
Абай Құнанбайұлы бүкіл ұлттық сананың шамшырағы десек артық айтқандық емес. Ол – ұлт болмысын жаңа белеске көтерген, білім мен ізгілікті дәріптеген алып тұлға әрі кемеңгер.
Іс-шара барысында жүргізуші Абайдың шығармашылығына, оның адамгершілік пен ақыл-парасатқа негізделген идеяларына тоқталып, көрерменге терең мағыналы ойлар ұсынды. Кеште ақынның көпшілікке танымал болмаған 28 әні, 2 күйі және 1 желдірмесі бар екені айтылды. Сондай-ақ, «Өзгеге көңілім тоярсың», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Тәңірі қосқан жар едің сен» сияқты сирек орындалатын әндері туралы деректер айтылып, олардың мәдени құндылығы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы туралы да тың мәліметтер берілді.
Құнанбайдың Меккеде қазақтарға арнап қонақ үй салдырғаны, Ресей билігі тарапынан қауіпті деп танылғаны, 20-дан астам ұрпағына сапалы тәрбие мен білім бергені оның даналығы мен батылдығын айшықтайды.
Поэзиялық кеште «Ақберен» мен «Қаратау» үйірмесінің оқушылары Айша Сұлтанхан мен Нұрай Есмамбетова Абай өлеңдерін, Даниал Сұлтанхан «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін мәнерлеп оқыды. Мансұр Әлішов «Сегіз аяқ» әнін нақышына келтіріп шырқады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің жауынгерлері Рауан Амангелді мен Ерік Ысқақ Абайдың «Ескендір» поэмасынан үзінділер мен арнау оқып, көрермен ықыласына бөленді.
Кеш соңында жүргізуші Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өтіп, оның шығармалары адамзаттық биік құндылықтарды дәріптейтін мәңгілік рухани қазына екенін жеткізді.
Дидар Апбасов,
облыстық айтыскер ақындар,
жыршы-термешілер орталығының
ғылыми қызметкері