Соңғы жылдары департамент бей-берекет орналасқан қалдықтарды ғарыштық бақылаумен анықтауды жүзеге асыруда. Ғарыштық мониторинг нәтижесі бойынша облыс аумағында 91 заңсыз қоқыс орны бар екені анықталыпты. Заңсыз полигондарды азайту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып, 29 үйінді тазартылыпты. Анықталған кемшіліктер бойынша Қордай ауданындағы 2 ауылдық округ әкімі, Талас, Байзақ, Жамбыл аудандары әкімдерінің орынбасарлары әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Жалпы 276 900 мың теңге айыппұл салынған. Облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ермек Құралбаев тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болатынын айтады. Яғни қоршаған ортаның тазалығына тек тиісті мекеме қызметкерлері ғана емес, қала тұрғындары да жауапты.
Облыстық экология департаменті 2022-2023 жылдар аралығында коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптардың сақталуына талдау жүргізіпті. Талдау барысында «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаты бар екені анықталыпты. Бірақ мұнда өндіріс және тұтыну қалдықтарын 2022 жылы 18678,859 тонна, 2023 жылы 18865,634 тонна мөлшерден аспайтын көлемде орналастыру өнімділігі белгіленген.Өз кезегінде кәсіпорын ұсынған қалдықтарды түгендеу жөніндегі есептерде 2022 жылы жеке және заңды тұлғалардан алынған аралас коммуналдық қалдықтардың көлемі 41650 тоннаны, ал 2023 жылы 42580 тоннаны құрапты. Бұл қалдықтарды орналастыру лимитінен 2,3 есе (230 пайыз) асып түскен.
Осы пайда болған қалдықтардың 60 пайызы елді мекен тұрғындарынан, 30 пайыз кәсіпкерлік субъектілерінен және 10 пайызы мемлекеттік мекемелерден құралған.Баспасөз туры аясында «Таза ауа» атты іс-шараның да мән-маңызы түсіндірілді. Бұл шара жылына екі мәрте өткізіледі. Жыл басына дейін бұл іс-шара Жуалы және Байзақ аудандарында өткен. Жуалыда 17 автокөліктен сынама алынып, нормадан асқан көліктер анықталыпты. Ал Байзақ ауданы бойынша 22 автокөліктен сынама алынып, үш көліктен нормадан асқан ауа ластатын көрсеткіш табылған. Бұл жолы да бірнеше жеңіл көліктен сынама алынды.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің сынақ зертханасы 26 зертханалық зерттеу жүргізіпті. 96 сынама алынып, тиісінше 523 талдау және анықтау орындалған. 48 нормативтердің асып кету оқиғасы анықталыпты. Есепті кезеңде атмосфералық ауаның ластану көздерін бақылау бөлігінде 16 зертханалық тексеру жүргізілген. 65 сынама алынып, сәйкесінше 182 химиялық талдау мен анықтама орындалған. Бұл ретте нормативтерден асып кету бойынша 4 оқиға анықталыпты.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қаламызды гүлдендіріп, көшелерімізді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн болар. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА