«Өзің Үшарал ауылында өстің. Елін, жерін бес саусағыңдай білесің. Совхоз директоры Әбекеңді (Әбдір Сағынтаев) жақсы танисың. Қол астында қызмет істедің. Биыл «Талас» совхозының құрылғанына 50 жыл толғалы тұр. Соған газеттің бір нөмірін арнаймыз. Қысқасы, фототілші Үлгібай Райымов екеуің іссапарға шығып, осы тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап келіңдер», – деді.
Тапсырманы алған соң көп ұзамай Үлгібай екеуміз Үшаралға аттанып кеттік. Таңғы 10:00 шамасында Әбекеңнің кабинетінде отырдық.Әбекең толықша келген, аққұба өңді кісі. Мені баласынған жоқ. Бар пейілімен, шын ниетімен қарсы алды. Келген шаруамызды айтқан соң ірі денесімен қозғалақтап, хатшы қызды шақыртып:
– Қарағым, аудандық газеттен тілшілер келді. Кабинетке ешкімді кіргізбеңіз, – деп тапсырма беріп, әңгімесін «Талас» совхозының 1930 жылы КСРО Халықшаруашылығы Кеңесінің бұйрығымен Одақтағы нөмірі он бесінші кеңес шаруашылығы болып құрылғанынан бастады. «Жер-жерде ұжымдастыру жүріп жатқан кез. Артельдер, қосшы одақтары, колхоздар іріленуі керек екен. Мен 8 жасар баламын. Әкем Сағынтай шаруашылықтың алғашқы малшыларының бірі болып қабылданды. Совхоздың директорлығына Курков деген кісі тағайындалыпты. Совхоз болған соң Мәскеудің тікелей қамқорлығына алынып, шаруашылығымыз 5-10 жылдың ішінде бойын тіктеді. Мал басы, халық саны өсті.
Үкіметтің қамқорлығының арқасында ауыл ашаршылыққа ұрынған жоқ. Курковтан кейін шаруашылықты Мәскеуден келгендер басқарып жүрді. Тек 1944 жылы совхозды осы ауылдың түлегі, Ұлы Отан соғысының қаһармандарының бірі, гвардия подполковнигі Сымық Бертаев басқарды. Ағамыз жұмысты тәртіптен бастады. Бірақ өкінішке қарай, 1945 жылдың сәуір айында ағамыз қызметтен босап, орнына Женес Берешев есімді азамат басшылыққа келді. Мен бұл уақытта әскерден ауыр жараланып келіп, ферма меңгерушісі қызметін атқарып жүргенмін. Женес аға орта бойлы, кең маңдайлы, қой көзді, қалың қасты, қараторы өңді кісі екен. Жүзі жылы. Ә дегеннен-ақ өзінің жайдары мінезімен бізді баурап алды. Іскер екендігін бірден мойындатты».Әбдір ағаның осы әңгімесі көпке дейін есімнен шықпай жүрді. Әкем Әбсадық та шаруашылықта мал бағатын. Баламыз ғой, бірақ әкем Берешевті Оралдың қазағы деп айтып отыратын. Әлі күнге дейін үшаралдықтардың Берешевті мақтап отыратынын естіп, таңғаламын. Жақсы адам болған соң ғана жұрттың есінде қалған шығар деп ойлаймын.
Таяуда ғана Тараз қаласында Есет Әнуәрбекұлы деген азаматпен таныстым. Ол да Оралдың қазағы. Мені арнайы іздеп келіп, Берешевтер жайлы әңгіме айтты.Есет маған Үшарал ауылына сапарлағанымызда Женес аға туралы естігендерін жік-жігімен айтып берді. Оның айтуына қарағанда, Женес Кіші жүз Байұлының Беріш тайпасынан. Осы күнгі Батыс Қазақстан облысының Қазталовка ауданынан. 1887 жылы дүниеге келген. Жастайынан әке-шешесінен айырылып, Орал қаласының маңындағы Филатов деген помещикке жалданған. Әкесінің аты – Бердіғали. Енді фамилиясының Берешевке айналу тарихына тоқталайық. Ол жайлы Женестің немересі, ұлы Хамиттың қызы, бұл күндері Алматы қаласында тұратын Марина апай бізге былай түсіндірді. XIX ғасырда Ресейде халық санағы жүргізіледі. Санақшылар Бердіғалидің үйіне келіп, ататегін сұрастырады. Бердіғали Женестің әкесі. Үйде жөн білетін ешкім жоқ, жеңгелерінің қайынағалары мен аталарының есімдерін атай алмайтын дәстүрі бар. Көпшіліктің арасында жүгіріп жүрген 8-10 жасар баланы (Бердіғали) көрген санақшы: «Бұл кімнің баласы, аты кім?» десе, жеңгелері: «Бұл Беріш қой?» депті. Сол себепті санақшыларға Бердіғалиді Берешев деп жаздырып жібереді. Міне, сол «қателік» бір әулеттің атауын тайпаның атауына алмастырады. Берешевтер әулеті осылай пайда болыпты.
Есеттің айтуына қарағанда, Женес өте алғыр, тілалғыш, білімді болып өскен. Помещикке жалданып жүріп орысша үйренеді. Тіпті Мәскеуге дейін барып, рабфакта (жұмысшылар мектебі) оқыды деген де дерек бар. 1930 жылдары Кеңес үкіметі алыс аудандарға еті тірі, сауаты бар, белсенділерді ұжымдарды басқаруға жібереді. Солардың алғашқы легімен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан өңіріне Женес те келген. Женестің кіші баласы Шардараның айтуына қарағанда, әкесі Орал өңірінде Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысып, көзге түскен.Көп ұзамай Женес Оңтүстік Қазақстан облысына Қосшы одақтарын құрысуға көмектесу үшін жіберіледі. 1931 жылы Талас ауданының орталығы Ойық ауылында машина-трактор стансасы ұйымдастырылады. Алғашқы бастығы Дюевтен кейін стансаны 1 жылдай басқарып және саяси бөлімінің бастығы қызметінде аз уақыт жұмыс істеп, Женес «Аспара» совхозының директорлығына ауысады. Мұнда да өзінің іскерлігімен көзге түскен Женесті Мәскеуге шақыртады. Ол жылдары совхоздар Мәскеуге бағынады. Әрі Совхоздар тресіне есеп береді. Одақтағы ішкі сауда-саттықты басқаратын Халық комиссары Анастас Микоян екен. Ол Женесті бірден ұнатып: «Бізге алтынға бағаланатын тауарлар шығару керек. Қазір халықаралық нарықта қаракөл елтірісі жоғары бағаланып тұр. Біз сізді «Көксу» қаракөл қой совхозына директорлыққа ұсынып отырмыз. Сол жаққа барып, мал тұқымын асылдандырып, елтірінің сапалы түрлерін шығаруға атсалысуыңыз керек», – дейді. Женес Микоянның үмітін ақтады.
Тұңғыш ұлы Хамит 1913 жылы туған. 1935-1940 жылдары Алматы қаласындағы малдәрігерлік институтын бітірді. Уақыт өте келе, күз мезгілінде Хамит әскерге шақырылады. Бұл кезде Кеңес үкіметі Финляндиямен соғысып жатқан. Әскерден Хамитті сол соғысқа жібереді. Одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысады. 1944 жылы қатты жараланып, екі балдақпен соғысуға жарамайтын болған соң елге қайтады. 1945 жылы соғыс біткеннен кейін «Казглавкаракультрест» әкімшілігі Арыс қаласының жанындағы жаңадан ашылып жатқан «Задарья» қаракөл совхозына бас мал дәрігері қызметіне жібереді. 2-3 жылдан кейін совхоз директоры болып тағайындалады. 10 жылдай совхозды басқарды. 3-4 жылдан кейін совхоздың атағы Оңтүстік Қазақстанға, республикаға шыға бастады. Қаракөл елтірілерінің сапасы өте жоғары болғандықтан Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі жыл сайын түрлі орден, медальдармен марапатталады.Есеттің әңгімесіне қарағанда, «Көксуды көгерткен» Женесті Мәскеудегілер «Талас» қаракөл қой совхозына жібереді. Қаракөл қойын өсіруде едәуір тәжірибе жинақтаған Женес мал тұқымын асылдандыруды жүйелі жүргізу үшін Қызылорда облысынан осы саланың білгірі Шарафи Губашовты совхоздың бас мал дәрігері, Геннадий Финаевты бас зоотехнигі қызметіне шақырып, бірге жұмыс істейді. Екі жылдың ішінде бұл шаруашылықтың да тасы өрге домалап, жоғарыдағы басшылық оны енді Шымкент облысындағы «Сүткент» совхозына директор етіп тағайындайды. 1948 жылы «Талас» совхозында 11 адамға «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. Ал Женес «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
– «Социалистік Еңбек Ері» атағына менің әкем лайық еді, – дейді баласы Шардара, – бірақ оған «Сүткент» совхозына ауысуы әсер еткен сияқты.«Талас» қаракөл қой совхозынан «Сүткент» совхозына ауысуын қалаған сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ізмұхан Еділбаев. Ол да батыстың қазағы әрі Губашевпен жерлес, ағайындас. Сірә, осы жақындық ауыс-түйіске әсер еткен сияқты. 1950 жылдары жасы зейнет жасына жеткен Женес қайтадан Жамбыл облысына келіп, совхоздар базасында директор болып қызмет атқарады. Бірақ таластықтар Женесті өздеріне шақыртып алып, совхоз кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Осы қызметті алты жыл атқарған ол 1955 жылы қатты науқастанып, инфаркт алып, төсек тартып жатып қалады. Сол кезде «Задарья» асылтұқымды мал совхозының директоры қызметін атқарып жүрген ұлы Хамит әкесін Арыс қаласына алдырып, емдетіп, аяғынан тұрғызады. Алайда бір жылдан соң қайтадан инфаркт алып, Женес қайтыс болған соң өзінің қалауы бойынша Үшаралға жерленеді.Шілде айының ішінде Есет екеуміз Үшарал ауылында болып, оның мүрдесі жатқан жерде ауылдың имамы Қыдырбек Әбдімәліковке Құран бағыштаттық. Қорым басында ауылдың ақсақалы Асанхан Мотаев:
– Құдайдың құдіреті, осы кісінің маңайындағы Молдабай жәкемнің қабірханасының маңайына қалың сексеуіл шығып, ну орманға айналды. Осының өзі бұл кісілердің қасиеттілігін танытса керек, – деді.
1960 жылы Хамит директорлықтан босап, Жамбыл қаласына ауысады. Көп уақыт өтпей ол Талас ауданындағы «Бостандық» қой совхозының бас мал дәрігері қызметіне тағайындалады. Онда екі жыл жұмыс істеп, содан кейін аудандық малдәрігерлік бөліміне ауыстырылады.
– Әкем соғыстан екі балдақпен оралғанымен еліне адал қызмет етті, – дейді қызы Марина. – Оның үстіне жасы да ұлғайып, ауруы меңдей түскен соң 1964 жылы Алматы қаласына көштік. Ол кісіге соғыстың ардагері және мүгедек ретінде Алматыдан 3 бөлмелі пәтер берілді. Бауырымыз Нариман көшіріп апарды. Барған соң көп ұзамай, яғни 1964 жылы 51 жасқа қараған шағында әкемізден айырылып қалдық.
Әңгімеден әңгіме шығып, Хамит жайлы ең алғаш естіген кезімді еске түсірдім. 1980 жылы Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Рахымжан Ерсейітов аудандағы шаруашылықтардың 3 агрономы және мені сол кездегі Шымкент облысына қарасты Бөген ауданындағы «Задарья» асылтұқымды мал зауытына іссапарға жіберді.Қуаңшылықтың басталған тұсы. Одақтық басылымнан аталған зауыттың жайылымдықты жаңғырту үшін қуаңшылыққа қарсы изен, теріскен егіп, өсіргенін оқып, аудандық газетке мақала бергенмін.Ондай жаңалықтарды басшылар қадағалап отыратын. Соның арқасында «Задарьяға» бардық. Зауыт директоры, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Боранбек Шүкірбеков деген зор денелі кісі екен. Бізді жақсы қабылдап, жайылымдықты аралап көрсетті. Кабинетінде отырған кезімізде зауыттың құрылу тарихын әңгімеледі. «Хамит аға – «Задарьяның» өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан азамат. Сол кісінің бастауымен қаракөл елтірісінің бес-алты түрі шығарылды. Аға мен ол үйдегі жеңгеміз қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, ветеринарлардың бірі. Кейіннен сіздердің аудандарыңызда қызмет жасап, 1964 жылы Алматыда қайтыс болды деп естідім», – деді әңгіме барысында Б.Шүкірбеков.
Хамиттың бауырынан Нариман, Марина, Бақытжан, Серікжан өрбіді. Олардың анасының есімі – Мағрипа. Тектінің ұрпақтары әулетіне сай өмір сүруде. Бүгінгі күні Марина мен Серікжан Алматы қаласында тұрады. Қалғандары бақилық болған. Нариман жауапты қызметтерді атқарып, Ішкі істер министрінің орынбасары дәрежесіне дейін өсті. Аталған министрлікте Саяси басқарманың бастығы да болып, абырой биігінен түспеді. Полковник шенін иеленген. Бұл әулеттен ғалымдар да шықты. Серікжан Хамитұлы Еңбек ғылыми-зерттеу институтының директоры болған, экономика ғылымдарының докторы.Есет екеуміз Үшарал ауылынан қайтып келеміз. Ойымызда аты аңызға айналған Берешевтер әулеті. «Жақсының аты өшпейді» дейді халқымыз. «Талас» пен «Задарья» совхоздарын қаншама басшы басқарды. Солардың ішінде Женес пен Хамит Берешевтердің есімдерін жұртшылықтың мақтанышпен атайтыны тегін емес-ау.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
ҚР Ақпарат
саласының үздігі