Соңғы жеті айда мемлекеттік еңбек инспекторлары ұйымдар мен кәсіпорындарда жоспардан тыс 96 тексеру мен 21 профилактикалық бақылау жүргізіп, 318 бұзушылық анықтады.Анықталған заңбұзушылықтарға қатысты жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 63 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 18 ескерту және 14 әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы шығарылды. 2,1 миллион теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынып, толық өндірілді.
Нәтижесінде 261 еңбек заңнамасының бұзушылығы жойылды. Сонымен қатар, басқармаға 575 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымы түсіп, 472-сі қаралды және 89-ы тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды
Басқарма тарапынан профилактикалық бақылау үнемі жүргізіліп отырады. Мәселен, биыл бірінші жартыжылдыққа Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы сақталуының профилактикалық бақылауды жүргізу жоспарына сәйкес 25 кәсіпорын бекітілген. Алайда, прокуратура органымен профилактикалық бақылау жүргізілетін 2 кәсіпорын алынып тасталды, ал 2 кәсіпорында тексеру жүргізу мүмкіндігі болмады. Барлығы 21 кәсіпорында профилактикалық бақылау жұмыстары жүргізіліп, 185 заңбұзушылық анықталып, 21 нұсқама берілді. Бүгінгі күнге 163 заңбұзушылық жойылды. Нұсқама бойынша 22 заңбұзушылықтың мерзімі бар. Ал екінші жартыжылдықтың бекітілген жоспарына сәйкес 13 кәсіпорынды профилактикалық тексеруден өткізу жоспарланған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ахуалдық орталығында тәуекелді кәсіпорындар ретінде «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамы, «Луговой жылқы зауыты» және «Шу сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бақылауда тұр. Сондай-ақ, облыстағы еңбек ұжымдарындағы ахуалды бақылау мәселесі тұрақты негізде жүргізілуде.Бұл орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №47-өкімімен еңбек жанжалдарының алдын алу мен болдырмауға бағытталған алгоритм әзірленіп, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің назарына алынған.
Одан бөлек, Тараз қаласы мен әрбір ауданда еңбек жанжалдары мен наразылықтары туындай қалған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықпен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізетін белсенді, беделді, танымал азаматтардың құрамы бекітілген. Облыстағы еңбек жағдайларының ахуалын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында қала және аудан әкімдіктерінде әлеуметтік-еңбек жағдайларын реттеу жөніндегі дағдарысқа қарсы штабтар құрылып, олармен тығыз байланыста жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда.Жалпы бүгінгі таңда облыс бойынша 12 194 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 77-сі ірі, 311-і орта, 11 806-сы шағын кәсіпорын. Облыс бойынша 3 кәсіпорынның тәуекел деңгейі жоғары. Атап айтқанда, «ЕвроХим – Тыңайтқыш» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС.
«ЕвроХим – Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде орташа жалақы – 441 384 теңге. Ал «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмысшылардың орташа жалақысы – 417 086 теңге. Сондай-ақ «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде орташа айлық жалақы – 284 715 теңге. Басқарма тарапынан жүргізілген тексеріс бойынша, үш кәсіпорында да әлеуметтік жағынан осал қызметкерлерге көмек көрсетіледі. Қызметкерлерге сыйлықақылар мен бонустар төленеді.Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері 2 320 кәсіпорындағы 22 041 жұмыскердің жалақысы орта есеппен 26,5 пайызға көтерілген.
Дегенмен облыс бойынша кей кәсіпорындарда жалақының уақытылы төленбеуінің себебінен қарыз мәселесі орын алуда.Басқарма тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мәселен, «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамының 61 жұмысшысына жалақы қарызының сомасы 35,7 миллион теңгені құрайды. Меркі аудандық сотымен қалыптасқан жалақы берешегін өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Бүгінгі күнге сот орындаушылармен 16 жұмысшыға өткен жылдың 6,3 миллион теңге қарызы төленді. Оның ішінде 13 жұмысшыға толық және 3 жұмысшыға жартылай төленді.Айта кету керек, басқарманың бірінші жартыжылдықтағы жоспарында «Меркі асылтұқымды зауыты» акционерлік қоғамына профилактикалық тексеріс жұмыстарын жүргізу енгізілген. Алайда мекеме басшылығының болмауына байланысты жоспар жүзеге аспады. Ал «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 152 жұмысшыға 44,8 миллион теңге айлық берешегі бар.
Қазіргі уақытта инвестормен шаруашылықтағы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 650 миллион теңге қаражат бөлінді және зауыт қалыпты жұмыс істеуде.«Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де 28 жұмыскерге 22 миллион теңге қарыз. Анықталған бұзушылық бойынша заң талаптарына сәйкес жұмыс берушіге 60 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, Еңбек кодексінің 193-бабының 4-тармақшасына сәйкеc биыл 16 мамырға дейін жалақыны төлеу туралы нұсқама берілді.
Нұсқаманы мәжбүрлі түрде орындау үшін сот орындаушыларға жолданды.Саладағы тағы бір өзекті мәселе – оқыс оқиғалардың алдын алу. Өндіріс орындарында қауіпсіздікті сақтау қанша жерден барынша қадағаланғанымен, оқыс оқиғалардың саны азаяр емес. Соңғы 7 айда 30 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 33 адам зардап шеккен. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, тергеу материалдары ішкі істер органдарына жолданды.Жүргізілген талдауға сәйкес, жұмыс берушінің кінәсінан – 17, жұмыскердің кінәсінан – 10, ал екі тарап кінәлі 3 жазатайым оқиға орын алған. Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жәбірленушінің биіктіктен құлауы (55 пайыз), қозғалмалы, айналмалы заттар мен бөлшектердің әсері (10 пайыз), жазатайым оқиғалардың басқа түрлері – 20 пайыз.
Қызметтік міндеттерін атқару барысында жол-көлік оқиғаларының салдарынан 15 пайызы зардап шекті. Жазатайым оқиғалар мен зардап шеккендер саны өткен жылмен салыстырғанда 1 оқиғаға артқан.Сонымен қатар, әр жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушілерге орын алған жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынды. Еңбек ұжымдарында басқармамен өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу мен азайтуға бағытталған барлығы 96 іс-шара ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 154 ақпараттық мақала жарияланды.
Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту мақсатында кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын енгізу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге облысымызда «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» концепциясын 18 кәсіпорын және «Халықтық бақылау» жобасын 13 кәсіпорын енгізді.Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекторларымен қабылданған шаралардың нәтижесінде есепті кезеңде 334,1 миллион теңгенің жалақы қарызы анықталып, олар бүгінгі күнге толығымен жойылып, 1 819 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.Сонымен қатар, биыл бейресми жұмыспен қамтылған 1 744 жұмыс берушідегі 4 190 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, «көлеңкелі» экономикадан шығарылды.
2022 жылдан бастап басқарма тарапынан 5 425 жұмыс берушідегі 13 914 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылды.Өткен жылы жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру бойынша 4 001 кәсіпорынға хабарлама жолданып, нәтижесінде 1 595 мекемеде сақтандыру шарттары жасалды. Ал биыл жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру бойынша хабарлама 3 876 кәсіпорынға қайтадан жолданып, нәтижесінде 2 083 мекемеде сақтандыру шарттары жасалды.Бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бұл бағытта тізім жолданып, жұмыскерге Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес міндетті сақтандыру қажет екені жайлы хабарлама жіберіледі.
Өңірлік кәсіпорындармен өндірістік процестерді тұрақтандыру, еңбек заңнамаларын сақтау, жұмысшыларды қысқартпау мәселелері бойынша облыс әкімдігі, жұмыс беруші мен кәсіподақ арасында меморандумның жасалуы бойынша жұмыстар толық орындалуда. Бізге берілген ақпаратқа сәйкес, облыста 12 101 кәсіпорын 100 пайыз үшжақты меморандуммен қамтылған.Басқарма тарапынан ақпараттық-түсіндіру және еңбек тәуекелдерінің алдын алу бағыты бойынша есепті кезеңге облыстық 96 еңбек ұжымында 1 318 жұмыскердің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан жеке қабылдау жұмыстары барысында 115 тұрғынға еңбек заңнамаларымен қатысты консультативтік кеңестер берілді.
Айта кету керек, биыл 21 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесі жүзеге асырады.Осыған байланысты, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының өкілеттілігі тоқтатылып, соған сәйкес құқықтық статистика органдарында Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларын бұзу мәселелері бойынша жоспардан тыс тексерулерді тіркеу және жүргізу уақытша тоқтатылды.Қазіргі таңда басқарманың өтініштерді қарастыруға мүмкіндігі жоқ екендігін назарларыңызға жеткізеді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, қайта құрылу процесі аяқталғаннан кейін «еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшесіне» немесе Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен келісу комиссиясына, одан әрі сотқа жүгінуге құқығыңыз бар екендігін жеткіземіз.
Жарылқасын АЙТАҚОВ,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы
басқармасының басшысы