Алдымен Аманғали Бисенбайұлы Т.Рысқұлов ауданындағы ветеринариялық пунктер мен мал сою алаңдарының жұмысын зерделеді. Вице-министр мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты екендігін тілге тиек етіп, саланың алдағы жоспарларына қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты.Жұмыс сапарының екінші күні вице-министр Меркі ауданындағы бірқатар ауылшаруашылығы құрылымдарының жұмысымен танысты. Аманғали Бисенбайұлы «Меркі-Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, кәсіпорын басшылығымен бірқатар мәселелерді талқылады. Кәсіпорын өткен жылы Катар, Біріккен Араб Әмірлігі, Сауд Арабиясы, Кувейт мемлекеттеріне 952 тонна ет экспорттаған. Онда 42 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. А.Бердалин кәсіпорын базасымен танысып, комбинат басшысының экспортталатын етке берілетін субсидия мөлшерін көбейту және айналымға қажетті қаражатты несиелеу жөніндегі ұсыныстарын тыңдап, назарға алынатынын жеткізді.
Мұнан соң Аңдас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігін көзбен көрді. Шаруашылық сүт бағытындағы асылтұқымды сиыр өсіріп, сүт және ірімшік өндірумен айналысады. 2015 жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен 100 асылтұқымды голштин сиырын сатып алған шаруашылықта мал саны бүгінгі күні 250 басқа жеткен. Шаруашылықта күніне 2 200 литр сүт, 100 келіден аса ірімшік өндіріліп, еліміздің алыс аймақтарына жіберіледі. Аманғали Бисенбайұлы сүтті субсидиялаудың жолдарына қатысты шаруалармен пікір алмасып, шаруашылықтың жұмысына жоғары баға берді. Сол сияқты шығарылатын өнім санын және сапасын арттыруды, ветеринариялық талаптарды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, Аңдас батыр ауылдық округіндегі «Сыпатай батыр» шекара бекетінің маңында орналасқан ветеринария пунктінде болып, ондағы жұмыс барысын назарға алды.
Азық-түлік қауіпсіздігі еліміздегі өте өзекті мәселе екенін, сондықтан аталған пунктен өтетін өнімдерді мұқият тексеру қажеттігін айтқан вице-министр ондағы техникалық база мен цифрландыру мәселелеріне де көңіл бөлді.Аманғали Бердалин жұмыс сапарының үшінші күні Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалында, аталған комитеттің облыстық аумақтық инспекциясында, ветеринариялық лабораторияның облыстық филиалында болып, жұмысымен танысты.
Сонымен қатар Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылдық округіндегі «Аз-Нұр» шаруа қожалығында, «Алель Агро» акционерлік қоғамының құс сою алаңында және Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылдық округіндегі «Саурамбаев» балық шаруашылығына болып, кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдап, бірқатар сұрақтарға жауап берді.Жұмыс сапары барасында А.Бердалин 2002 жылы бұрынғы «Жамбыл аяқ киім» өндірістік бірлестігі базасында құрылған «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне соқты. Бұл кәсіпорын шикізаттан бастап, дайын өнімге дейін әзірлейді. Серіктестік басшысы Еркін Әбдібаев жұмыс барысымен таныстырып, бірқатар мәселелерді атап өтті.
– Зауыт айына кем дегенде 300 тоннаға дейін тері өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда қызыл ағаштан дайындалған күбі сияқты барабандар жұмыс істеуге дайын. Шикізатты Қостанайдан, Алматы облысынан алып жатырмыз. Одан бөлек өзіміздің жергілікті «Кемелден» жеке кәсіпкерлігінен дайын шикі затты сатып аламыз. Қазіргі таңда құрылғыларымызды сынақтан өткізіп, өнім дайындап көрудеміз. Тері өңдеу бірнеше кезеңдік жұмыстан тұрады. Алдымен малдың терісі жақсылап жуылып-шайылады. Сосын бетіндегі жүнін алып тастаймыз. Оның да өз машақаты бар. Оған біз әкті қолданамыз. Цехқа керекті химияның барлығы отандық өнімдер. Әр құрылғыға 10 тонна тері саламыз. Яғни бір жүктемені салғанда 500 малдың терісі кетеді, – деді Е.Әбдібаев.
Вице-министр кездесу соңында Тараз тері өңдеу цехының тыныс-тіршілігімен танысып, цехтың жұмысын әрмен қарай жандандыру керектігін айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, елімізде тері, жүн өңдеу маңызды бір мәселе болып тұр. Жүн өңдеу бойынша 1-2 кәсіпорын салынуда. Жыл соңына дейін іске қосамыз деп отырмыз. Тері өңдеу цехы өзінің рекострукциялау жұмысын жасаған. Облыс әкімі өз көмегін көрсетуде, – деді Аманғали Бердалин.
Айжан Өзбекова