Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Паралимпиадашылар сақадай сай

Паралимпиадашылар сақадай сай
Ашық дереккөз
28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Парижде Паралимпиада ойындары өтеді. Жуырда Премьер-Министр Олжас Бектенов 2024 жылғы XVII жазғы Паралимпиада ойындары қарсаңында Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесіп, Мемлекеттік туды табыстады.

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында ел туын отырып ойнайтын волейболдан Азия Паралимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов пен пара оқ атудан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева ұстайды.Олжас Бектенов кездесуде ұлттық паралимпиада құрамасына табыс тіледі.

– Паралимпиада – бұл жай ғана спорт емес, бұл адам бойындағы қайсар рух пен шексіз ерік-жігердің шынайы көрінісі. Сіздердің жеңіске деген құштарлық, бейбіт күннің батырларына тән қаһармандық қасиеттеріңіз қандай құрметке де лайық. Миллиондаған адам жанқиярлық еңбек пен өр мінезден шабыттанып, өмірдегі қиындықтарды еңсеруді үйренеді. Бүгін өздеріңізге табыс етіп отырған көк туымыз – айбынды рухымыз бен мызғымас бірлігіміздің, жарқын жеңістің нышаны. Мемлекет басшысы әлемнің ең басты спорт сайыстарында ел намысын қорғау мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік екенін айтты. Сіздер халықаралық аренада Қазақстанды лайықты дәрежеде танытып, елімізге жоғары нәтиже, жаңа жүлдемен оралатындарыңызға сенімдіміз, – деді Олжас Бектенов.


Жалпы Қазақстанның пара спортшылары Паралимпиадаға биыл сегізінші мәрте қатысады. 1996 жылдан бері қазақстандық саңлақтар жазғы Паралимпиадада 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алған.Ал биылғы Париж Паралимпиадасына 33 лицензия жеңіп алды. Спорттың 9 түрінен (пара жүзу, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, пара каноэ, пара таэквондо, волейболды отырып ойнау, пара нысана көздеу, пара үстел теннисі, пара дзюдо) 44 спортшы бақ сынайды.Төртжылдықтың басты додасына жамбылдық 4 спортшы қатысады. Жүзуден Зульфия Габидуллина және Нұрдаулет Жұмағали, таэквондодан Өмірәлі Нышан және жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілхасымқызы ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз. 

AR-AI АҚПАРАТ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар