«Еңбекқорлық, батылдық, жылдамдық – бұл құтқарушының бойынан табылуы тиіс негізгі қасиеттер», – дейді Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Иманқұлов. Қанат Кәрібайұлы басқаратын құтқарушылар тобының әр күні таңғы сағат 8:00-де сап түзеп, кезекшілік қабылдаудан басталады. Бөлім қызметкерлері барлық ауылдық округтерге хабарласып, қай жерде қандай жағдай орын алғанын анықтаған соң құтқарушылар елді мекендер бойынша бөлініп, жұмыстарына кіріседі.
– Еңбек жолымды облыстық төтенше жағдайлар басқармасында инженер болып бастадым. Одан кейін әр жылдары Қордай, Жамбыл, Жуалы аудандарында инженер, қарауыл бастығы, бас маман қызметтерін атқардым. 2019 жылдың қаңтар айында Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы болып тағайындалдым. Осы жылдар ішінде жұмыс барысында түрлі оқиғаларға куә болдым. Біз әр күніміздің қалай өтетінін білмейміз. Ауысымға келе сала қызу жұмыс басталады. Әр маусымның өз қиындығы бар. Ерте көктемнен су тасқынының алдын алу шараларын жүргізсек, енді міне, өрт қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарды бастап кеттік. Күзде жылыту маусымы, қыста бұрқасын боран салдарынан орын алатын төтенше жағдайлармен күресеміз. Яғни біздің жұмыс уақыт талғамайды, сондықтан сала қызметкерлері 24 сағат бойы кез келген жағдайға сақадай сай тұруға дағдыланған, – дейді бөлім бастығы.
Әңгіме барысында Қанат Иманқұловтан ерекше есінде қалған оқиғаларды сұрап көрдік.
– 2017 жылы Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында әскери жаттығу кезінде қар көшкіні жүрген болатын. Сонда 17 әскери қызметкер қар астында қалып қойды. Құтқару жұмыстарының нәтижесінде 10 адамды құтқардық, өкінішке қарай, 7 адам қаза тапқан еді. Ол уақытта мен Жуалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы болдым. Бұл оқиға еңбек жолымдағы ең қиын құтқару операциясының бірі болды. Ал 2018 жылы сәуір айында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 182 шақырымында ірі жол апаты болды. Біздің бөлімге апаттың орын алғандығы туралы хабар түсіп, шұғыл оқиға орнына аттандық. «Mercedes Sprinter» маркалы шағын автобус аударылған екен. Оның салонында бір жүргізуші мен 18 жолаушы болған. Жолаушыларды құтқарып, Қордай аудандық ауруханасына және Гвардейский кентіндегі медициналық-санитарлық бөлімге жібердік. Алайда адам шығыны да болды, 3 азамат қаза тапты. Автобуста болғандардың екеуі Қазақстан, қалғандары Өзбекстан азаматтары еді.
Өздеріңізге белгілі, биылғы қыста қатты боран мен аяз салдарынан жол бойында мыңдаған жолаушы қар құрсауында қалып, Қордай, Шу аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қар құрсауында қалған азаматтарды құтқару операциясы біз үшін күрделі болды. Облыс аумағында тартылған күштер мен құралдардың бірлескен жұмысымен барлығы 3 000-ға жуық адамды құтқардық, арнайы ашылған жылыту пункттеріне жеткіздік, оның ішінде 185 бала, 39 шетел азаматы бар. Сол кезде біздің қызметкерлер өз өмірлерін қатерге тіге отырып, 48 сағат бойы құтқару жұмыстарын жүргізді. Әріптестермен жұмыла әрекет етіп, барлық қиындықтарды еңсердік. Адамдарды төнген қауіптен арашалау, құтқарғаннан кейін олардың алғысын алудың өзі ерекше сезім, – дейді азаматтық қорғаныс лейтенанты.
Кейіпкеріміздің оқиғаларын тыңдай отырып, бүгінгі күннің батырларының ерлікке толы еңбегі әркімнің қолынан келе бермейтініне көзіміз жетті.Қанат Иманқұловтың айтуынша, бүгінгі таңда аудан бойынша ең көп орын алатын төтенше жағдай – өрт оқиғалары. Жыл басынан бері Қордай ауданында 17 өрт оқиғасы тіркелген.Тұрғындар өміріне араша түсу үшін аяқтарынан тік тұрып, жанқиярлықпен халыққа қызмет ететін азаматтық қорғау органы қызметкерлері қашанда мақтауға лайық. Отқа да, суға да түсіп, дамылсыз жұмыс істейтін бейбіт күннің батырларының еңбегі еленіп, ел алғысын арқалай берсін демекпіз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,
журналист,
Қордай ауданы
Қонаев пен Бекежанов
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024