Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бүлдіршіндер «бірдеңе» бүлдірмес үшін...

Бүлдіршіндер «бірдеңе» бүлдірмес үшін...
Ашық дереккөз
Жамбылдық құтқарушылар балабақшада танымдық іс-шара өткізді. Ерте жастан бастап бүлдіршіндердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және оларға тосын сәттердегі мінез-құлық ережелерін үйрету мақсатында «Айнелек» мектепке дейінгі балалар мекемесінде ұйымдастырылған сабақ ойын түрінде өрбіді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің офицері, капитан Данияр Келіс балаларға өрттің пайда болу себептері, төтенше жағдайлар туындаған кезде өздерін қалай ұстау керектігі және қандай әрекеттер жасалатыны туралы түсіндірді. 

Ал  сыртта кішкентай бүдіршіндер үшін ең қызықты дүние  күтіп тұрды. Ол – өрт сөндіру машинасы.  Жеткіншектер қызыл түсті көліктің кабинасына таласа-тармаса мініп, өздерін нағыз өрт сөндірушідей сезінді. Сонымен қатар жалынды ауыздықтауға арналған  жабдықтармен және арнайы құрылғылармен  танысып, ерекше қуанышқа бөленді.  

Іс-шара барысында департамент қызметкерлері балабақша ұжымына  алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану және оқыс оқиға  кезіндегі іс-қимылдар бойынша нұсқаулық өткізді. Ал құтқарушы дәрігерлер тәрбиешілерге дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретті.

– Өмірден қымбат еш нәрсе жоқ. Қазіргі заманда аман-сау, бірдеңеге ұрынбай ғұмыр кешудің  өзі ғажап. Бала деген ұрыншақ келеді. Бәріміз де бала өсіріп отырғандықтан, оны жақсы білеміз. Сондықтан да біздер кішкентай бүлдіршіндерге  арнап қауіпсіздік туралы сабақ өтуге бекіндік. Айтқанымыз, үйреткеніміз естерінде қалады деп ойлаймын.Жаз – балалардың сауық-сайран салатын мезгілі. Бұл уақытта ата-аналар өте мұқият болуы керек. Себебі демалыс орындарында түрлі қауіп-қатерлер туындауы  мүмкін. Сондықтан әр ата-ана жаз мезгіліндегі қауіпсіздік ережелерімен таныс болғаны жөн.

Оны балаларыңызға айтып қойған артықтық етпейді. Қауіп тек демалыс орталықтарында ғана емес, ойын алаңында, жолда немесе қоғамдық орындарда да болады. Көзіміздің нұры саналатын перзенттеріміздің өмірін сақтап қалу үшін бір сәтке де босаңсуға болмайды. Осы орайда қарапайым ғана қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтағанымыз абзал.Балаға күн тиіп қалмас үшін жаздың ыстық күндері міндетті түрде бас киім кигізу керек. Кішкентайлар тамақ ішер алдында қол жууды әдетке айналдыруы тиіс.

Баланы бағдаршамнан өтуге үйретіп, автомобильден келетін қауіп туралы түсіндіріп отыру қажет.Көптеген отбасылар ыстық күндері суға шомылуға барады. Ересектер де, балалар да рахаттана күнге күйіп, таза ауамен демалады. Суға шомылуға барарда мына ережелерді ескерген жөн. Балаға сіздің қарауыңызсыз,  тіпті, үрлемелі дөңгелектермен суға түсуіне рұқсат бермеңіз. Кішкентай баланы суға тек жүзгіш жилетпен жіберіңіз. Сосын жеткіншектердің  суда тығылатын немесе бір-бірін батыратын ойын ойнауына жол бермеу керек.  Оның орнына тығылыспақты да жағажайда ойнауын өтініңіз.

Ал табиғатқа шыққанда кенеден сақтану керек.  Мұндайда балаға жабық шалбар мен жабық аяқ киім кигізген жөн. Шалбар балағын шұлыққа салып қойыңыз. Балаға ормандағы таныс емес саңырауқұлақтар мен жидектерді жеуге болмайтындығын түсіндіріңіз. Олар улы болуы мүмкін. Сона, ара секілді жәндіктердің шағуын болдырмас үшін олар бар кезде қозғалмай тұру керектігін айтыңыз. Мүмкіндік болса, баланы қараусыз қалдырмаған абзал, - дейді төтенше жағдайлар офицері Данияр Келіс.Бала – адамның бауыр еті, әрі еліміздің ертеңгі сенімді тірегі. Сондықтан да олардың қауіпсіз ортада аман-есен жетіліп, қатарға қосылуына қай-қайсымыз да мүдделі болуымыз керек.

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар