Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі

Ақсақалдар кеңесі –  ел бірлігінің кепілі
Ашық дереккөз
«Қарты бар үйдіц қазынасы бар» дейді дана қазақ. Кішілерге өзінің өмірден көргені мен көкейге түйгенін әрдайым үйретіп, үлгі-өнеге көрсететін қариялар бүгін де қоғамға өз үлестерін қосуда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған «Ақсақалдар кеңесі» атты биресми қоғамдық институт біздің облыста да нәтижелі жұмыс істеп келеді.

Мәселен, биылғы алғашқы тоқсанда ақсақалдар кеңесінің рөлі мен мәртебесін арттыру бойынша облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде 116 шара өткен.Қазақта қариялар қоғамда болып жатқан мәселелерде үнемі үн қосып, түйткілдердің түйінін тарқатып отырған.Осы орайда облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханов та азаматтық ұстанымын аңғартып, ұтымды ұсыныстарымен бөлісіп жүр. Соның бірі – жастарды театрға тарту мәселесі. 

– Астана мен Алматы қалаларындағы театр мен басқа да өнер ордаларында сахнаның сәнін келтіріп жүрген жамбылдық таланттарымыз қаншама. Әрине, жастарымыздың үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүргеніне мақтанамыз, марқаямыз. Бірақ сондай сахна, сондай көрермен Жамбыл жерінде де бар екені еске түссе, ішімізден «әттеген-ай» деген бір үннің құмығып шығатыны жасырын емес. Жамбылдық жастардың түсіне театр кіріп жүр, – дейді Асқарбек Ақылшаұлы.


Осы мақсатта «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан  этнос жастарының «Достық» театры құрылды. Жаңадан құрылған театр өткен жылы театр фестивалінде бірінші орынға ие болып, биыл Алғыс айту күніне орай Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты шығармасын сахналаған еді.Қойылым режиссері Асқарбек Ақылшаұлының өзі Ахмет атаның рөлін сомдап, жас толқынға жол көрсетті.Сонымен қатар ақсақалдар кішкентай өрендермен кездесу өткізіп, ұлтық құндылықтың қалыптасуына атсалысады.

Жуырда ғана кеңес мүшелері №33 «Айсәуле», №17 «Балбөбек» бөбекжай-бақшаларының бүлдіршіндерімен кездесіп,  түркі халықтарының ертегі жинағын сыйлады. Ақсақалдар кеңесінің өкілдері түрлі жағдайдағы бата өнегесін танытып, бүлдіршіндерге бата берді.Арнайы қазақы салт-дәстүрмен жабдықталып, ұлттық тағамдар қойылған дастарқан басында бөбектердің бата беру дәстүрі тамашаланды. Өз кезегінде балалар да ән-жырдан шашу шашып, байтақ еліміз туралы ән шырқады. 

Айта кету керек, шараның ерекше тұсы – этнос балаларының қамтылуы. Жобаның өткізілу мақсаты – ұлттық мәдени кодты балалардың бойында қалыптастыру мен этностарды қоғамдық өмірге интеграциялау. Сондай-ақ әз Наурыз мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысына «Ақсақалдардың аталы сөзі» атты республикалық конференцияға Асқарбек Ақылшаұлы қатысып, жиында аталы сөзін арнап, баталы тілегін білдірді.

Әулиеата өңірінің атынан М.Х.Дулатидың бейнесі тоқылған кілем сыйға тартылды. Келелі жиында  қатысушылар ақсақалдар кеңесін одан әрі жетілдіру және дамыту жолдарын талқылады. Иә, кеңестің жұмысы мұнымен тоқтап қалмасы анық. Қазыналы қариялар тоқсан сайын бас қосатын кездесулерде өзекті  мәселелерді көтеріп, өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қоса бермек. 


    
Аяулым Жаманқара

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар