Жамбыл ауданында бүгінгі таңда 87 972 халық тұрса, 26 752-сі 14-35 жас аралығындағы жастар. Жалпы жастар аудан халқының 30,4 пайызын құрайды. Бүгінгі күнде ауданымызда жастар саясатына үлкен көңіл бөлінуде. Негізгі бағыт жастарды елін сүюге тәрбиелеу болса, Айша бибі ауылында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Таланттар мен өнерлі жастар бірінен соң бірі лек-легімен шығып жатыр. Айта кетсек, жас ақындар – Мерейхан Райымбаев, Елбек Нұрмағамбетов, республикаға танымал жас айтыскер ақынымыз Алина Айдаралының ел алдында жүруі осы сөзімізге дәлел.
Біздің ауыл жаңашылдықтардан да кенде емес. Мәселен аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыру, математиканың күнделікті өмірдегі маңызы мен қолданысын толық қамту үшін білімді практикада қолдану дағдысын дамыту, олимпиада есептерін шығаруға баулу мақсатында ауылдық мәдениет үйінен «Pythagoras» атты курс ашылды.
Қазіргі уақытта 15 оқушы курсқа тұрақты қатысып, онлайн республикалық олимпиадаларда бақ сынап, жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Осы тектес игі істердің жүзеге асырылуы мен ауылымыздан жас таланттардың көптеп шығуының артында Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауы мен аудандық жастар ресурстық орталығы басшылығының оң көзқарасы, Айша бибі ауылдық мәдениет үйіндегі үйірмелер, коворкинг орталығы және сондағы қызметкерлер мен кеңесшілердің еңбегі жатыр.
Нұрлыбек ҚҰРМАНОВ,
Айша бибі ауылдық округінің
жастар кеңесшісі,
Жамбыл ауданы