Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сушаруашылығы мамандарына сұраныс артады

Сушаруашылығы мамандарына сұраныс артады
Ашық дереккөз
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің қатысуымен Қазақ Ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің ашылуына байланысты кәсіби бағдар беру семинары өтті.

Жиынға университет оқытушылары, мектеп бітіруші талапкерлер мен олардың ата-аналары қатысты. Іс-шараны университет ректоры Мұхтар Байжұманов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде бұл кездесудің маңыздылығы туралы айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

– Биыл Әулиеата өңірі үшін ерекше жыл болайын деп тұр. Елімізде қалыптасқан жағдайларға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі ай бұрын Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған болатын. Әрине, нақты тапсырма берілгеннен  кейін көпшілік арасында екіұдай пікірлер айтылып, сұрақтар қойылды. Жуырда осы мәселеге қатысты үлкен кездесу де өтті. Үкіметтің қаулысы дайындалып жатыр. Бұйырса, алдымыздағы бір-екі аптаның ішінде жаңа оқу орны ашылып қалады, – деді Мұхтар Қазбекұлы. 


Мұнан соң Сушаруашылығы институтының деканы Ғалия Омарова сөз алып, бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының жаңа ұлттық университет ретінде ашылуына орай жасалған іс-шараларға тоқталды.

– Біздің Қазақ Ұлттық сушаруашылығы және табиғатты үйлестіру институты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ішінен ашылып, жұмысын атқаруда. Институтта 9 кафедра бар. Оның ішінде сушаруашылығы мамандарын екі кафедра дайындайды. «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының кадрлық әлеуеті мықты, ұжымда 15 ғылым докторы, профессорлар, 40-тан астам ғылым кандидаттары, доценттер, 11 PhD докторлары, 27 магистр республиканың су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі оқу-ғылыми мәселелерін шешуге атсалысып жүр. 

Институттың «Су ресурстары» және «Мелиорация және агрономия»  кафедралары  тікелей сушаруашылығы мамандарын даярлаумен айналысады. Осы кафедраларда 28 білім бағыты бойынша білім беру бағдарламалары дайындалуда. Қазіргі кезде университетте су саласы бойынша 2022 жылдан 2024 жылға арналған жол картасы әзірленді.  Сонымен қатар ҚР су ресурстарын басқару жүйесінің 2024-2030 жылдарға дейінгі концепциясы, оқу орнының 2023-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы негізінде бізде үлкен жол картасы кеңейтіліп жасалды, – деді Ғалия Еділбекқызы. 


Басқосуда «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Маржан Қалмаханова 2022 жылдан бері университетте атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалар туралы әңгімеледі. Жиын барысында ұсыныстар айтылып, қойылған сұрақтарға жауап берілді.

А.Орынбасарқызы
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар