Біздің елімізде мұғалімнің біліктілігін арттыру қажеттілігі заңнамамен бекітілген. Бір жағынан, бұл барлық мұғалімді өздерінің кәсіби деңгейлерін жүйелі түрде көтеруге міндеттейді, ал екінші жағынан, біліктілік арттыру процесі жұмыс берушінің, яғни мұғалімдер жұмыс істейтін білім беру ұйымының есебінен жүреді. Ал басқа елдерде бұл мәселе қалай жүзеге асырылатынына шолу жасап өтейік. Көптеген шетелде мұғалімдердің біліктілігін арттыру заңнамамен бекітілген. Мысалы, Нидерланды, Жапония, Лихтенштейн, АҚШ, Бельгия, Германия, Канада мемлекеттерінде біліктілік арттыру міндетті болып саналады.
Алайда Дания, Италия, Франция, Норвегия, Люксембург, Швеция сынды мемлекеттерде ол қызметкердің қалауы бойынша, яғни ерікті түрде жүзеге асырылады екен. Аустрияда мұғалімдер жылына кемінде 15 сағат, ал Голландияда 166 сағат біліктілігін арттыруға арнауы керек. Сингапур билігі мұғалімдерді жыл сайын 100 сағаттық біліктілікті арттыру курстарынан өтуге міндеттеген. Біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысатын мұғалімдердің саны әр елде әртүрлі.
Мысалы, Еуропада мұндай мұғалімдердің ең көп пайызы Словенияда (76 пайыздан астам), Азияда (әсіресе Корея ерекшеленеді, жылына шамамен 92 пайыз). Осы ақпараттарға сүйене отырып, дамыған мемлекеттерде біліктілікті арттырудың маңызды белгісі – нарықтық экономика жағдайында мұғалім өзінің жеке бастамасын да, кәсіби дамуын да өз бетінше дамытуға дайын екендігін көреміз. Педагог өзінің кәсібилік деңгейі үшін мемлекетпен бірге жауапкершілікті бөліседі. Сонымен қатар Финляндияда мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қатысуы олардың жалақысы мен мансаптық өсуіне әсер етпейді. Жапонияда педагогикалық университеттер мен факультеттердің түлектері мектепке келер алдында жұмысын тағылымдамадан бастайды, яғни біліктілікті арттыру педагогикалық қызмет өтілін алғанға дейін басталады.
Швециядағы бұл салада мемлекеттің бірыңғай міндеттері де, мемлекеттік бақылау жүйесі де жоқ. Германияда үздіксіз білім беру контексінде келесі ерекшеліктер бар: педагогикалық қадағалау ұйымның екі деңгейінде жүзеге асырылатын инновациялық және қашықтықтан оқыту формасы ретінде: институционалды және институционалды емес («Виртуалды мектеп» жобалары, «Schulweb», «Lehreronline», «Bildung-lline», «E-Twinning», «Lernmodule.net», педагогика бойынша онлайн вебинарлар және басқалар). Бұл форманың негізгі мақсаты – педагогтардың ақпараттық мәдениетін дамыту, олардың кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Ойлап қарасақ, біздің елде де осындай жұмыс жүйесі қалыптасқан.
Енді еліміздегі жағдайға келетін болсақ, мұғалімдер біліктілікті үздіксіз арттырудың қажеттілігімен келіседі. Сондықтан мұғалімдерге арналған оқу әлемнің әртүрлі елдерінде қалай ұйымдастырылғанымен салыстырсақ, біздің елде біліктілік арттыру жүйесінде барынша тиімді тәсілдер таңдалғанын көруге болады. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 2022 жылдан басталған біліктілік арттыру курстарының мазмұны мұғалімдердің пәндік құзыреттіліктерін дамытуға бағытталуымен ерекшеленеді. Педагогтардың біліктілігін арттырумен қатар, оқудан өткен педагогтардың қызметін курстан кейінгі қолдау жұмысы жаңа форматта ұйымдастырыла бастады. Өйткені курстардың практикалық құндылығын арттыратын да осы курстан кейінгі кезең болып саналады.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңы 5-бабының 38-1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылы 28 каңтардағы №95 «Педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтың кызметін курстан кейінгі қолдау кағидалары» бұйрығына сәйкес Педагогтардың қызметін курстан кейінгі колдау туралы ереже әзірленді. Сонымен қатар елімізде мұғалімдердің тәжірибесіне енгізіле бастаған, шетелдік оқыту әдістемесін және оқушылардың оқу тәжірибесін жетілдіріп, жақсартуда қуатты құрал ретінде танылған бірқатар тәсіл таңдалды.
Әрине, мұғалімге теория мен тәжірибе арқылы игеретін іскерліктерді 80 сағаттық курс мазмұнында қалыптастыру жеткіліксіз болуы мүмкін. Дегенмен курстан кейінгі қолдау арқылы осы құзыреттіліктерін қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында оқудан өткен таңдаушылардың санаттары бойынша курстан кейінгі қолдаудың «Action Research», «Lesson Study», «Learning Study», «Fasilitated action research» әдістері ұсынылатын болады.
«Action research» (іс-әрекетте зерттеу) – бұл мұғалімнің ақпарат жинау, кейіннен өзінің нақты оқу орнының жұмыс әдістерін, оқушыларды ерекше, яғни нақты тәжірибелік мәселелерді шешуге және осы мәселелерді шешудің жолдарын іздеуге бағытталған оқыту және білім беру тәсілдерін жетілдіру бойынша жүйелі әрекеті. «Facilitated action researd» (іс-әрекетте жеңіл зерттеу) нысанында бүкіл зерттеу кезеңі білім беру сарапшысының, фасилитатордың сүйемелдеуімен және колдауымен өтеді.
Бастауыш сынып мұғалімдеріне, балалар мекемелерінің тәрбиешілеріне қолдануға кеңес беріледі.«Lesson studу» (сабақты зерттеу) – рефлексиялық сауалнама кезеңі. Мұнда мұғалімдер, біріншіден, оқу бағдарламасын оқып, сауалнаманың максатын анықтайды. Екіншіден, сабақты жоспарлайды. Үшіншіден, белгілі бір сынып жағдайында оқытады және деректер жинайды. Төртіншіден, ойланады және оқу жоспарын қайта қарастырады.
Ал «Learning study» (оқытуды зерттеу) әдісі – бұл мұғалімдердің нақты оқу пәндерін меңгеруге көмектесу үшін педагогикалық білім мазмұнын бірлесіп құpy және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру арқылы оқушылардың оқу тиімділігін жақсартуға бағытталған бірлескен зерттеу тәсілі. Педагог қызметін курстан кейінгі қолдау іс-шаралары тыңдаушының құзыреттерін дамыту бойынша кызметтің жеке жоспарын әзірлеу және іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
Қолдау жұмысы аалдымен «Google» кестесінде курстан кейінгі тәжірибеде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін жеке дамыту траекториясының жоспарын әзірлеуден басталады. Екінші кезеңде AR, FAR, LS, LrS әдістері арқылы курстарда алынған білім мен дағдыларды қолдану тәжірибесі мен практикасын талқылау, тарату мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының базасында біліктілікті арттыру курсынан өткен педагогтардың қауымдастығы құрылып, филиал қызметкерлері қатарынан қауымдастық кураторлары бекітіледі.
Педагогке әдістемелік колдау көрсету мазмұнына зерттеу жүргізу және зерттеу нәтижелерін жариялау кезінде кеңес беру, кері байланыс ұсына отырып, мұғалімдердің сабақтарына қатысу кіреді. Сондай-ақ курстан кейінгі қолдау нәтижелері бойынша «дөңгелек үстел» ұйымдастыру, оқытушының әдіснамалық қолдауымен (педагогтардың бастамасымен) вебинарлар, семинарлар, мастер-кластар өткізу міндеттелген. Сонымен қатар БАҚ-та, ғылыми-әдістемелік басылымдарда, желілік ресурстарда педагогтардың курстан кейінгі қолдау нәтижелері жариялануы тиіс. Соңғы кезеңде педагогтың кәсіби қызметіндегі өзгерістерге қорытынды мониторинг жасау және талдау, кәсіби даму тиімділігін зерттеу құралдарын әзірлеу, Гаски моделі бойынша педагогтардың кәсіби дамуға қажеттіліктерін анықтау үшін сандық және сапалық деректерді жинау және өңдеу жүзеге асады.
Курстан кейінгі қолдаудың нәтижесінде оқудан өткен педагог біліктілікті арттыру курстарында алған құзыреттерді тәжірибеге енгізу бойынша педагогтарға қолдау алады. Одан әрі кәсіби және мансаптық өсу үшін педагогтардың сұраныстары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін жеке білім беру траекториялары анықталады. Сондай-ақ «Action Research», «Facilitated action research», «Lesson Study», «Learning study» әдістері арқылы курстарда алған білімін қолданады және түрлі педагогикалық тестілеуден өту кезеңіне дайын болады. Сол сияқты LMS платформасында виртуалды қауымдастықтың жұмысында еркін жұмыс жасай алады.Педагогикалық жүйе мен педагогтардың құзыреттілігін кәсіби дамытуға бағытталған бастаманы бағалау қиын екені анық. Алайда бүгінгі таңда Қазақстанда мұғалімдердің біліктілігі мәселесі өзекті болып табылады. Курстан өту кезінде педагогтардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытудың нәтижесі курстан кейінгі қолдау арқылы жалғасын табады.
Сағадат Қарымбаева,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы»
АҚ филиалы-облыс бойынша
Кәсіби даму институты
«Педагогика және пәндік әдістер»
кафедрасының меңгерушісі
Халықаралық жазғы мектеп ашылды
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық фильм халықаралық фестивальде екі жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 желтоқсан, 2024