Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мақтаулы Майра

Мақтаулы Майра
Ашық дереккөз
Тіршілік үшін су мен ауаның қажеттілігі қаншалықты зор болса, адам өмірі үшін де дәрігерлердің маңызы сондай жоғары. Жауапкершілігі мол, атқаратын жұмыстары ауқымды салаға бар өмірін арнап келе жатқан білікті маманның бірі – невропатолог дәрігер Майра Көрпебаева.

Кейіпкеріміз жан саулығының емі сабырлық сақтау екенін айтады. Алдына келген сырқат жанға ең бірінші уақыттан бұрын күйремеуге кеңес береді. Яғни адам баласы қандай жағдайда да салы суға кетпей, мықты болса, кез келген дертті жеңіп шыға алады. 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Майра Көрпебаева 1969 жылы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе медициналық университетінде алған. Бүгінде облыстық көпбейінді ауруханада күндізгі стационардың басшысы қызметін атқаруда. 55 адамға арналған күндізгі бөлімде әртүрлі аурумен ауыратын науқастар ем алады.

– Невропатолог – жүйке жүйесіне байланысты ауруларды диагностикалау және емдеумен айналысатын дәрігер. Алдыма сан түрлі науқас келеді. Бірі эпилепсиямен, бірі жүйкесінің тозуымен келсе, тағы бірін паркинсон ауруы мазалайды. Соңғы жылдары паркинсон сырқатымен ауыратын науқастар санының жыл сайын артуы байқалады.Жалпы барлық ауру – жүйкеге күш түскеннен туындайды. Себебі жүйкесі жұқарған адамның өмірге құлшынысы азаяды. Ұйқысыздық, жиі суық тию, аяқ-қолдың жансыздануы, қимылдың бұзылуы, ашушаңдық пайда болады. Адамның жүйке жүйесі парасимпатикалық және симпатикалық болып екіге бөлінеді. Біріншісі ағза тыныққан кезде іске кіріседі. Осы сәтте ас қорыту, ұйқы сияқты ағзаны қалпына келтіру жұмыстары жүреді. Сондықтан уақытылы ұйықтап, уайымға салынбау керек, – дейді невропатолог. 


Майра Абланқызы сөз арасында соңғы он жылда науқастардың көбі инсультпен, тоқтаусыз бас ауруымен, нақтырақ айтсақ, неврологиялық аурулармен түсіп жатқанын тілге тиек етті. 

– Күйзелістен, депрессиядан туындайтын неше түрлі ауру бар. Солардың бірі – инсульт. Ол – мидың қан айналымының бұзылуын қамтитын жүйке жүйесі ауруы дамуының соңғы нүктесі. Бұл ауру кезінде мидың кейбір аймақтарына қан ағымы азаяды немесе ол жерге жетуді толығымен тоқтатады.

Оның екі түрі бар: ишемиялық, яғни қанның артериялар арқылы ми жасушаларына өтуінің бұзылуынан пайда болса, геморрагиялық түрі мидағы қан кетуден болады. Тағы бір дерттің түрі – ми ісігі. Ол – психикалық бұзылыс қосулы болуы мүмкін организмдегі ісіктердің пайда болуының негізі.Мұндай психикалық және жүйке ауруларымен ауыратын науқастар қатты шаршайды, есте сақтау қабілеті нашарлайды, басы ауырады, сөйлемейді, есін жоғалтады. Пациенттер ерекше тұрақты күтімді қажет етеді. Терапия нейрохирургиялық әдіспен жүргізіледі, – дейді Майра Көрпебаева.


Жақсы адамның қашанда жүзі нұрланып тұрады. Майра Абланқызы да әрбір науқасқа туысы, жақыны секілді қарайды. Жылы сөзімен қолдау білдіріп, ем тағайындап, бізге де сұхбат беріп үлгерді. 

 Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар