ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын мемлекеттік білім беру гранттарын бөледі. Ал гранттар Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған үміткерлерге беріледі. Әр жыл сайын экономиканың қажеттіліктеріне және қоғамдағы сұраныстарға сәйкес гранттар саны мен бөліну тәртібі өзгеріп отырады.Гранттар техникалық, гуманитарлық, медициналық және басқа да салалар бойынша бөлінеді.
Оқуға түсу үшін үміткерлер ҰБТ-да жоғары балл жинап қана қоймай, таңдаған мамандығы бойынша білімі мен қабілетін дәлелдеуі тиіс. Мемлекеттік гранттар Қазақстанның үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді және білім алу шығындарын толығымен өтейді.2024 жылы бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлінген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай биыл әсіресе техникалық бағыттарға аса назар аударылуда. Осыған орай, барлық гранттың 60 пайызы, яғни жартысынан көбі техникалық мамандықтарға бөлінініпті.
– Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 8 288 грант тиесілі, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) талапкерлері негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. 2024 жылы жалпы грант санының 20 пайызы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінді.Мемлекеттік гранттардан бөлек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен де білім беру гранттары тағайындалады. Әкім гранты көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, сондай-ақ ауылдық жерлердің талантты жастарына арналған.
– 2024 жылдың 4-22 шілдесі аралығында облыс әкімдігі білім басқармасы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында басқарманың ресми сайтында конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялады.Конкурсқа ұсынылған құжаттардың нәтижесі бойынша денсаулық сақтау саласы бойынша – 5 орын, ауылшаруашылығы және биоресурстарға – 10, педагогикалық мамандықтар бойынша – 10, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 5, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 80 орын (резидентура) гранты тағайындалды. Айта кетейік, оқу гранттарына Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Астана медицина университеті, Қазақстандық медицина университеті, Қазақстан-Ресей медициналық университеті құжаттарын ұсынды.Тапсырылған құжаттарға талдау жүргізіліп, конкурстық комиссия мүшелері гранттарды мамандықтар бойынша орналастыратын жоғары оқу орындарын анықтады, – деді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен тағайындалатын білім беру гранттары әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған және аймақтық дамуды қолдауға үлес қосады. Бұл гранттар көбінесе өңірлік университеттерді немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алуды қамтиды. Кейбір жағдайларда әкімдіктер шетелдік оқу орындарында білім алуға да қолдау көрсетеді.М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне 2024-2025 оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру мақсатында қабылдау комиссиясы өз жұмысын 20 маусымнан бастаған.
– Мемлекеттік білім беру грантына құжаттар қабылдау 2024 жылдың 13-24 шілде аралығында жүзеге асырылды. Тараз қаласында Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университеті ашылуының және су саласы бағытына арналған 615 мемлекеттік білім беру грантының бөлінуіне байланысты қабылдау комиссиясына талапкерлер мен ата-аналар тарапынан қызығушылықтар мен сұрақтар көбейді. Дулати университеті өңірлік іргелі оқу орны болғандықтан 4 500-ге жуық талапкердің құжаты қабылданып, рәсімделді. Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі 3 тамызда белгілі болды. Бүгінгі күні Дулати университеті үшін бөлінген мемлекеттік гранттар, жергілікті әкім гранттары, «Freedom bank» гранттары, Қазақстан халқына қорына бөлінген гранттар саны 1 143 талпкерге бұйырды.Әрине сушаруашылығы мамандарын дайындаудың маңыздылығына байланысты, осы бағытта бөлінген және игерілген гранттар саны едәуір жоғары. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға бөлінген гранттар саны мен талапкерлер саны жыл сайын өсуде. Тараз қаласында ашылған Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалына «Химиялық инженерия және процестер» білім бағдарламасы бойынша 30 грант бөлінді, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жауапты хатшысы Алуа Назарбекова.
Ал Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті Махметғали Сарыбековтың айтуынша, оқу орнына биыл 1 100 түлек құжат тапсырған. Олардың ішінде 90 талапкер мемлекеттік білім беру грантын иеленген.
– Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты білім беру гранттары арқылы мамандар даярлайды.Біріншіден, республикалық жалпы конкурс нәтижесімен институттың барлық білім бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттар беріледі.Екіншіден, барлық әлем Қазақстанды аграрлық мемлекет ретінде таниды. Еліміздің ұлттық экономикасының дамуы ауылшаруашылығының жағдайына, осы саланың мамандарының сапасына, аграрлық ғылымның дамып, жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты. Сондықтан біздің институтқа биылғы жылы «Ветеринария» және «Өсімдік шаруашылығы» (агрономия) білім бағдарламалары бойынша арнайы квотамен 40 мақсатты мемлекеттік грант бөлінді.
Үшіншіден, жергілікті бюджеттен де біздің өңірге қажетті мамандықтар бойынша гранттар қарастырылған.
Біздің институтқа жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Ақпараттық технологиялар» мамандығына 5 грант бөлінді. Конкурсқа құжаттар қабылдау 10 тамызда аяқталады.Төртіншіден, жастардың әртүрлі категорияларын қолдау мақсатымен «Ректордың грантын» тағайындау және «100 грант» жобасы іске асуда.Яғни, қарап отырсақ, мемлекет және институт тарапынан жастарға қажетті жағдайлар жасалынған. Жастардың мақсаты – осы мүмкіншіліктерді пайдаланып, дұрыс таңдау жасау. Біздің міндет – оларға сапалы, қолжетімді, бәсекеге қабілетті білім беру, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Мемлекеттік және облыс әкімінің гранттары жастарға білім алуға үлкен мүмкіндік беріп, олардың болашақта ел дамуына үлес қосуына жол ашады. Сондықтан түлектерге өз білімдерін шыңдап, мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға шақырамыз. Қазақстанның білім беру жүйесі жастардың болашағы үшін жұмыс істеп, олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Айжан ӨЗБЕКОВА