Салтанатты іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қанат Исмаил қатысып, ізгі тілегін білдірді.
– Халық көп сұраған көл бірнеше жылдан кейін пайдалануға беріліп отыр. Жалпы аумағы 6 гектарға созылған айдын алдағы уақытта көпшілікке қолайлы демалыс орны болады деген сенімдемін. Тараздықтарға мұндай мүмкіндік сыйлағаны үшін «South Holiday» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғыс білдіреміз. Аталған аймақта адамдар көп жиналады деп күтілгендіктен, қауіпсіздік шаралары бірінші орынға шығатыны айтпаса да түсінікті. Бұл мақсатта нысан аумағына 20-дан астам қауіпсіздік қызметкері қадағалау жұмыстарын жүргізіп, арнайы талаптар бекітілген. Мәселен, балалар шомылатын аумақта судың тереңдігі 1 метр 70 сантиметрден аспайтын болса, ересектер үшін бұл меже 2 метр 70 сантиметр болып белгіленген. Су айдынының қолайлы аумақта орналасуы қала тұрғындары үшін қолжетімділік пен жайлылықты арттырады деп сенемін, – деді Қ.Исмаил.
Жағажайдың құрылыс жұмыстарын «Зербұлақ» аквапаркі мен «Balbulaq» демалыс орнын салған «South Holiday» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Үш жылға жуық уақытқа созылған құрылыс жұмыстары мен көл аумағын тазалау, айдынның табанын тас төсендімен тегістеуге 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Осы орайда айта кетерлігі, жағалауға кіру құны ересектер үшін 1 000 теңгені құраса, бір отбасы үшін 16 жасқа дейінгі 2 балаға кіру тегін. Қала әкімінің орынбасары жағажайдың не себепті ақылы екендігіне де тоқталды.
– Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және қызмет көрсету үшін 30-ға жуық жұмыс орны ашылған. Бұл халықтың қолайлы демалуына жағдай жасайды, – деді Қ. Исмаил.
Айта кету керек, компания тарапынан көпбалалы аналарға жеңілдіктер де қарастырылған. Арнайы белгіленген күндері 50 пайыздық жеңілдікпен жағажайда демалуға болады.
Аяулым Жаманқара