Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мақтанышымызға айналған Мақашевты еске алды

Мақтанышымызға айналған Мақашевты еске алды
Ашық дереккөз
Қазақ даласында Ислам мен халқымыздың дәстүр-салты жарасымды өріліп, бірін-бірі толықтыра дамып отырды. Ас беру, онда аруақтарға құран бағыштау сол ғұрыптардың бірі. Жуырда қазақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Амангелді Мақашевтың 85 жылдығына орай ас беріліп, рухына Құран бағышталды.

Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында 1939 жылы 10 маусымда дүниеге келіп, еңбек жолын жұмысшы болып бастаған Амангелді Мақашев 1960-1964 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік денешынықтыру институтын бітірген. Жолдамамен Орал қаласында, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында, Алматы облысындағы спорт мектептерінде бокстан жаттықтырушы болып жұмыс істеген.1970 жылдары Сарысу ауданында және Жамбыл облыстық жасөспірімдер тәрбиелейтін спорт мектебінде еңбек етті. Облыстық спорт мектебінде көптеген оқушылар дайындап, бокс спортының қыр-сырын үйретті. 1994-2002 жылдар аралығында Тараз қаласындағы №45 мектеп-гимназияда ұстаздық қызмет атқарып, оқушыларды спортқа баулыды. Сондай-ақ, көптеген жарыстарда төрешілік қызметін де атқарды. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеген асқар тау әке.

Спорт саласының дамуына қосқан еңбегі елеусіз қалмай, 2000 жылы «Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісімен марапатталған. Бұған дейін де көптеген дипломдар мен мақтау қағаздарымен, алғыс хаттармен марапатталған.Жұбайы Айсұлу Дәнекеева мен ұл-қыздарының және бауырларының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ағайын-туыстарымен қатар, бокстан КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әмірхан Төленов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Нұрхат Жапаров, белгілі бапкерлер – Марат Саухатов (Семей), Ақан Сыдықов (Алматы), даңқты шәкірттерінің бірі, Меркі аудандық бокс мектебінің директоры Ғани Әшкеев, облыстық №6 бокс мектебінің директоры, Атланта олимпиадасының жүлдегері Бақтияр Тілегенов және әріптестері мен шәкірттері қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Ас соңында Амангелді Мақашевтың рухына бағышталып Құран оқылды. Алдағы уақытта облысымыздан шығып, ерен еңбегімен елімізге танылған Амангелді Мақашевтің атындағы жүлде үшін боксшылар арасында турнир өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. 

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ,
ардагер журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар