Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев «көлеңкелі» экономикамен күрес, оның ішінде жер қойнауын пайдаланудағы заңсыз әрекеттер туралы баяндады.Өңірде барлығы 289 жер қойнауын пайдалану обьектісі тіркелген. Атап айтқанда, қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге арналған – 110, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 179 келісімшарт пен лицензия бар.
2024 жылы келісімшарттағы ішінара міндеттемелерді орындамаған 38 жер қойнауын пайдаланушыға бұзушылықты жою туралы хабарлама жіберілген. 11 жер қойнауын пайдалану келісімшарты, лицензиясы мен рұқсаты кері қайтарылды.
Басқарма басшысының айтуынша, жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелеп, арттыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген.Жоспарға сәйкес Тараз қаласы мен аудандарда мобильді топ құрылады. Топ мүшелері жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілеріне күнделікті мониторинг жүргізіп, құқықбұзушылықтарды анықтайды. Жер қойнауына келтірілген залал, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда құзырлы органдар заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданады.
Топ құрамына ауылдық округ әкімдері, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерінің жауапты мамандары, ішкі істер департаментінің өкілдері және қоғам белсенділері кіреді.Ербол Қарашөкеев жер қойнауын пайдалану бойынша кәсіпкерлермен жасалған келісімшарттағы міндеттемелердің орындалуына толық талдау жүргізуді, заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтайтын мобильді топтарды құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.Сонымен бірге жер қойнауын заңсыз пайдаланып жүрген тұлғаларға қатаң шара қабылдап, ұсынылған іс-шаралар жоспарын бір аптада қайта қарап, ұсыныстар беруді міндеттеді.
Басқосуда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Сматов, мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушы Сағынтай Айтжанов, геология инспекциясының басшысы Асқар Құндызбаев, Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Нұрболат Рахымбердиев сөз сөйледі.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі