Алысқа бармай-ақ, ата-анамыздың, әріптестеріміздің, туыс-бауырларымыздың бір күнде көзәйнек тағып, кейбірінің ауыр не жеңіл отаны өткеріп келуі осыған дәлел. Қазақта көзі сұлу қыздарды «Айнамкөз», «Күлімкөз» деп еркелетсе, бұрыннан жүзтаныс адамды «Көзкөрген» деп жақын тартқан. Көзге қатысты халқымызда ырым мен тыйым да, мақал да, жұмбақ та көп. Фирдоуси да «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп, көне шаһардың сұлуларына сұқтаныпты. Алайда сұлу көздер де сыр алдырмай семе береді екен. Яғни, білдірмей, байқатпай көз жанары суалып, түрлі ауруларға бой алдырады.Бұлай дейтініміз, көз аурулары баяу дамиды. Біріншіден, көздің өткірлігі төмендейді, жанары солғын тартады. Әрмен қарай көптеген факторларға байланысты ауру түрлері айқындалады.Облысымыздағы көз ауруларын емдейтін офтальмологиялық орталық 1987 жылы құрылған. Орталық кез келген көру патологиясын уақытылы анықтауға және емдеуге мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аурухананың күндізгі бөлімшесінде 25 төсек, ал тәуліктік бөлімшеде 40 төсек бар. Жыл он екі ай бойы ауруханадан науқас үзілмейді. Тіпті еліміздің өзге аймақтарынан арнайы келіп, емделіп кететіндер бар екен.Көз – өте нәзік орган.
Мамандардың айтуынша, сол себепті де адамдардың көзіне ем-дом алуға жүрегі дауалай бермейді. Бірақ, медицинаның дамуымен көз ауруларын оп-оңай анықтайтын арнайы құрал-жабдықтар пайда болған.Офтальмологиялық орталықтың консультативті-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Абзал Райқұловтың сөзіне сүйенсек, көздегі қысым «22» деңгейінен асса, дабыл қағу керек. Қысым көтерілген жағдайда әрі қарай тексеріп, су қараңғылық ауруының ашық не жабық түріне шалдыққанын анықтайды. Жалпы адам жасы 35-40-тан асқан соң міндетті түрде көз қысымына тексерілгені жөн екен.
– Қазіргі таңда әсіресе көздің ішіндегі бұршақтың қартаюы (катаракта) да белең алып тұр. Негізі кейінгі жылдарда катаракта кеселі жасарып келеді десек болады. Бұрын аталған ауру алпыстан асқан адамдарда кездесетін еді.Катаракта дегеніміз – көз бұршағының бұлыңғырлануы, көздің үдемелі ауруы. Нәтижесінде жарық сәулелері көз торына жетпейді. Катаракта белгілерін объективті түрде маман ғана бағалайды.Екінші орынды алып тұрған көз ауруы – глаукома. Яғни көзішілік қысымның жоғарылауынан туындаған оптикалық нервті зақымдайтын көз аурулары тобы. Егер уақытында емделмесе, көру қабілетінің нашарлауына әкеліп соғады. Глаукома «көрудің тыныш ұрысы» деп аталады. Өйткені көру және көру өрісінің жоғалуы әдетте асимптоматикалық, баяу және ұзақ уақыт бойы жүреді. Бұл қартаюға, глаукоманың отбасылық анамнезіне және ағзадағы қосымша аурулар мен дәрі-дәрмектерге байланысты. Глаукома көру қабілетінің тұрақты жоғалуы мен соқырлықтың негізгі себебі ретінде қарастырылады.Жалпы көз ауруларының пайда болуына әртүрлі факторлар әсер етеді. Балалар бұрынғыдай асыр салып ойнамайды. Үш-төрт жасынан компьютерлiк ойындармен «сауатын» ашады. Күнi-түнi ұялы телефонды шұқылайды, теледидардың алдында отырады. Смартфонмен сағаттар бойы «сырласады». Осының салдарынан көз жақыннан көруге қалыптасады.Десек те көбіне көз аурулары тұқымқуалаушылық немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсерінің нәтижесінде пайда болады.
Мысалы, құрамында канцерогеннің жоғары мөлшері бар тағамды және басқа да зиянды заттарды қабылдағанда көз ауруы біртіндеп дендей бастайды.Ал көз үшін ең пайдалы көкөністерге қырыққабат және жүгері жатады. Олардың құрамында дәрумендер мен минералды заттар көп болғандықтан, көздің қалыпты көру қабілетін сақтайды. Жанардың көру қабілетін жақсарту үшін тамақтың құрамында А дәрумені болуы қажет. Ол ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін жоғарылатады. Сонымен қатар көздің сау болуы үшін С, Вi, Be және В12 дәрумендерінің де маңызы зор. Олар қан тамырларын бекітеді, орталық жүйке жүйесін қоректендіреді.
Көру қабілетіне тағы басқа факторлар зиян келтіреді.
Бүгінде көптеген адамдар компьютермен жұмыс істейді, ал кейбіреулері тіпті күндіз-түні алдында отырады. Соның салдарынан көз шаншып, қызарып ауырады. Сондықтан көздің шаршауын болдырмау үшін бірнеше минуттан кейін назарды ауыстырып, демалдырып, бөлмені желдету қажет. Егер ауа тым құрғақ болса, батерияның астына су құйылған ыдысты қою керек немесе ауа ылғалдандырғышын пайдаланған дұрыс. Көз жанарыңыз суалса, өміріңіздің мәні кетеді. Сондықтан әр алты ай сайын дәрігерге көзді тексертіп тұрған абзал. Көз – тіршілікті танып білуге арналған Алланың берген бір мүшесі, – дейді Абзал Райқұлов.
Орталыққа арнайы барған соң Атыраудан келіп, көзіне ота жасатқан Гүлназ Байжігітовамен тілдесіп, ауруы туралы сұрап көрдік.
– Негізі әлеуметтік желіден көріп, арнайы Атыраудан келдім. Көзіме жасалған ота сәтті өтті. Ем алмасам арты су қараңғылыққа ұласатын еді. Мен дер кезінде көрініппін. Тараз қаласындағы осы аурухананы бүкіл Қазақстан біледі. Бәрі мақтайды. Шетінен қолы жеңіл, білікті дәрігерлер жұмыс істейді екен. Риза болдым, – дейді Г.Байжігітова.
Бүгінгі таңда халыққа офтальмологиялық көмектің барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетіледі. Түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер жергілікті емханаларда МӘМС аясында қолжетімді. Глаукоманың әртүрлі кезеңдері, көздің алдыңғы және артқы бөлігінің күрделі патологиялары, катаракта және көз бұршағының орнынан қозғалған жағдайлары, көздің туабіткен ақаулары сияқты тағы да басқа көз ауруларында жоғары технологиялық-медициналық көмек, күрделі оталар МӘМС бойынша ауруханаларда халыққа тегін көрсетіледі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА