Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өңірде орман өрті өршіп тұр

Өңірде орман өрті өршіп тұр
Ашық дереккөз
Көктем, жаз, күз мезгілдерінде табиғи өрттің шығу қаупі де жоғарылай түседі. Бұл тұрғыда орманды алқаптарды өрттен қорғаудың маңызы зор. Сол себепті жаз айларында орман-тоғайлардағы «тілсіз жаудың» алдын алу мақсатында өрт қауіпсіздігі маусымын өткізу жоспары белгіленіп, тиісті шаралар қабылданады. Орманды өрттен қорғау бойынша тәжірибелік оқулар жиі өтіп тұрады. Десе де атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан биыл өңірде орман өрті өршіген.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиевтің айтуынша, мемлекеттік орман қорында өрт қаупі бар маусым 20 наурыздан басталған. Осыған байланысты, орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылған.

– Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары толық жүргізілді. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техникалар жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз етілді.Қазіргі уақытта мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен өрт сөндіруші топтарда 305 адам және бірінші, екінші орман өртін сөндіру стансаларында 352 өрт жасақшысы құрылды.Өрт сөндіру жасақшылары толықтай нысаналы киімдермен қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өтіп, сертификат алды.

Облыстың 3 миллион 48 мың гектар орман қорында «Қазавиа орман қорғау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 1 тік ұшағы 20 наурыздан бастап әуеден бақылау-мониторинг жұмыстарын жүргізеді.Орман өрт сөндіру стансалары 5 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 кіші кешенді өрт сөндіру автокөліктерімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 66 «МТЗ» тракторлары соқалармен, 15 жартылай тіркемелі өрт сөндіргіш әмбебап цистерналармен жабдықталған. Орман шаруашылығы мекемелері орман қоры жерлерін күзетуге 72 жеңіл автокөлік пайдалануда, – дейді Нартай Әлібекұлы.

Жауапты маусымда облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жоспарға сәйкес 25-26 сәуір аралығында облыстық төтенше жағдайлар департаментімен, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп арнайы оқу-тәжірибелік жаттығулар өткізген. Оқу-жаттығудың мақсаты – орман өрттерінің алдын алып, мемлекеттік орман қоры жерлерінде «тілсіз жаудың» таралуына тосқауыл қою. Сонымен қатар, 28 маусымда Қордай ауданы аумағында Қырғыз Республикасымен трансшекаралық аумақта орман және дала өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған.

– Өткен жылы материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында 280 миллион теңге бөлініп, қажетті техникалар мен агрегаттар алынды. Ал биыл материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында жергілікті бюджеттен 393 миллион теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде өртке қарсы техникалар, патрульдік автокөліктер мен агрегаттар және өрт бақылау мұнараларын сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Биыл өрт қауіпті маусымы басталғалы өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына 31 мақала жарияланды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы жеке тұлғаларға 1 177 парақша таратылды, – деген Н.Егембердиев «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу туралы да баяндады.

– Атқарылған іс-шараларға қарамастан мемлекеттік орман қоры аумағында 21 орман өрті оқиғасы тіркелді. Салдарынан 11 585,5 гектар аумақ отқа оранды. Осыған орай, «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу алдағы уақытта орман өрттерінің алдын алуға, болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл ретте осы іс-шара барысында барлық аудандарда орман шаруашылығы қызметкерлері төтенше жағдай бөлімдерінің, құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп орман қоры аумағында өрт талаптарын сақтауды ескерту, өрт қауіпсізігінің талаптарын бұзу фактілерін анықтау бойынша рейдтер жүргізуде, – деді Нартай Әлібекұлы.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Дархан Қалдарбектің сөзіне сүйенсек, биыл облыста өрт қауіпті кезең басталғалы 11637,8 гектарды құраған 21 орман өртінен бөлек жалпы көлемі 148 гектар болатын 21 жану оқиғасы тіркелген. Көлемі 131 гектар болатын 13 жану оқиғасы ерікті өрт сөндіру жасақтарының көмегімен сөндірілген.

– Орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында 12 сәуірде облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданып, мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілген болатын.

Осыған сәйкес, облыс аумақтарына ғарыштық мониторинг жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен 6 миллион 500 мың теңге қаражат бөлініп, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері сәуір-қараша айлары аралығында күніне 3 рет облыстың мемлекеттік қоры аумағының 3,048 миллион гектар жерін «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің авиатехникасымен күзету жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ, облыс аумағының өрт қауіпті учаскелерінде «Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен ұшуды жүзеге асыру және олардың өртке қарсы жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін облыс бюджетінен 53 миллион 813 мың теңге (60 ұшу сағаты), орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының жарақтандырылуы тиістілік нормасының 78 пайызын құрап отыр, – дейді Д.Қалдарбек.


Дархан Өскенбайұлының айтуынша, облыстың ауылдық округтерінде 2 128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылым құрылып, олар 508 трактормен, 49 су тасушы техникамен, 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталған. Облыс аудандарындағы ерікті өртке қарсы құрылымдардың барлығы қоғамдық бірлестік нысанында құрылғанын айта кеткен жөн. 

– Биыл облыс аумағындағы 15 орман шаруашылығында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша 10 өрт-тактикалық жаттығу өткізілді. Сонымен қатар өртке қарсы жер жырту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілді. Қазіргі уақытта орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша әлеуметтік желілерде белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп 2021-2025 жылдары облыс аумағын дамыту жоспарына 13 шалғай елді мекенде өрт сөндіру автомобильдерімен және бейімделген техникамен жарақтандырылған өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру мүмкіндігін енгізу бойынша жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні облыс аумағында 19 өрт сөндіру бекеті құрылды. Жергілікті атқарушы органдардың бұл өрт сөндіру бекеттері былтыр өртке қарсы қызметпен бірлесіп 12 және өздігінше 7 өртті сөндіргенін атап кеткен жөн. Аталған бекеттердің жауапкершілік аймағында халық саны 211 мыңнан асатын 78 елді мекен орналасқан, – дейді Дархан Өскенбайұлы.


Сондай-ақ «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасының жоспарына сәйкес және мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары негізінде жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, ішкі істер және азаматтық қорғау қызметкерлерінен 16 мобильді топ құрылып, орман алқаптарында 337 рейдтік іс-шара жүргізіліпті. Нәтижесінде орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректері бойынша 660 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 296 азаматқа 3 миллион 995 мың 650 теңге айыппұл салынған.Соңғы екі жылда өрт сөндіру бөлімдері және мамандандырылған оқу орталықтарында 2 мыңнан астам ерікті өрт сөндіруші оқытылған. Жергілікті атқарушы органдар ерікті құрылымдарды техникалық жағынан нығайтуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру бойынша да жұмыстар жүргізуде. Мәселен, ерікті өртке қарсы құрылымдардың техникалық құрамын нығайтуға аудан әкімдіктері биыл 43 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар