Жиында алдымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров есеп беріп, вегетация кезеңінің өту барысын баяндады. Айтуынша, аймақта 7 суқоймасы, 11 суторабы, 2 бөгет, 2 178 шақырым ирригациялық суландыру арнасы бар. Өңірде жалпы 221,6 мың гектар суармалы жер болса, биыл 88 896 мың гектарына шаруалармен келісімшарт жасалыпты. Суармалы жерлерге 595 миллион текше метр су беру жоспарланса, қазірге дейін нақты 200 миллион текше метрі жеткізілген.
– Суару маусымына қатысты мекеме тарапынан бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, ылғал сүйгіш дақылдардың көлемін қысқарту, ылғал үнемдейтін технологияларды қолдану, ауыспалы егістерді қатаң сақтау, ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру бойынша ұсыныстар берілді. Тұрақты түрде Шу, Талас өзендері арнасынан келісілмеген су алу мәселелері тексеріліп, келісімшартқа тұрғызу ісі бақылауда болады. Сондай-ақ суқоймаларында бар су көлемін ескере отырып және бекітілген суару нормалары мен суару саны негізінде су тұтыну кестелері мен суару режимдері есептелді. Қазіргі уақытта вегетациялық кезең кедергісіз кестеге сай жүргізілуде, – деген Асқанат Пермебайұлы биыл облыс шаруаларымен 595,249 миллион текше метр суға 3 617 келісімшарт жасалғанын айтып өтті.
Баяндамашының сөзінше қазіргі уақытта өңір диқандары су тапшылығын көріп отырған жоқ. Биыл жауын-шашын жылдағыдан көп жауғандықтан егінге қолайлы жағдай туғызған екен.Сондай-ақ А.Қадыров филиалдың 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Баяндамашы өз сөзінде 101 кіші бағдарламасы есебінен – 3, тариф есебінен 2 жоба жүзеге асып жатқанын айтты.
– Тарқатып өтсем, 101 кіші бағдарламасы арқылы өңірдегі 12 тірек гидротехникалық құрылысқа ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде 5 нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 7 құрылыстың жұмысы аяқталған. Жоба құны – 418,42 миллион теңге. Сол сияқты 8 тірек гидротехникалық құрылысты инженерлік-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету жоспарланды. Қазірге дейін 5 тірек гидротехникалық құрылыс бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, 3 нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 90 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ 11 тірек гидротехникалық құрылыс көпфакторлы зерделеу жүргізуді және бөгет қауіпсіздігін әзірлеуді қажет етуде.
Бұл жұмыс бойынша құрылысқа қатысты құжаттар мен өтінімдер мемлекеттік сатып алу порталына жүктелуде.Құрылыс жұмыстарына 265 миллион теңге қарастырылған.Ал тариф есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 11 каналға қатысты инвестициялық жоба іске асырылады. Бүгінгі күнге 3 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта 2 каналдың жөндеу жұмыстары басталады. Аталған жобаларға 763 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар тариф есебінен 59 су өлшеу бекетін қалпына келтіру жоспарланса, қазірге дейін 33 су өлшеу бекеті бойынша жұмыстар аяқталды. Қалған 26 су өлшеу бекетінің құрылысы вегетация кезеңі аяқталғанша толығымен бітеді, – деді Асқанат Пермебайұлы.
Сөз соңында баяндамашы облыстағы су жүйелерін қалпына келтіру барысымен таныстырды. Айтуынша, құрылыс жұмыстары Еуразия қайта құру даму банкінің 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бүгінге дейін банк тарапынан бөлінген 27,2 миллиард теңге қаржының 17,4 миллиард теңгесі игерілсе, қалған 9,8 миллиард теңгесі 2024-2025 жылдары игеріледі деп жоспарланған. Мұнан соң тақырып аясында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нартай Егембердиев баяндама жасады.
Басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгеріміндегі 113 суқоймаға суару кезеңінің алдында 99,8 миллион текше метр су жиналған. Сонымен қатар, облысқа қарасты Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» суқоймасында 467,7 миллион текше метр, «Орто-Токой» суқоймасында 438 миллион текше метр су жиналған. Аталған суқоймаларында жинақталған судың көлемі Қазақстан үшін Қырғыз Республикасымен Талас өзені бойынша 380 миллион текше метр, Шу өзені бойынша 180 миллион текше метр көлемінде су алу жөніндегі келісімге келуге мүмкіндік берген. Осылайша облыста суару маусымы сәуір айының үшінші онкүндігінде басталып, қазіргі уақытта штаттық кестеге сай өтіп жатыр.
– Облыстың 6 ауданында егіс алқаптарын сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін 2019 жылдан бастап халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен сушаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың құны 37,4 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күнге 27,6 миллиард теңгесі игеріліп, ұзындығы 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артты. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған екі жобадан бөлек каналдарды қайта жаңғырту бойынша тағы 1 жобаны іске асыру ойда бар. Атап айтқанда Ислам даму банкінен 76 каналды қайта жаңғыртуға 86,5 миллиард теңге көлемінде несие алуды жоспарладық.
Осы бағытта шілде айының 10-11 күндері Астана қаласында басқарма басшысы «Қазсушар» кәсіпорнының басшылығымен бірлесіп Ислам даму банкінің сарапшыларына каналдарға қатысты әзірленген жобаларды таныстырды. Нәтижесі бойынша ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері мен банк сарапшыларынан жұмыс тобы құрылып, 13-14 шілде күндері облыс тарапынан ұсынылған су нысандарына бағалау жұмыстарын жүргізді. Жергілікті әкімдік өкілдері жұмыс тобына жобаларды таныстырып, оларды іске асырудың маңыздылығы жөнінде тиісті ақпараттарды берді.Осылайша несие беру мәселесі алдын ала мақұлданды.
Бүгінде су нысандарын қайта жаңғыртуға арналған конкурс рәсімдері талқылануда, – деген Нартай Әлібекұлы облыста 2026 жылға дейін жаңа 12 суқойманың құрылысын жүргізу, қолданыстағы 4 суқойманы қайта жаңғырту жоспарланғанын жеткізді. Бүгінгі таңда аталған іс-шаралар аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Сарысу ауданында орналасқан «Ынталы» суқоймасын қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 202 миллион теңге бөлінген. Дегенмен нысанда құрылыс жұмыстары жобаға түзетулер енгізілуіне байланысты тоқтап тұр екен.
Ал Шу ауданында орналасқан «Тасөткел» суқоймасына 2019 жылдан бастап қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 3 115,0 миллион теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін 2 988,0 миллион теңгесі игеріліп, құрылыс жұмыстары 90 пайызға еңсерілген. Сонымен қатар республикалық меншіктегі «Теріс-Ащыбұлақ» және «Қарақоңыз» суқоймаларын қайта жаңғырту үшін арнайы жобалар әзірленуде.Сол сияқты 2022 жылдан бастап Меркі ауданындағы көлемі 1,9 миллион текше метрді құрайтын жаңа «Андас 1», «Андас 2», «Андас 3» суқоймаларының құрылысы жүргізілуде.
Ал, Талас ауданындағы «Ақмола», Қордай ауданындағы «Ырғайты» және «Қалғұты» суқоймаларының құрылысына Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Қалған кіші 6 суқоймаға байланысты аудан әкімдіктері жобаларын әзірлеп жатыр екен.Сондай-ақ басқосуда облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды.Оның 141,8 мың гектары жерүсті әдісімен, 28,5 мың гектары заманауи жаңбырлатып суару әдісімен, 11,5 мың гектары тамшылатып суарылады.
– Биылғы вегетация кезеңінде 6,6 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар 94 пайызға орындалды. Бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 50,4 мың гектарға, ал 2030 жылы 72,5 мың гектарға жеткізу көзделуде.Мемлекеттік қолдау шаралары аталған тапсырманың тиісті деңгейде орындалуына ықпал ететін болады. Атап айтқанда, инвестициялық субсидиялау шеңберінде фермерлердің инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығынының 50 пайызы өтеледі.Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының пилоттық жобасы аясында 1,4 миллиард теңгеге су үнемдеу технологиясы бойынша 2 жоба іске қосылатын болады. Жоғарыда аталған барлық шараларды іске асыру қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауылшаруашылығы саласының дамуына серпін береді, – деді Қайрат Есенұлы.
Мұнан аймақ басшысы былтырғы қуаңшылық кезеңін мысалға келтіре отырып, вегетация кезеңіне немқұрайды қарауға болмайтынын ескертті.
– Биыл ауылшаруашылығы саласында жоғары жетістікке қол жеткізіп, мол өнім аламыз деп отырмыз. Сондықтан былтырғы қателікке тағы да жол бермеу үшін керек амалдардың бәрін жасау қажет. Мәселен лазерлік тегістеу әдісін су үнемдеу технологияларының қатарына қосу керек. Осыны назарға алсаңыздар. Сондай-ақ жерасты ұңғымаларын пайдалану да ұтымды шаралардың бірі. Бастысы нәсібін жерден тапқан шаруалар қиналып қалмасын, – деді Е.Қарашөкеев.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Орынбеков баяндама жасап, су тасқынының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар етті.
Облыс әкімі департамент мамандарының алдына су тасқынының себептерін жақсылап зерделеп, сараптама жасап, он күн ішінде қорытындысын дайындау міндетін жүктеді.
Ақтоты Жаңабай