Медицина тілінде айтсақ, сүндеттеу – ер баланың жыныс мүшесін жауып тұрған қабықшасын кесу. Сүндеттеу X-XI ғасырда еніп, XIV-XV ғасырдан бастап жалпыхалықтық дәстүрге айналды.Шариғатымызда сүндетке отырғызудың нақты уақыты белгіленбегендіктен, баланың денсаулығы сүндеттеуді көтере алуына баса мән беріледі. Этнограф Досымбек Қатранұлы баланы ерте сүндеттеудің де зияны бар екенін айтады.
– Қазір кейбірі баланы тіпті 1 жасында сүндетке отырғызады. Олай болмайды. Себебі 1 жаста баланың денесі қалыптаспайды да. Халқымыз тақ сандарды киелі деп есептегендіктен, бала 3,5,7 жасқа келгенде сүндетке отырғызған. Баяғыда баланы сүндеттегеннен кейін, қанды тоқтату мақсатында ыстық киіз басқан. Тіпті қан тоқтамай, мертіккен оқиғалар да болған. Яғни сүндетке отырғызу ойыншық емес, – дейді этнограф.
Тараз қаласындағы заманауи сүндеттеу орталықтарының бірі – «SUNDET medical center». Қайрат Рахметов орталықты 2022 жылы ашыпты.
– Біраз жыл бұрын баламды сүндетке отырғызу үшін қайда, кімге алып барарымды білмей, заманауи орталықты көп іздедім. Қарасам Алматы мен Астана қалаларында сүндеттейтін арнайы орталықтар көп екен. Ал Таразда жоқ. Неге ата-аналар баласын сүндеттеу үшін басқа қалаға сабылуы керек. Сөйтіп ойлана келе Тараз қаласынан арнайы орталық ашу туралы шешімге келдім. Алдымен Алматы қаласына арнайы барып, саланы жан-жақты зерттедім. Содан кейін барып ғимарат тауып, керек-жарақпен толықтай жабдықтадым.Ең бастысы білікті маман таптым. Дәрігерлеріміздің еңбек өтілі жоғары.
Ал орталығымыздың ерекшелігі туралы айтатын болсам, бала арнайы дайындалған кереуетте алаңсыз ойнап жатқанда, әп-сәтте лазермен, медицина тілімен айтсақ электрокоагулятормен күйдіріп, кесіп тастайды. Әрине бастапқыда сол аймақты жансыздандырамыз. Лазермен кесіп сүндеттеудің артықшылықтары көп. Қан көп шықпайды, уақытты үнемдейді, тігісі аз болады. Ешқандай ауырсыну болмайды деуге де келеді. Бала маса шаққандай күй кешеді.Баяғыда сүндеттелген балаларға кең көйлек кигізіп қоюшы едік. Біз орталықта сүндеттелген балаларға Түркияда жасалған ауа өткізетін арнайы ішкиімді кигізіп жібереміз. Жалпы осы уақытқа дейін 5 мыңнан аса баланы сүндеттеппіз, – дейді Қайрат Байғанинұлы.
Ал баланы сүндетке отырғызу құны 20 мың мен 60 мың теңге аралығында екен. Кейбір хирург бергеніңді алады. Ал кейбірі нақты бағасын айтады. Арнайы орталықтардан бөлек ауруханалардағы, емханалардағы белгілі хирургтер де балаларды сүндетке отырғыза береді.Осы орайда сүндетке отырғызудың пайдасы туралы білікті дәрігер Нұртуған Әлқуатов айтып берді.
– Ешуақытта 3,5 жастағы балаға сүндеттелетіні туралы, ол процестің қалай өтетіні туралы ашық айтпаңыз. Бала психологиясы зардап шекпеуі керек. «Дәрігерге көрсетеміз» деумен шектеліп, толық мән-жайды ашып айтпаңыздар.Ал сүндеттеудің пайдасы – біріншіден жыныс мүшесінің қабынуының алдын алады. Зәр жолы тар болғандықтан, мүшенің басын ұдайы ерекше тазалап отыруды талап етеді. Бұл балаға едәуір қолайсыздық тудырады. Есейгенде жыныс мүшесінің обыры сынды дертке де шалдығуы ықтимал. Мысалы, сүндеттелгендер арасында жыныс мүшесі обырына шалдығу қауіптілігі 0 пайыз. Мүлдем жоқ. Алайда, Қытай, Уганда және Пуэрто-Рико сияқты елдерде обыр ауруының 12-22 пайызы жыныс мүшесінің обыры үлесінде. Бұл зияндылығы жағынан өте жоғары көрсеткіш.
Бұған қоса нәрестелердің де зәр жолының қабынуының 95 пайызы сүндеттелмеудің салдарынан орын алады. Ал, сүндеттелген балалар арасындағы зәр жолы қабыну көрсеткіші 5 пайыздан төмен. Демек, бүйрек жұмысының бұзылуына, қанға және денеге зиянды бактерия таралуына алып келетін басты себеп – сүндеттелмеу. Екіншіден, жыныс жолы арқылы таралатын кеселдерді болдырмайды. Қазақ халқы өте дана халық қой. Мұның бәрін іштей білген. Айқайлап айтпаса да жаман аурудан, дерттен тыйып отырған. Жыныс жолы арқылы таралатын көптеген аурудың басым бөлігі сүндеттелмеген адамдар жағында екенін зерттеулер нәтижесі көрсетті. Үшіншіден, әйелдің жатыр мойнының обырынан қорғайды. Сүндеттелген жұптар арасында әйел жыныс мүшесінің обыры болмайтын көрінеді. Бұл мәліметтерді доктор Мұхаммед әл-Бар өзінің «Сүндеттеу» атты кітабында жазған, – дейді Нұртуған Айтуғанұлы.
Ер баланың азамат атанғанының алғашқы белгісі де осы – сүндетке отырғызу. Ал түсінген адамға сүндет – пәктіктің, тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ сүндетке отырған балаға «Ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа мінгені құтты болсын!» деп тілек айтып, сүндет той жасаған. Той төресі – сүндет той көп болсын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА