Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұрымбайдың жолы тақтайдай тегіс болады

Жұрымбайдың жолы тақтайдай тегіс болады
Ашық дереккөз
«Б.Момышұлы – Көлтоған – Қошқарата – Қызтоған» бағытындағы облыстық мәндегі жолдың қазіргі таңда Жұрымбай ауылы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне дейінгі аралығына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Жобаны іске асыруға  619 миллион  теңге қаражат бөлінген. Мердігер – тараздық «Corporation ABH» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.Бұл автожол – бірқатар елді мекендердің арасын байланыстыратын маңызды көлік артериясы. Сондықтан да жолдың сапалы жөнделгені тұрғындар үшін де, шаруалар үшін де қолайлы болмақ.Бригадир Нұргелді Қойлыбаевтың айтуынша, мердігер ұйым жобаны іске асыруға тамыз айының ортасында кіріскен. Қазір жұмыс қызу қарқынмен жүріп жатыр. 

– Бізде жол жөндеу технологиясы қатаң сақталады. Жұмыстың сапасы көңілден шығуы үшін соңғы үлгідегі техника құралдарын қолданамыз. Анау жүрген машина «Риксейлер» деп аталады, – дейді бригадир  алыстан жолдың ортасында баяу жүріспен бері қарай қозғалып келе жатқан техниканы көрсетіп. – Машинаның қармау ені екі метр, орта тұсында төмен түсетін ротор секілді үлкен жылдамдықпен айналып тұратын иір тістері бар.Жұмыс барысын көру үшін учаске бригадиріне ілесіп, техниканың жанына жақындадық. Иір тістер төмендегі ескі асфальт жамылғысын қопсытып келе жатыр екен. Асфальттың қажетті қалыңдығы қапталдағы өлшеуішпен бақыланады.

«Риксейлермен» бірге шанағына цистерна артылған «КамАЗ» автокөлігі ілесіп келеді. «Риксейлердің» роторына су үздіксіз беріліп тұрады екен. Технология бойынша, бұл қатып қалған асфальт жамылғысын жібіту үшін қажет, әрі қопсытуды жеңілдетеді. 

– «Риксейлерден» соң грейдер жүріп өтіп, ұсатылған асфальтты жолдың табанынан қапталға алып тастайды. Жаңа асфальт салынар алдында ол жолдың табанына қайта төселіп, тегістеліп, тапталады. Одан кейін жаңа асфальт жамылғысымен тұтастыру үшін бетіне битум жағылады, – дейді бригадир Нұргелді Қойлыбаев.

Нысан басында мамандандырылған 12 техника мен түрлі мамандықтағы 12 жұмысшы жүр. Жол төсемі жаңа асфальт салуға дайын болғанда қосымша техникалар мен адам күші тартылмақ.Учаске бригадирінің бұл салада еңбек еткеніне 16 жылдан астам уақыт болыпты. Ол негізгі жұмыстарды компания жұмысшылары істейтінін, ал қосалқы жұмыстарға жергілікті тұрғындар алынғанын айтты. Өндірісте жазатайым жағдайды болдырмау үшін күнделікті таңертең он минуттық техника қауіпсіздігі жөнінде нұсқамалық өткізіледі. 

– Жоба бойынша жөндеу жұмыстары келесі жылға дейін өтпелі, бірақ біз күн суығанша жұмысты тоқтатпауды көздеп отырмыз. Бұл үшін компанияда барлық мүмкіндік бар. Материалдық-техникалық базамыз да, мамандар  да жеткілікті, – дейді бригадир. 

Бір айта кетерлігі, өңірдің жол жөндеу қызметі нарығында өзіндік орны бар серіктестік басқа жол жөндеушілердей емес, төселетін асфальтты арнайы зертхана сараптамасынан өткізіп барып алады екен. Сонымен қатар өнімнің сапасына, құрамына да қатты мән береді. Соның арқасында компанияның салған жолдары әркез сапалы шығып, ондаған жыл бойына түрлі климаттық өзгерістерге төтеп беруде.

Лаура МҰСАБЕКОВА, 
 журналист, 
Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар