Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Ашық дереккөз
Облыста жыл басынан бері 768 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 87 адам қаза тауып, 1 184 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алыпты. Жол апаты көбіне республикалық маңызы бар тасжолда болады екен. Осы орайда жуырда облыстық прокуратураның бастамасымен профилактикалық іс-шара өтті. Мұндағы басты мақсат – адам тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілеріне жол жүру ережелерін түсіндіру.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руслан Оразбақовтың айтуынша, автокөлік апатының көбі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  тасжолында орын алады екен. Мәселен, жарты жыл ішінде осы жолда  болған 126 жол-көлік оқиғасынан 38 адам қаза тапса, 270 жолаушы әртүрлі жарақат алған. Көлік апаттарының басты себебі – жылдамдықты шектен тыс асыру.

– Облыс аумағында жол-көлік оқиғасының 67,5 пайызы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында орын алып жатыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының 450 шақырымы облысымызға тиесілі. Сол себепті жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін патрульдік полиция батальоны жеке құраммен, екі ауысымда 12 автоэкипаж ілесіп алып жүру іс-шарасын жүргізіп жатыр.

Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғалары негізінен таңғы сағат 04:00 мен 06:00-дің аралығында орын алады. Сол уақытта жүргізуші көлікті ұйқылы-ояу халде басқарады екен. Сондықтан да  облыстық прокуратура бастама көтеріп, полиция таңсәріде жолға шыққан жүргізушілерге ерекше сақ болуды ескертіп жатыр.Әсіресе жолаушы тасымалдайтын шағын автобустар  басты назарда, – дейді Р. Оразбақов. 

Профилактикалық іс-шара барысында такси жүргізушілері де тоқтатылып, оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің  талаптары түсіндірілді.  – Күнде жолда жүреміз. Кейде шаршайтын кездеріміз де болады. Соған байланысты полиция қызметкерлері профилактикалық шаралар  жүргізіп отырады. Жүргізушілерді тоқтатып, жолда жүру қағдиларын, ұйқы келгенде демалып алуды ескертеді. Мұның барлығы дұрыс деп ойлаймын. Не дегенмен жолда жүргенде абай болу керек. Алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің, әрдайым ескертіп отырғаны да жөн, – дейді такси жүргізушісі Ерболат Балабек.


Полиция қызметкерлерінің сөзінше, кейде такси жүргізушілеріне су мен ыстық шай да беріледі екен. Тіпті жүргізушінің ұйқысын ашу үшін салқын сумен беті-қолын шайып алуға кеңес береді. Мұндай іс-шаралар автокөлік апатының алдын алуға оң септігін тигізетіндігі сөзсіз.Алдағы уақытта да аталған профилактикалық шаралар өз жалғасын табатын болады. 

Аяулым Жаманқара
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар