздан жоғары көрсеткішке жеткен. Аталған 2 өңірдегі сауда сөрелеріндегі қазақстандық тауық етінің үлесі – 80 пайыз. Павлодарда саудаланып жатқан шұжық өнімдерінің 73 пайызы отандық өнімнің үлесі болып есептеледі.Ақтөбе облысындағы «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Гүлжайна Ноғаеваның айтуынша, кәсіпорын ұн-макарон өнімдерін өндірумен айналысады екен. Серіктестік Ақтөбе облысында әлеуметтік нан дайындайды. Тәулігіне 25 000 нан шығаратын болса, 5 мыңы әлеуметтік нан ретінде жергілікті жердегі сауда желілерінде таратылады. Бірақ оны сауда орындары сатуда енжарлық танытып отырса керек.

– Біз дайындайтын әлеуметтік нанның бағасы 86 теңге болса, сауда желілері 1 теңге қосып, 87 теңгеден саудалайды. Бірақ сауда желілері әлеуметтік маңызы бар өнімдерді, әлеуметтік нанды сауда орындарындағы аса көзге түспейтін орындарға қояды, – дейді Г.Ноғаева. 

Бұл ретте сауда желілерінің арзан тауарды сатуға құлықсыз екенін аңғаруға болады. Халықтың осал тобының кез келген жерде арзан нан сатып алуға мүмкіндігі болуы керек. Қазіргі таңда министрліктің тапсырмасы бойынша кез келген өңірдегі сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұтынушылардың көзіне түсетін жерге орналастыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Сондай-ақ Ақтөбе облысында ресейлік жұмыртқаның саудалануына анализ жүргізу, Батыс Қазақстан облысында сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті тарапынан аймақтағы сауда желілеріне отандық тауар өндірушілермен шарт жасасудан негізсіз бас тарту мен дискриминациялық жағдай тудырмау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастапты.Жалпы батыс не шығыс, оңтүстік не солтүстік өңір болсын, ең әуелі, халықтың отандық өнім сатып алуға құлшынысы болуы тиіс.Тұтынушы тарапынан отандық өнімге қолдау болмай, іс алға баспайды. Негізі тұтынушы қай өнімді таңдаймын десе, оған шектеу жоқ. Сондықтан өнім өндірушілер өз тауарларын ішкі нарықта сұранысқа ие болатындай, әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатындай сапалы әрі қолжетімді бағада өндіруі керек. Сол кезде кез келген өңірдің өнім өндіру, сауда айналымы жақсарады.

Мәселен, облысымызда 7 ай ішінде сауда саласында өсім 100,3 пайызды құраған. Бірақ инфляция деңгейі жыл басынан бері 104,1 пайыз болса, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 0,6 пайызға төмен. Осы ретте айта кету керек, облыста азық-түлік тауарларының бағасы 2,8 пайызға, азық-түлік емес тауарларының бағасы 3,3 пайызға, ақылы қызметтер 8,8 пайызға артқан. 2024 жылдың қорытындысымен сауда саласында өсім 110 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілуі керек. Бұл – Үкімет тарапынан берілген тапсырма.Тағы бір айта кетер жайт, өңірдің өңдеу өнеркәсібінде 319,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өндіріс 8 пайызға төмендеген. Өнім өндірудің азаюына тамақ өнеркәсібінің де тигізіп отырған кері әсері бар. Облыста тамақ өнімі 9,6 пайызға азайса, өңдеу өнеркәсібіне қосып отырған үлес бұл салада 16,7 пайыз ғана. Облыстың өңдеу өнеркәсібі саласына қатысты қол жеткізілуі тиіс 10 көрсеткіштің ішінде төртеуінің орындалмау қаупі болса, оның ішінде тамақ пен сусындар өндірісі де бар.Ауылшаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 142,6 миллиард теңгені, нақты көлем индексі 104 пайызды құрапты. Тамыз айының үшінші онкүндігіне дейін 313,3 мың гектардан 526,3 мың тонна дәнді дақыл жиналса, өнімділік гектарына 16,4 центнерді құрапты.

Бұдан бөлек 18,5 мың тонна картоп, 93,6 мың тонна көкөніс, 57,6 мың тонна бақша дақылдары жиналған. Нәтижесінде өсімдікшаруашылығының өсімі 42,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңі бойынша көрсеткіш 8,8 пайызға ұлғайған. Малшаруашылығында 61,5 мың тонна (102,2 пайыз) ет (тірі салмақта), 128,9 мың тонна (101,1 пайыз) сүт, 75 миллион жұмыртқа (105,5 пайыз) өндірілген. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, биыл егіс алқаптарынан өнім шамамен 6 пайызға артығымен жиналып, 170 мың тонна өнім өндіріліп, құс фабрикалары арқылы 100 тонна ет өндіру есебінен жылдық 104,8 пайыз меже орындалады.Бастысы өңірде экономикаға қатысы бар салаларда өнім өндіру ісі ақсамауы және өнімді, әсіресе азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидекке қатысты өнімді сақтайтын қоймалар жеткілікті болуы қажет. Сонда ғана сауда саласында көрсеткіш кері кетпейді, әулиеаталықтар ауылшаруашылығы өнімінен маусымаралық кезеңде тарықпайды.

ЗАҢСЫЗДЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

2024 жылдың шілде айында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен облыстардағы департаменттері 67,2 миллион теңгені тұтынушыларға кері қайтарыпты. Мысалы, Қарағанды облысында ұшақ рейстері 29 сағатқа кешігіп, жолаушылар тарапынан шағым түскені есте. Нәтижесінде жолаушыларға өтемақы төленген. Жалпы сомасы 533 мың теңге иелеріне қайтарылған.Тұтынушылар тарапынан түскен тағы бір шағым массаж жамылғыларына қатысты болған. Сатушылар жамылғыларды қайта қабылдаудан бас тартқан. Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің түсіндіру жұмыстары мен заңгерлік консультацияларынан кейін 5 тұтынушыға 5 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылыпты.Сонымен қатар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті автосалондарда сатып алынған ақауы бар автокөліктерге қатысты тұтынушылардың мәселелерін шешу бойынша да жұмыстар жүргізуде. Алматы қаласында автосалоннан көлік сатып алған тұтынушы одан техникалық ақаулар тапқан. Департамент жүргізген жоспардан тыс тексеруден кейін тұтынушыға 8 миллион теңге қайтарылған.Ақтөбе облысында да тұтынушының автосалоннан сатып алған су жаңа көлігі оталмай қалыпты. Бұл орайда департамент тексеріс жүргізіп, нәтижесінде тұтынушылар өздерінің 11 миллион 790 мың теңгесіне қол жеткізген.

Түркістан облысында да осындай жағдай орын алыпты. Тұтынушының сатып алған көлігінен ақаулар табылып, бірнеше рет жөндеу жүргізілсе де мәселе шешілмеген. Департаменттің құқықтық көмегінің арқасында оның 10 миллион 190 мың теңгесі қайтарылған.Павлодар облысының тұрғыны сатып алған көлігінің істен шығуына байланысты автосалонға өтініш білдірген. Бірақ автосалон оны жөндеуден және ақшаны қайтарудан бас тартқан. Департамент тұтынушыға 12 миллион теңгені қайтарып алуға көмектескен. Тағы бір келеңсіз жағдай Батыс Қазақстан облысында орын алған. Ол жерде де автокөліктегі техникалық ақауға байланысты шағым түсіп, тұтынушыға сот шешімімен автосалон моральдік шығынды қосқанда 19 миллион 503,6 мың теңгені қайтаруға міндеттеліпті.Біз тілге тиек еткен мәліметтер тұтынушыларға компаниялардың сапасыз тауарларды сатып отыруына байланысты болса, тағы бір сорақы жайт, көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігіне қатысты. Мысалы, Алматыда көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктерді беру тәртібінің бұзылуына байланысты бір сынақ зертханасының қызметі тоқтатылған. Мұндай шешімді Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдаған.

Тарқата айтсақ, Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы 156 куәлік қажетті сынақтарсыз үлестірілгені анықталған. Алматыда орналасқан сынақ орталықтары Ақтауда уақытша сақталатын автомобильдерге құжаттарды рәсімдеген. Бұл Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің тиісті талаптарын өрескел бұзу болып саналады екен. Аталған талаптарға сәйкес аккредиттелген сынақ зертханалары нөмірі бойынша сәйкестендіруге, конструкцияның техникалық сараптамасын қоса алғанда, көлік құралдарына тексеріс жүргізуге, сондай-ақ қажетті сынақтар мен өлшемдерді орындауға міндетті. Осы процедуралардың негізінде хаттама жасалады және ол тиісті тарапқа көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігін беруге негіз болады.

Анықталған бұзушылықтарға байланысты зертхананың үстінен «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын және «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын сақтамағаны үшін әкімшілік іс қозғалыпты. Тексеру қорытындысы бойынша заңнаманы бұзу туралы хаттама жасалған. Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен зертханаға 719 940 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ зертхананы аккредиттеу аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылған. Соттың шешіміне қайта шағым түскенімен Алматы қалалық соты қаулыны күшінде қалдырыпты.Аталған комитеттің Алматы қаласы бойынша департаменті осындай 5 сынақ зертханасына жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында зертханалар берген Көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктерінде (КҚКҚК) Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарының бұзылғаны анықталған. Тексерулер көрсеткендей, аталған сынақ зертханалары КҚКҚК берер алдында көлік құралдарына сынақтар жүргізбеген. Бұл Қазақстан Республикасының «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» және «Техникалық реттеу туралы» Заңдарын өрескел бұзудың дәлелі.

Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты департамент ұйғарымдар беріп, заңсыз берілген КҚКҚК-ді жойған. Сынақ зертханаларына жалпы сомасы 11 690 718 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, аккредитация куәліктері алты ай мерзімге тоқтатылған.Осындай тексеру барысында Жетісу өңірінің зертханасы қажетті сынақтар мен өлшемдерді жүргізбей, нақты техникалық сараптамасыз, Кеден одағының (ТР КО 018/2011) Техникалық регламентінің 68-тармағын бұзу негізінде төрт көлік құралының конструкциясы қауіпсіздігі сертификатын (ҚҚҚК) бергені анықталған. Сондай-ақ көліктерді тексеру барысында олардың сертификатталған апаттық шақыру құрылғыларымен жабдықталмағаны және бөлшектер сүзгісі, каталитикалық нейтрализатор және мочевина ерітіндісі сияқты уыттылықты төмендететін құрылғылар мен жүйелердің жоқ екені белгілі болған. Бұл көліктердің техникалық регламент талаптарына сай келмейтінін көрсетеді.

Заңбұзушылық фактілері бойынша зертханаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылыпты. Сот ҚР ӘҚБтК-нің 415-1-бабының 2-бөлігі бойынша зертхананы аккредиттеу туралы куәлігінен айыру бойынша қаулы шығарып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды орындау шеңберінде зертханада бұзушылықпен шығарылған сәйкестікті растайтын құжаттардың күшін жою рәсімі жүргізіліпті. Сәйкестікті растайтын құжаттар Қытай Халық Республикасында шығарған доңғалақты көлік құралдарына берілген екен.Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті осы облыстағы екі ұйымның қызметін тоқтатқан. Олар – «АвтоСертАқтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы филиалының сынақ зертханасы.Жоспардан тыс тексерулер барысында бұл ұйымдар көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәліктерді бұзылған автомобильдерге рәсімдегені анықталған. Бұл «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының 018/2011 техникалық регламентінің талаптарын бұзуға жатады екен. Регламентке сәйкес сынақтар мен тексерулерге олардың мақсатына сәйкес пайдалануға жарамды жиынтық көлік құралдары ғана жатады.

Анықталған бұзушылықтар негізінде «АвтоСертАқтау» серіктестігіне 719 940 теңге көлемінде, ал «ҰлтССО» АҚ Маңғыстау филиалының сынақ зертханасына 2 215 200 теңге көлемінде айыппұл салынған.Осы зертханаларды аккредиттеу аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылыпты.Біздің бұл олқылықтарды сөз етуіміздің сыры тереңде. Өйткені сынақ зертханалары аталған талаптарға сай емес көліктерді куәландырса, демек, ол көліктің иелері тұтынушыларға техникалық талаптарға сай емес көлік құралымен қызмет көрсетіп, қауіпсіздікті ескермей табыс тапты деген сөз. Ал бұл сауда саласының тәртібіне жат қылық.

ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ БАСТЫ ОРЫНДА

Осы орайда біз облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасынбековтен мұндай заңбұзушылықтар өңірімізде орын алған-алмағанын сұрадық. Оның айтуынша, облыста заңбұзушылық сауда, оның ішінде электронды сауда, түрлі тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша орын алуда.

– 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 614 өтініш түскен. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 531 өтініш қабылданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 172 өтінішке көп. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштердің өсімі 48 пайызды құрайды. Сауда қызметі саласында 83 жазбаша өтініш түсті. Департаментке түскен жазбаша өтініштердің жалпы саны – 344.Тұтынушылардың шағымдарының негізі бөлшек сауда саласына қатысты болып отыр. Анығы сол, 244 шағым немесе шағымның жалпы санының 46 пайызын құрайды. Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе кері қайтарудан бас тарту басым. Одан кейін күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту жиі кездесуде.Электрондық сауда саласындағы шағымдар саны 2023 жылдың 7 айында 60-ты құраса, 2024 жылдың 7 айында 89 шағымға жетіп, көрсеткіштің 48 пайызға өскені байқалды. Шағымдардың бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету және ТКШ бойынша өтініштер санынан озып, екінші орынға шықты. Департаментте қаралған 556 өтініштің ішінен 372 өтініш қанағаттандырылды, ол 67 пайызды құрайды. Тұтынушыларға 14,7 миллион теңге қайтарылса, 183 тұтынушы өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түсініктеме алды. Сонымен қатар 53 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберіліп, 6 өтініш қазір қаралып жатыр. 

2024 жылдың 7 айында тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 77 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 58 бұзушылық анықталса, 45 ұйғарым енгізіліп, құқық бұзушыларға ескерту түрінде 52 әкімшілік жаза және жалпы сомасы 5 44 570 теңгеге айыппұл түрінде 6 жаза қолданылды. Сонымен қатар 7 субъектіге 1 576 484 теңге сомаға тексеру жүргізбей айыппұл салынып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 4 тексеріс тараптардың келісімімен аяқталды, – дейді Сексен Тұрсынтайұлы. 

Департамент өңірлік БАҚ, радио, телеарна және түрлі әлеуметтік желілердегі мекеменің парақшаларында материалдар орналастыру арқылы халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. 2024 жылдың 7 айында әлеуметтік желілерде 1 193 материал, өңірлік БАҚ-та 53 мақала жарияланса, департамент қызметкерлері облыстық телеарналарда 4, облыстық радиода 4 түсірілімге қатысқан. Департамент Тараз қаласының қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп 6 «Ашық есік» күнін, 14 қоғамдық қабылдау ұйымдастырған. Осы уақытқа дейін қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 7 брифинг өткізген. Мұндағы басты мақсат – сауда саласында өнім өндіруші не оны саудалаушыларға халыққа сапасыз және нарықтағыдан қымбат бағадағы тауарды сатуына жол бермеу. Сондай-ақ тұтынушылардың өз құқығын білуде сауатты болуына ықпал етуге де көңіл бөлінуде. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар