Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дүбірлі доданың көрігі қызатын күн жақын

Дүбірлі доданың көрігі  қызатын күн жақын
Ашық дереккөз
8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына санаулы күн қалды.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен  2800 қатысушы мен ресми делегация мүшелері келеді. Сайыстың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады. Негізгі жарыстар «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Думан» қонақүй-спорт кешенінде өтеді. Ал жамбы ату мен теңге ілуге арнайы алаң жасақталған. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында өтеді. Отыз мың көрермен еркін сыятын стадионға жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі кезде абаттандыру жұмыстары аяқталып, жабдықтары толықтай жаңартылыпты.

Халықаралық дода аясында 150-ден аса мәдени іс-шара жоспарланған. Мәселен, этноауылда Көшпенділер мәдениеті музейі, қолөнершілер және мүсіндер көрмесі, ал Ұлттық музейде «Көшпенді халық: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады.Алдын ала болжам бойынша, көшпенділер ойындары кезінде елордаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін. Осыған орай 20-дан астам қонақүйдің, сондай-ақ туристер жиі баратын орындардың дайындығы пысықталып, қала көшелерін абаттандыру, безендіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, Ұлттық құрама спортшылары көшпенділер ойындарына алаңсыз дайындалуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Осы уақытқа дейін халықаралық және республикалық деңгейде 42 оқу-жаттығу жиыны өткен. Сондай-ақ спортшылар 7 халықаралық және 25 республикалық турнирге қатысқан.6 тамыз күні Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты мен барлық жарыстарына билеттер сатылымы басталды. Мәселен, «Астана Арена» стадионында өтетін ресми ашылу салтанатын тамашалағысы келгендер билетті 15 000-50 000 теңге аралығында сатып ала алады.

Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны 3 600 теңгені құрайды.Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мектеп оқушылары (6 жастан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін 50 пайыз жеңілдік жасалған. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін офлайн кассалардан сатып алуға болады.Барлық жарыстарға билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.

AR-AI АҚПАРАТ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар