Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Цифрлық дәуірдегі кітапхана

Цифрлық дәуірдегі кітапхана
Ашық дереккөз
Әр заманның ұрпаққа қоятын өз талабы, өз міндеті бар. Ел мәдениетінің, мемлекеттің жүйелі түрде дамуы ұрпақтың уақыт талабына икемделуінсіз жүзеге асқан емес. Ал бүгінгі таңда заманауи технологиялар дамып, адам өміріне дендеп енді. Ендеше қоғамның барлық саласын цифрландыру маңызды міндет. Осы тұста руханияттың қазығына айналған кітапханаларды цифрландыруға басымдық берілген.

Цифрландыру – бұл компьютерлік технология құралы мен құжаттарды алудың және сақтаудың тәсілі. Цифрлау көшірмесі дискілерде, сондай-ақ электронды дерекқорларда және электронды кітапханаларда сақталуы мүмкін. Кітапхана қорындағы құжаттардың көшірмесін жасау олардың мәңгілік болуына кепіл береді. Өйткені, әр цифрланған кітаптың қорғалған серверде кем дегенде бір көшірмесі болады. Және де кітапты цифрлау көп еңбек сіңіруді талап ететін жұмыс.

Сканерлеу технологиясын жасауға, цифрланған бейнені өңдеуге, оны сақтау және кітапхана пайдаланушыларына, сонымен қатар қашықтағы пайдаланушыларға электронды көшірмелердің қолжетімділігін ұйымдастыруға уақыт қажет. Осы бағытта атап айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде.Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа тұрып, шығармаларының электронды көшірмелерін жасау жұмыстарын жүргізуде.Бүгінге күнге дейін кітапхана қызметкерлері 65 жергілікті ақын-жазушымен авторлық келісімшартқа тұрып, олардың 157 шығармасының электрондық көшірмелерін жасады. 

Аталмыш келісімшарт арқылы біздің кітапхана өнер, ғылым және әдебиет туындыларын пайдалану құқығына ие болды. Яғни авторлық құқықтың бірден-бір әрі толық құқылы иесі бола отырып, жергілікті ақын-жазушылар өз туындыларының сканерлеу жолымен жасалған электронды көшірмелерін дайындау және облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының электронды депозитарийіндегі Е-көшірмелерді тұрақты сақтау құқығына ие болды.

Сөйтіп, біздің кітапхана мәліметті жалпыға бірдей жеткізу қызметіне қол жеткізіп, туындылардың электронды көшірмелерін пайдаланушыларға ұсынуда.Сонымен қатар, депозитарлық сирек кездесетін басылымдар қорындағы кітаптарды цифрлау мақсатында «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрлау» жобасы аясында кітаптардың электронды нұсқасы жасалуда. Бүгінгі таңда цифрланған басылымдар саны – 363 дана. «Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық жүйесі арқылы еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы қордағы сирек кездесетін кітап қорынан 893 дана басылымды цифрландырып, ұлттық электрондық кітапханаға жіберді.

Оның 363 данасы – сирек басылымдардың электронды нұсқалары.Құжаттарды цифрлау бізге кітапхана қорларын сақтау үшін барлық қажеттіні жасауға; ұлттық бөлігі ретінде аймақтық цифрланған мәдени мазмұнды қалыптастыру және сақтауға; аз данадағы, ескірген жағдайдағы құнды кітапхана қорларын электронды түрде сақтауға; электронды коллекциясын жасауға; мәдениет және білім бойынша ақпараттық ресурстарға қол жетімділікті қамтамасыз етуге, оларды білім процесіне енгізуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар, осы жоба аясында сирек кездесетін кітаптарды цифрлы түрге көшіру арқылы Ұлттық электронды кітапханасының қоры едәуір толықты.Сондай-ақ кітапхананың веб-сайтындағы арнайы «Оқу» бөлімінде «Әдеби әлем» айдарында жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары мен 1949 жылға дейін жарық көрген басылымдардың 305 данасы енгізілген.

Осы айдар арқылы көрсетілген жергілікті ақын-жазушылардың шығармалар тізімініне енгізілген әрбір шығарманы жүктеу арқылы еркін онлайн оқу мүмкіндігі жасалған.Облысымыздан шығатын мерзімді басылымдардың құжаттық мұраларын сақтау және кітапхананың өлкетану қорын пайдаланушыларға кең көлемде қолдануға мүмкіндік беру, мәтін бойынша іздестіруге, қызығушылығы басым пайдаланушылардың бірегей басылымдарға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында кітапхана қызметкерлері «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобасы аясында да жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.

Түрлі бағытта жергілікті мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалардың электронды көшірмелері өңірлік толықмәтінді электронды дерекқорға жинақталды. Аталмыш дерекқор да кітапхана сайтына орналастырылған.Бүгінгі күнде топтамадағы көне құжат – 1957 жылғы, ал ең соңғысы – 2017 жылғы. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде. Әрбір дана өзіндік жеке сипаттамаға ие.Сонымен қатар «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында 20 931 дана мерзімді басылым цифрландырылды.

Аталған жобалардың тиімділігіне тоқталсақ: біріншіден, бұл газеттің мұрағатын сақтауға, оны қорғауға мүмкіндік береді, екіншіден, цифрлы форматтағы газет сандары ел тарихын зерттеушілер үшін өте тиімді болады.Жергілікті мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған ақпараттың құндылығы мен таптырмастығы ескеріледі, өйткені ол материал басқа республикалық немесе облыстық газеттерде табылмайды. Облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ғана мерзімді басылымдар архиві жинақталады.

Басқа қалалық, аудандық, ауылдық деңгейдегі кітапханаларда кітапхана ережесіне сәйкес уақыты келген жағдайда мерзімді басылымдар қор есебінен шығарылады. Біздің кітапханада олар жиналып, сақталады.Бұл жерде кітапхана архив жұмысын қайталайды деуге де болмайды. Кітапхана республика, өңір тұрғындарының барлық санаттары үшін барынша қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы архивтің жұмысын тек толықтырады. Кітапхананың архивке қарағанда, оның қызмет көрсету тәртібінің міндетті ресми түрде рәсімделу қажеттілігін ескерсек, барлық санаттағы азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігін атап өту керек. 

Кітапхана қорында жинақталған мерзімді басылымдар қорының электронды нұсқаларын жасау келесі мәселелерді шешуге мүмкіндік жасайды: - цифрландыру бірақ рет жасалынып, әрі қарай құжаттардың электронды нұсқалары пайдаланушыларға ұсынылуы арқылы түпнұсқаның тозығы тоқтатылады, кемиді; - сақтау мерзіміне қарай жағдайы мүлдем нашар, әбден тозығы жеткен материалдарға да олардың электронды нұсқаларын пайдалану арқылы қолжетімділік мүмкіндігі туады; - элекронды нұсқа шексіз сақтау мерзіміне ие болады; - электронды нұсқаларды кітапхана қызметінің жарнамалық-коммерциялық қызметінде өңірлік мерзімді басылымдардың электронды дерекқоры туралы ақпаратты таратуға жұмысында пайдалануға болады; - электронды нұсқалар кітапханааралық тарату мүмкіндігі аясын кеңейтеді. Ақпарат ғасырында жаңа технологияларды меңгеру мен байланыстың жаңа түрлеріне көшу уақыт сұранысына орай біздің кітапхананың атқарып отырған жұмыстарының негізгісі осылар.

Эльмира Абдин,
Ш.Уәлиханов атындағы
 облыстық әмбебап
 ғылыми кітапхана
 директоры

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар