Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қонаев пен Бекежанов

Қонаев пен Бекежанов
Ашық дереккөз
Ол өзі көзге көп көрінбегенмен, өзгелер оны жақсы таныған тұлғалардың бірі болды. Ел ішінде оның есімін білмейтіндер кемде-кем еді. Бәлкім, бұл Дүйсетай Бекежановтың республиканы ұзақ жыл басқарып, елі мен жерін көркейтуге өлшеусіз үлес қосқан басшы, кемел ойдың иесі, ақыл-парасаты мен ғылым-білімі толық ұштасқан жан, кең көлемді мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевқа ең жақын жүрген адам болғандығынан да солай шығар. Ал басқалар онымен қарым-қатынас орнатып, жақсы болуға тырысатын. Өйткені Дүйсетай арқылы Димекеңе апарар жолдың есігі ашылатын-ды.

Ал менің бұл адамды жақыннан танып, жақсырақ білуіме келетін болсақ, тағдыр бізді ойламаған жерден оның туған ауылындағы аяулы анасының үйінде жолықтырды. Алпысыншы жылдардың орта шені. Матай мектебін (Қазақ теміржолы бойындағы №258 орта оқу орны) бітіріп, аудан орталығы ‒ Жансүгіров кентіне келдім. Осындағы Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінің редакциясына жұмысқа тұрдым. Жазып-сызып жүрген соң, журналист болуға бекінген соң алғашқы қадамымды осында бастағанды жөн көрдім. Оның үстіне ол кезде университеттің журналистика факультетіне оқуға түсу үшін екі жыл жұмыс өтілі болуы керек деген талап қойылған-ды.Жұмысқа кіріспес бұрын тұратын жерімді тауып алайын деп, оны іздеуді поселкеге Талдықорғаннан келе жатқан жолмен кіретін жақтағы бірінші көшеден бастадым. Алғашқы бір-екі үйден өтіп, сол жақтағы қызыл шатырлы, ауласы кең, үлкенірек жайға келіп тоқтадым. Ол үйдің есігінің алдын сыпырып, кішкене немересін жетектеп, күнделікті күйбең тірлігін жасап жүрген ақ жаулықты кейуана маған қарап:

‒ Шырағым, қайдан келесің, кімді іздеп жүрсің? ‒ деп сұрады.Мен пәтер іздеуші екенімді, осы төңіректі шолып өтпекші болғанымда аяғым бері тарта бергенін айттым. Ол менің бас-аяғыма дейін шолып қарап, барлап алған соң: ‒ Е, онда дұрыс келдің. Бізге де серік боларлық бір көмекші керек болып жүр еді, ‒ деді ағынан жарылып.Менің міндетіме осы ауланы сыпырып, таза ұстау, жақын жердегі құбырдан ауызсу әкеліп тұру, дүкенге нанға бару, тағы басқалары жатады екен.Қуанып кеттім. «Үлкен кісіге қолғабысым тисе, оның несі айып?» деген оймен рақметімді жаудырып, жүгіріп барып қол жүгімді әкеліп, үйге кіріп алдым. Сөйтсем, бұл үйдің иесі Дүйсетай ағаның анасы Рысты апай болып шықты. Ол мұнда кіші қызынан туған немересі ‒ Маратты бағып, үй-жайға қарап отырған сыңайлы. Ал Мәрия әпке курортқа кеткен. Үлкен қызы ‒ Салиха Қызылту кеңшарында тұрады екен. Ол кісінің күйеуі Сейдуали Мұқажанов аталған шаруашылықтың бір бөлімшесін басқарады. «Ал Дүйсетай Алматыда, Қонаевтың қасында, жұмыста», – деді апай.


Бастапқыда бұған мән бергем жоқ. Ауылдағы апалардың бәрі де балаларының Алматыда жұмыс істейтінін мәртебе көретін кез. Сол себепті дабырайтып айтқан болар дедім де қойдым. Ол кісінің сөзінің шынайылығына Мәрия әпке курорттан келген соң барып көз жетті. Ағаның отбасы, қызметі жайында толығырақ біле бастадық.Сөйтіп, өмір жолымның қай жақтан ашыларын, қалай басталарын ойлап, алаң көңілмен жүргенімде тағдыр мені бұрын көрмеген, білмеген, бірақ жүзі жылы, жүрегі ізгі, жақсы бір жандардың құшағына салды.Рысты апам мені өз баласындай көріп, бауырына басты, ал Дүйсетай ағаға іні болдым. Ол ауылда тұратын анасын іздеп келіп тұратын. Мұнда оны аудан басшылары күтіп алып, шығарып салып жүргенін талай көрдім. Сондай бір келісінде Рысты апам оған мені айтып, табыстады. 

– Мына балам биыл институтқа оқуға барады, бірақ Алматыда ешкімі жоқ, оған көмек қолын созып, бас-көз бол, – деді. 

Ал ол болса, анасының сөзін қабыл алатынын білдіре басын изеп, күлімсіреді.Әуелі бір Алланың арқасында, сонан соң осындай тілекшілерім болғандықтан ба, сол жылы мен шынында да оқуға түсіп кеттім. Өзім де талаптанып, емтихандарға жақсы дайындалған едім. Нәтижесінде ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті атандым.Алғашқы жылы бірінші курс студенттеріне жатақханадан жайлы орын тие бермейтін. Жатақхананың жертөлесінде он бес бала бірге тұрып жаттық. Жататын жеріміз бар дегені болмаса, сабаққа дайындалуға жағдай жоқ. Ондайда бәріміз жатақхананың оқу залынан табылатынбыз. Ол жерде оқыған-тоқығанымызды университетке барған соң ондағы үлкен кітапхананың бұрыш-бұрышында отырып қайталап, пысықтаймыз. Қалыпты тірлік, студент өмірі. Көнесің... Сөйтіп жүргенде бір күні Дүйсетай ағаның өзі мені іздеп жатақханаға келіпті. Бұл былай болған еді. Бірінші курсты бітірер жылы аздап ауырып қалып, ауруханада жаттым. Мұнда маған келген Алдоңғар, Мәди атты курстастарым (Алдоңғар Бермаханов ‒ журналист, баспагер болды, енді өмірден озған оған иман байлығын тілеймін, ал Мәди Айымбетов ‒ жазушы, қазір ол белгілі қазақ қаламгерлерінің қатарынан) әлгі хабарды жеткізді.

‒ Кім екендерін айтпады ма? ‒ деймін. ‒ Жоқ, ә, ‒ дейді олар. ‒ Байқағанымыз, ұзын бойлы, ақ сары келген бейтаныс екі адам. Сені сұрады, ал өздері жайында айтпады.Ішімнен ой түйіп, кім екендерін білгендеймін. Ауруханадан шыққан соң Дүйсетай ағаның телефон нөмірін тауып, қоңырау шалдым. ‒ Ей, батыр, бармысың, ауырып қалдың ба, қалайсың енді? ‒ дейді ол.

Мен ауруханадан шыққанымды, қазір жағдайым жақсы екенін айттым.

‒ Онда тыңда, ‒ деді трубканың арғы жағындағы қоңыр дауыс. ‒ Осында апаң келген, сені іздеп жатыр, бар, жолық, ‒ деп мекенжайды көрсетіп, қоңырау шалатын нөмірді берді.Көрсетілген мекенжайды тез-ақ тауып алдым. Рысты апаймен құшақтасып, табысып, шұрқырасып қалдық. Аз-кем әңгімеден соң біраз сырға қанықтым. Апаның айтуы бойынша, Д.А.Қонаевқа көмекші болып қызметке тұрған ағаға Сәтбаев пен Масанчи көшелерінің қиылысқан жерінен уақытша тұратын екі бөлмелі үй беріліп, Рысты апай осылайша Алматыға келіп қалған. Мұнда келген соң ол «әлгі оқудағы баламды тауып бер» деген.Ағаның Октябрь деген жолдасын ертіп, университет жатақханасына мені іздеп барып жүргені содан.Октябрь Жарылғапов ‒ қазақтың тұңғыш кәсіпқой волейболшысы, бұл ойыннан Одақтың және Еуропаның жеңімпазы болған әйгілі «Буревестник» командасын құрушылардың бірі, сол кездегі республикалық спорт комитеті төрағасының орынбасары. Екеуінің мені іздеп жатақханаға келуі қарапайымдылықтың бір үлгісі еді. Әйтпесе ректорға бірауыз сөз айтып, құлаққағыс етсе, ол мені қайдан болса да іздеп тауып, хабар бергізер еді ғой.Рысты апаймен сыр бөлісіп, әңгімелесуіміздің соңында ол маған: «Сен енді осында кел, қасымызда бол. Оқуыңа осы жақтан барып тұрарсың», – деді. Мен жатақханаға барып, курстастарыма мән-жайды айтып, апаның қасына келдім. Мұнда оның өзімен бірге келген немересі Марат та бар еді.

Бұл кез ‒ ағамыздың әлі қырыққа жетпеген, отызды орталап қалған шағы. Жақсы серік іздеп, күтумен жүрген күндер өтіп жатты. Өз жақсыларын, жақын туыстарын ұсынушылар көп. Бірақ таңдау белгілі заңгер, Республика Жоғарғы сотының мүшесі Әлихан Шәріповтің отбасына түскен. Болашақ жеңгеміз Роза апай сол кісінің үлкен қызы екен. Текті жерден шыққан, әрі өзі де ақылды, тәрбиелі болғандықтан ол ағамыздың бұйырған құсы ретінде Бекежановтардың отбасына келін болып түседі.1969 жылдың қысы. Алматыдағы Төлебаев пен Виноградов көшелерінің қиылысқан жерінде екі қабатты, архитектуралық белгілерімен ерекшеленетін әдемі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үй Брежневтің рұқсатымен Қонаевқа арнайы салынған деген де сөз бар. Оған себеп, кезінде республикаға келген Л.И.Брежневті ресми басқосулардан кейін Д.А.Қонаев өзінің жеке қонағы ретінде қаланың орталық бөлігінде орналасқан үйіне алып барған ғой. Ол оның бірнеше шағын бөлмеден құралған пәтерін көріп, аң-таң болады. Сонан соң: «Мұның қалай, өзің тым қарапайым екенсің ғой.

Одақ құрамына кіретін үлкен бір елді басқара отырып, осындай үй-жайда тұрып жатқаның дұрыс па? Жоқ, бұлай болмайды, тез арада өзіне ыңғайлы бір жерден жақсырақ үй салып ал», – деп кеңес береді.Осылай салынып қалған, енді қаланың бір бұрышына шынайы көрік беріп тұрған бұл үйге табиғатынан таза, қарапайым тұрып, өмір сүріп келе жатқан Димекең ақсақал жалғыз кірмей, қасына лайықты көршілер таңдаған. Сөйтіп, мұнда А.Асқаров, С.Жиенбаев, Орта Азия әскери округі басшылығынан бір-екі генералдың отбасы да келіп, орнығады. Сондай-ақ өзінің көмекшісі Дүйсетай Бекежановқа да осы үйден пәтер берілді.Бекежановтар отбасының келіні ретінде Роза жеңгеміз бұл үйдің табалдырығын аттарда қазақтың ырымын жасап, аяғының астына ақ мата төсеп кірді. Бұл әр кез жолымыз ашық, көңіліміз таза болса игі деген ниеттен туған ой еді.Сол ниеттеріне орай жарасымды жұп, сыйласқан отбасы қалыптасып, олардың қатары Рысты апам мен оның немересі Маратқа қоса, аға-жеңгеміздің өз перзенттерімен толығып, өсіп-өніп жатты. Жанна, Әйгерім, Алтынай деген қыздары, Асқар атты ұлы дүниеге келді. Олар бақытты шаңырақтың уығын тіктеп, балаларына бар жылуын төгіп, аялай білді.

*     *     *

Дүйсетай ағаның бар өмірі, қызметі қазақ елін ұзақ жыл басқарған осы бір бекзат болмысты адамның үнемі көз алдында болды, ал ол өзі жақсы көрген ағасының әрдайым қасынан табылып, оған бірінші көмекші ретінде жақыннан ұсыныс айтушы және кеңес беруші де бола білді.Бекежанов Қонаевпен ұзақ жыл бірге жұмыс істеп, мінезін әбден танығандықтан оның ойындағысын оқып, көңіліне тоқып, не істеу керектігін біліп отырған. Бұл ‒ үлкен сенім еді. Тегінде, Қонаев көмекшісін таңдағанда өзіне барлық жағынан (бой жағынан да, мінез-құлқы, тәрбиесі, білімі жағынан болса да) үйлесетін, адал әрі сырға берік жанды іздеген болуы керек. Осы ретте таңдау Бекежановқа түсіп, ол оның үмітін ақтады десе де болады.

‒ Димекең ағамыздың Дүйсетайға әбден сеніп алғаны соншалық, оны жұмыс уақытында да, басқа кезде де іздей беретін, ‒ деп еске алады Роза жеңгей.Оның айтуынша, бірде мынадай оқиға болған. Дүйсетай аға демалыс күндерін пайдаланып аңға шығып кетсе керек. Қонаев дәл осы сәтте әлдебір құжаттарға байланысты оны іздепті. Қайтып келсе, ол кісі ашулы екен. Оған демалыс күндері өтіп жатқанын еске салғысы келген ғой. «Мейлі, маған бәрібір» дегендей ол Дүйсетайға қарап: «Басқасын былай қойғанда, сен менің балам емессің бе? Неге айтпай кетесің», – деп барып ашуын басыпты.Осының өзінен де олардың аралары жақын болып, бір-бірін жақсы түсінгендігін, ел басқарған адам мен оның көмекшісінің ғана емес, әке мен баланың арасындағыдай қарым-қатынас орнығып, сыйласқанын көреміз.Иә, оған Қонаев билік басына қайта оралып келген кезден (1964-1965 жылдар) сексен алтының соңына дейін онымен бірге болу бақыты бұйырыпты.22 жыл! Аз уақыт емес. Бұл аралықта талай өзгерістер болып, Бекежанов та қызмет бабы бойынша тасы өрге домалағандардың қатарында болар ма еді? Өзіне ондай ұсыныс болғанда Димекеңдей ағасын қиып, ешқайда бармапты. 

Ал кейін Димаш Ахметұлының өзі де оны алысқа жібермей, қасында ұстап, биліктегі кезеңінің соңына дейін онымен бірге болады. Бірін-бірі қимай, бір-бірін сыйлай жүріп... Ал айтулы тұлғаның абырой-беделінің арқасында екінші тұлғаның да қоғамдағы орны айқындалып, ықпалы арта түсті. Дүйсетай Бекежанов XІV съезден бастап Орталық Комитеттің мүшесі болып сайланып, одан кейін «Республика Жоғарғы Советінің депутаты» деген мандатты да қолына алды.Сөйтіп, ол Қонаевтың қасында жүріп-ақ үлкен биліктегілердікінен кем емес абыройды иемденіп, ел таныған тұлғаға айналады. «Жақсыда жаттық жоқ» дейді ғой қазақ. Ол ‒ табиғатынан біртоға, көп сөйлемейтін-ді, бірақ жүрегі таза, құшағы ашық, бауырмал, қарапайым жан болды. Сондықтан да жақсы-жайсаңды жанына жинады, олармен жақын жүріп сыйласты, сырласты. Бұл қатарға жоғарыда айтқан Октябрь Жарылғаповты, Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған Шәміл Ильясовты (белгілі қоғам қайраткері Ильяс Қабыловтың баласы), облисполкомда жұмыс істеген Төлеш Сәтбаевты (әйгілі ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың жақын інілерінің бірі) қосуға болады.

Біз де бұл ағаларымыздың өзін көріп, сөзін тыңдап, ақыл-кеңестеріне құлағымызды тосып өстік. Бүгінде бұлардың бәрі де арамызда жоқ, пәниге озған. Оларды еске ала отырып, пейіште нұры шалқысын деп тілейміз.Бекежанов туралы айтқанда тағы бір оқиға еріксіз еске оралады. 1982 жыл, қаңтар айы. Саяси Бюроның мүшесі, ҚК Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың жетпіс жасқа толуына байланысты және оның партия мен мемлекет алдындағы абыройлы еңбегіне орай оған үшінші мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, Мәскеуде, Кремльдің салтанатты сарайларының бірінде сол награданы тапсыру рәсімі болды. Бұл жайындағы ресми хабар «Правда» газетінде (1982 жыл, 26 ақпан) жарияланып, Брежнев бастаған партия мен үкімет басшыларының Қонаевты ортаға алып түскен суреті қоса берілді. Олардың соңын ала Бекежановтың да тұрғанын көріп қалдық.Бұл ел күтпеген тосын жаңалық болды. Ал оған хаттама бойынша рұқсат етілмесе, ондай сурет басылмас та еді. Мұның өзі, біріншіден, халқының мақтанышына лайық перзенті Қонаевтың биік болмысы мен тұлғалығын көрсетсе, екіншіден, бұл оның көмекшісін өзіне жақын ұстап, сенім артқан адамы ретінде көрсеткісі келгенінен хабардар ететіндей.

*     *     *

Қонаев және Бекежанов. Бұл екі тұлғаны жақындастырып, байланыстырған тек қызмет бабының жайы ғана емес, олардың бір-біріне деген жақсы көңілі, өзара сенімі, ағалы-інілі қарым-қатынасы және соңғысының оған деген риясыз адалдығы да осыған себепші болса керек.Сексен алтының ызғарлы лебі жетіп, Қонаевтай тұлғаның басына да бұлт үйірілгенде Қазақстанда оған адалдығын танытып, сатпаған екі адам болса, оның біріншісі ‒ өзінің бар болмыс-бітімімен, мінезімен, өршіл рухтағы жырларымен асау толқынның бейнесін көз алдыңа әкелетін ақиық ақын Олжас Сүлейменов болса, екіншісі ‒ осы Дүйсетай Бекежанов еді. Алдыңғысы Желтоқсан көтерілісін талқылап, баға берген ОК-нің Пленумында шындықты бұрмалағандарға жалғыз өзі қарсы тұрып, мінез көрсеткені белгілі.Ертеңінде газеттерде жарияланған Пленум материалдарында Олжас ақынның сөзі болмады.

Ал Дүйсетай Бекежанов өз ар-ожданына бағына отырып, дауылға қарсы тұрды. Оған жала жауып, тергеу жүргізу Қонаевты күстәналау үшін ғана керек болды. Тергеу барысында оған жала жабудың қандай да бір жолын табу ойластырылды. Бекежанов Қонаевтың сеніміне ие бола отырып үлкен астамшылдыққа барды, ол облыс басшыларын өзі билеп отырғандай сезініп, оларға «сен» деп айта алатын дәрежеге жетті дейтін де мін тағылды. Өйткені Колбиннің алдына барған обкомның бірінші хатшыларының кейбірі осындай ақпарат берген деседі. Бірақ бұл да – «жаптым жала, жақтым күйенің» мысалы еді. Әйтпесе партияның орталық аппаратында жұмыс істейтін, партиялық этикетті жақсы білетін адамның қандай бір күшке ие болса да ондай қадамға бармасы анық. Басқа ілік табылмаған соң оған қызмет бабын пайдаланып, асыра сілтеушілік жасады деген жалған айыптаулар тағылып, сотталып кете барды.

 Сібірдегі Иркутскінің түрмесінде үш жарым жыл отырып, колонияда болу уақыты біткен соң үйге оралды. Қиын күндер, бастан өткен оқиғалар артта қалып, отбасымен қауышып, табысқан ағаның ендігі ой-тілегі мен арманы сол өзіне ең жақын жандардың қасында болып, жанұяның бақытты шағы қайта оралғанын, балаларының өсіп, орныққанын, олардың бұтақ жайғанын көріп, қызықтау болатын.Бірақ Алланың ісіне не шара? Бұрынғы ауруы үдеп, одан айыға алмады.Оның қазасын естіп, көңіл айтып келушілер көп болды. Талдықорған жақтан, Ақсудан біраз адамдар ат сабылтып жетті. Жақын туыстары, достары дегендейін... Кешке таман қонақасының алдында сол үйде тұратын Димекең ақсақал сыртқа шығып, талдықорғандықтармен амандасып, көңіл айтты. Мұны көргені көп, ішке түйгені де мол, жөн білетін жанның ісі деп бағалады жұрт. Жиналған ел ол кісіге ізет жасап, ризашылығын білдірді. Ертеңінде Кеңсайдағы зират басына Д.Қонаев та келіп, елмен бірге болды. Оның қасында Б.Әшімов, С.Жиенбаев, А.Қисанов, тағы басқалары жүрді. Жерлеу рәсімі кезіндегі қаралы жиында адамдар сөз сөйлеп, ақын Тұрсынзада Есімжанов өлең оқыды.

Ол өзінің жыр жолдарында Бекежановтың азамат ретіндегі болмысын, кісілігін, өзгелерге жасаған жақсылығын сөз ете отырып, онымен ұзақ жыл бірге жұмыс істеп, ағалық ақылын аямаған, оны жанында ұстап, серік еткен Қонаевты үлкен ұстаз ретінде асқар тауға теңеді.Міне, енді соған да отыз үш жылдан асып барады. Өтіп жатқан уақыт-ай! Бұл оқиғадан көп жыл бұрын Дүйсетай ағаның анасы Рысты апай мен әпкесі Салиха тәте өмірден озып, олар Ақсудан беріректегі Сағабүйен жерінде мәңгілік мекенін тапты. Ал өзіне тете әпкесі ‒ Мәрия тәте ол қайтқаннан кейін, біраз уақыттан соң келмес сапарға аттанып, Кеңсай зиратына, оның қасына жерленді. Енді ағаның ошағының отын сөндірмей, балаларына бас-көз болып Роза жеңгеміз отыр. Сексеннің сеңгіріне шыққан ол қазіргі отбасының басы әрі ұйтқысы десе болады. Бұл қатарда Мәрия әпкеміздің ұл-қызы Марат пен Бақыт та бар. Шүкір дейік.

Болат АСАНБАЕВ,
журналист-публицист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар