Аудан аумағы 1 067 319 гектар жерді құрады. Сол тұста аудан көлемінде 130,3 шақырым қара жол және 199 шақырымға созылған тасжол болды. Меркіден басталған теміржол ауданды басып өтіп, Жамбыл ауданының шекарасына дейін 96 шақырымды құрады. Ал халық саны 22 698 адам еді. Оның 495-і коммунистер болатын. Ауданда 3 ауылдық кеңесте іс қағаздары қазақ және орыс тілдерінде, 3 колхозда тек орыс тілінде, аудандық мекемелерде екі тілде, қалған 27 колхозда тек қазақ тілінде жүргізілді. Жалпы ауданда 30 колхоз болды. Оларға Луговой және Ақыртөбе машина-трактор стансалары (МТС) қызмет етті. МТС-тарда 139 трактор, 66 комбайн және 7 автокөлік, колхоздарда мұнан өзге 18 дана автокөлік жұмысқа жұмылдырылды. 1941 жылы ауданда 25 794 гектар егіс алқабы болды. Осы егіс алқабының 22 400 гектарына астық, 2000 гектарға техникалық дақылдар және 1 394 гектарға әртүрлі дақылдар өсірілді.Аудан бойынша 135 207 мал басы болды. Дегенмен ауданда өндіріс орындары жоқ еді. Теміржол стансасында 888 жұмысшы мен қызметкер еңбек етті. Мұнан өзге екі МТС-та және екі совхозда 620 жұмысшы тер төкті.
Жаңа құрылған облыстың алдында қыруар шаруа күтіп тұрды. 1940 жылдың басында кадр мәселесі қолға алынды. Бірнеше ауданда басшылар ауысты. Ұйымдастыру бюросының 1940 жылғы 22 ақпанда өткен мәжілісінде Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.М.Авдеев қызметінен босатылып, Жамбыл облысы бойынша ұйымдастыру бюросына қызметке ауысты. Орнына Алексей Кулешов тағайындалды. Екінші хатшысы Жағыпар Шалабаев болса, кадр жөніндегі хатшысы қызметіне Күзембай Көңілбаев бекітілді.Партияның саясатынан хабары аз халықтың ішінен іске жарамды-ау дегендер іріктелген. Басқа амал жоқ еді. Мәселен, 1941 жылдың 28 қаңтарында аудандағы колхоздардың басшылары түгелдей дерлік ауыстырылды.1940 жылдың бірініші жартыжылдығында облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті аймақта ауылшаруашылығының мүйізді ірі қара және ұсақ малдарды сатып алу жөніндегі жоспарын бекітті. Оның ішінде 4 468 мүйізді қара және 23 737 ұсақ мал болды. Луговой ауданына 416 мүйізді ірі қара және 1 758 ұсақ мал сатып алу ұсынылды. Оның ішінде 1 758 ұсақ малды осы аудан ішінен сатып алу міндеттелді.
Облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті 1940 жылғы 13 наурызда Тасөткел бөгетінің және бірлескен каналдардың құрылысын бастау жөнінде пәрмен берді. Оған Шу, Қордай және Көктерек аудандарының еңбекшілерінің ұсынысы негіз болды. Осының арқасында жаңа суғару алқаптары пайда болады деп көзделді. 15 000 гектар, оның ішінде 2000 гектары Қырғыз КСР-ның аумағына қосылады. Құрылыс жұмыстарына автокөліктерден бөлек 20 ат, Шу ауданынан 3 500 адам, Қордай ауданынан 2 500 адам, Көктерек ауданынан 700 адам, Меркіден 600 адам, Луговойдан 400 адам, Жамбыл ауданынан 300 адам, Свердлов ауданынан 300, Красногор ауданынан 600 адам, барлығы 8 900 адам жұмылдырылды. Халық болып жұмылған бұл іске луговойлық шаруалар да белсене қатысты. Жалпы теміржол мәселесі Луговой ауданына жат емес. Жамбыл облысын басып өтетін Түрксіб теміржолы осы Луговой ауданынан бастау алған деседі. Оның алғашқы құрылысына атақты Тұрар Рысқұловтың қатысатыны бар. 1941 жылдың басында облыс басшылығы аудан, колхоз басшыларын жаңартуды көздеді, тіпті колхоз басшыларын облыстық партия комитетінің мәжілісінде қарап барып електен өткізген.
Мәселен, бұрынғы колхоз төрағаларының 28,3 пайызы ғана жылға жуық мерзімге қызмет атқарса, қалған 37,3 пайызы тек қана 3 жыл жұмыс істепті. Мұнан кадр мәселесі өте өткір болғанын байқаймыз.1941 жылғы 2 қыркүйекте облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде Луговой МТС-ның директоры Марченконың мәселесі қаралған. Осы орайда айта кету керек, 1940 жылы аудандағы егіс алқабында астық әр гектардан 4 центнерден айналған. Жоспар 8 центнер болатын. Қант қызылшасы әр гектарына 202 центнерден айналды, жоспардағысы 250 центнер болатын. Бұған қоса МТС-тағы тракторлардың жұмыс істеу нормасы азайған. Себеп – қосалқы бөлшектердің жетімсіздігі. Соның кесірінен жүруінен тұруы көп трактордың қатары көбейген. Осыларды ескере келе, облыс басшылығы Марченконың жұмысына жауапсыздығын алға тартты. Облыстық партия комитетінің ұсынысы бойынша Марченконы жұмыстан босату туралы ұйғарым жасалды. 1942 жылы аудандық партия комитетінің номенклатурасында 2 813 адамның 584-і ауысқан. Оның 124-і жұмысын алып жүре алмағаны үшін қызметтерінен босатылған. 120 ауылдық кеңес төрағаларының 5 ай ішінде ғана 43-і қызметімен қош айтысты. Луговой ауданының Калинин ауылдық кеңесінің төрағасы мемлекет тарапынан болып жатқан маңызды қаулыларды білмеген. Қант қызылшасынан жоспардағы 320 центнердің орнына 170-200 центнер ғана нәтиже көрсеткен.
Осы ауылдық кеңестің малшаруашылығы да ақсаған. 1942 жылы 88 қой мен 2 сиыр өлім-жітімге ұшыраған.Ақыртөбе машина-трактор стансасына 94 тракторшы қажет болса, мамандығы бар 53 тракторшы ғана қалған еді. Сондай-ақ 28 комбайншы қажет болса, онда 15-ақ адам еңбек еткен. Оқу жұмыстарының жоқтығынан мамандар даярланбаған. Соғыс кесірі осылай барлық саланы әлсіреткен.1941 жылы облысқа Қап тауынан 21 810 шешен, болгар және ингуш ұлтының өкілдері көшіріліп әкелінді. Оның 5 493-і ерлер және 6 170-і әйелдер еді. 16 жасқа дейінгі 10 147 бала болды. Бұған қоса ата-анасыз қалған 70 жетім бала келді. Осылардың елеулі бір бөлігі Луговой ауданына қоныстандырылды. Осы жылдың 5 қыркүйегінде облысқа фин ұлтының өкілдері қоныстандырылды. Олардың 1 300-і Ақыртөбе стансасында колхоздарға таратылды. 3 500-і Луговой стансасында қалған колхоздарға бөлініп берілді. Соңынан неміс ұлтының үлкен бір бөлігі көшіріліп әкелінді. Оларды да осындай жолмен аудан-ауданға бөлді.
Бұл ашаршылықтан, оған жалғасқан «халық жауы» деген жаладан айдалып атылып, қуғын-сүргінге түскен жергілікті халықтың өз жерінде өгей болуына әкеп соқты. Келімсектер осылай көбейе берді. Көшіп-қонып жүрген қазақтар енді-енді колхоздарға ұйысып ел болуға бет алғанда соғыс басталды.Соғыс үдеп тұрған сол кезеңде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Кулешев елеулі кемшіліктері үшін қызметтен босатылады. 1942 жылдың қарашасында облыстық комитеттің шешімімен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Самуил Наумович Иткин бекітілді. Жалпы Ұлы Отан соғысының ең ауыр кезеңінде осы кісі аудан басшылығында болғандықтан оның өмірбаянын беруді жөн көрдік.Самуил Наумович Иткин 1909 жылы Беларусь ССР Кармянск ауданының М.Корма селосында дүниеге келген. Ұлты – еврей. 1929 жылдан КПСС мүшесі. Білімі жоғары. 1931-1932 жылдары Мәскеу қаласындағы жүмысшылар факультетін бітірген. 1940 жылы Қазақ педагогикалық институтын сырттай оқып бітірген.
Әкесі еврей тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Үйленген, әйелі дәрігер болатын. Жас Самуил 1924-1928 жылдар аралығында Мәскеу қаласында «Красный посадчик» зауытында қара жұмыс істейді. 1928-1930 жылдар аралығында Мәскеу қаласында «Русоковский трамвай» паркінде кондуктор, 1930-1931 жылдары Орталық Қара жер аймағының Верхний-Карачан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. 1931-1933 жылдары Мәскеу қаласында әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеді. 1933 жылы Алматы қаласына эвакуацияланған. 1933-1935 жылдары Алматы облысының Андреев МТС-ның саяси бөлімі газетінің редакторы, 1935-1937 жылдары Алматы облысы Андреев аудандық газетінің редакторы, 1937-1940 жылдары Алматы облысы Андреев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1940-1942 жылдары Алма-Ата ауылдық компартиясының бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1942 жылдың қазан айынан Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. С.Иткин осы қызметті 1947 жылдың наурыз айына дейін атқарып, Свердлов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысты. 1947 жылы аудан бойынша қант қызылшасының түсімін 24,3 пайызға жеткізген еңбегі үшін «Ленин» орденімен марапатталған. 1947 жылы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Дәуренбек Абубакиров Луговой ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келді.
Дәуренбек Абубакиров 1915 жылы Сарысу ауданының Талдыбұлақ ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1927-1930 жылдры Әулиеата қаласында 7 жылдық мектепті бітірген. 1934-1936 жылдары Алматы қаласында жоғары Ауылшаруашылық мектебін тәмамдаған. Облыс ашылған жылы облыс бойынша ұйымдастыру бюросы хатшысының көмекшісі болып істеді. Талас ауданы және Ақыртөбе машина-трактор стансасы директорының саяси мәселе жөніндегі орынбасары, 1943-1946 жылдары оқуға кетуіне байланысты Л.Таеваның орнына облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Енді осы қызметтен босаған Д.Абубакировтың орнына түбі луговойлық Арыстан Өтеулин қызметке келді. Д.Абубакиров Луговой ауданының бірінші хатшылығын 1949 жылға дейін атқарды. Сол жылдан Қазақстан Компартиясы жанындағы екі жылдық Жоғары партия мектебінде тыңдаушы болды. 1949 жылғы 25 тамыздан Свердлов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне келді. Бұл ұсынысты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Шолақ Артығалиев дұрыс деп тапты.
О заманда партия көсемдері Ленин және Сталин атындағы колхоз, совхоздар мемлекеттің айрықша бақылауында болған. Ол шаруашылықтардағы партия мүшелері қатаң бақыланып, еңбектің қай саласында да тек озаттар қатарында болуына күш салған. 1942 жылы Сталин атындағы колхоздағы 412 ауланың 85-інде қазақ, 221-інде орыс ұлтының өкілдері тұрған. Сондай-ақ 106 аулада эвакуацияланғандар қоныстанған. Барлық еңбекке жарамдылар саны 425 адамды құраған, оның 228-і әйелдер еді. Партия ұйымдарының тізімінде 20 коммунист болған. Осының 14-і партия мүшесі, партия мүшелігіне кандидат 6 азамат болған.
Осы жылы көптеген колхозшы қызылшадан жоғары өнімге қол жеткізді. Звено мүшесі Скрипка гектарына 400 центнерден, Загородная мен Белецкая 300-350 центнерден өнім алды. 1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалды. Бейбіт өмірге енді кіріскен халықтың төбесіне жай түскендей болды. Барлық жерде жауға лағнет айтқан жиындар жүріп жатты.Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ Семей облысы, Үржар ауданының «Красные горные орлы» ұжымшарының еңбеккерлері республика жұртшылығына «Фашизмді толық талқандағанша стахановтық еңбек вахтасына тұрайық!» деп үндеу тастады. Жамбыл облысының еңбекшілері де бұл үндеуді қызу қуаттады. Сол күннің өзінде ол 19 шаруашылықта талқыланып, оған 3 041 колхозшы қатысты, 155 колхозшы сөйледі. Луговой ауданының «Қызыл шаруа», «Еңбекші», «Восток» ұжымшарларының мүшелері Қызыл Армияның қуатын нығайту үшін қорғаныс қорына қаражат бөле бастады.
Мәселен, «Восток» ұжымшары 600 пұт ет, 1 200 пұт астық, 360 пұт қарбыз, 240 пұт қызанақ, 78 пұт қант, 24 пұт сарымай бөлді. Әрбір еңбеккер бес еңбек күн табысын қорғаныс қорына берді. «Жаңа тұрмыс» ұжымшары 300 пұт ет, 600 пұт астық, әрбір колхозшы бір-бір малдан қорғаныс қорына беріп, жиналыс үстінде 103 бас мал жиналды. «Еңбекші» ұжымшары 300 пұт ет, 3 500 литр сүт, 120 пұт картоп және әр колхозшы бес еңбек күн табысын аударды. Мұндай жиналыстар «Қазақ», «Талдыөзек», Тельман атындағы ұжымшарларда да өтті. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұран көтерілді. Одан ешкімнің де қалыс қалмауы міндеттелді.Жамбылдық еңбекшілер сол ауыр жылдары Ленинград қорғаушыларына да зор көмек көрсетті. 1942 жылы күзде Ленинград майданының қолбасшылығына тапсыру үшін астық тиелген арнайы пойыз жолға шықты.
Ол пойызда халыктың патриоттық бастамасымен жиналған 47,5 тонна ұн, 24 тонна жарма, 10 тонна күріш, 11 тонна қант, 45 тонна ет, 12 тонна сары май,1 тонна пияз, 3,5 тонна кептірілген жеміс-жидек, 2,5 тонна тұздалған орамжапырақ, 4 мың литр спирт және қызыл әскерлерге арналган 14 мың жеке сәлемдеме бар еді. Ленинград облыстық партия комитетінің хатшысы Никитин, Ленинград партизан отрядтарының командирі Свиридов Жамбыл облыстық партия комитетіне өздерінің әскери рапортын баяндады.
Онда: «Тылдағы ата-ана, бауырластарымыздың көмегімен жігерленіп, жауға еселеп соққы берудеміз. 1943 жылдың 23 қарашасына дейін 61 500 фашисті жойдық, оның ішінде 7 генерал бар. Жаудың 155 танкін, 93 өзі жүретін зеңбірегін, 2 242 автокөлігін минамен жардық, 553 эшалонды аудардық, 573 арба, 80 көпір, 244 қойманы жарып, 37 заводты істен шығардық, 15 теміржол бекетін қираттык. Германияға құлдыққа апара жатқан 5 000 кеңестік азаматты құтқарып, 350 тонна астық, 85 бас ірі қара, 120 жылқыны жаудан тартып алдық» делінген. 1941 жылдың 11 сәуірінде облыс еңбеккерлерінің, комсомол мүшелерінің танк колоннасы мен авиаэскадрилья құруға жинаған қаражатының 23 миллион 590 мың сом болғаны жарияланды. Мысалы, Луговой ауданының «Көкарық» ұжымшарының өзі 185 килограмм ет, 500 дана киім-кешек, 52 400 сом ақша жинаған.1942 жылы партияның 39 бастауыш ұйымында жиындар өтті. 388 адам партия мүшесі болса, 182-сі партия мүшелігіне кандидаттар еді. Еркек біткен майдан өтінде, коммунистердің қатарына лайықты адам тарту қиынға соқты. Сол жылдың желтоқсан айында Луговой ауданының «Восток» колхозының еңбекшілері «Қазақстан колхозшылары» атынан танк коллонасына 150 мың рубль ақша құйды. Колхозшылар бұл қаражатты еселеуге уәде берді. Көп ұзамай колхоз басқармасына Мәскеуден жеделхат жетті.
Луговой теміржол бекетінде тұратын үй шаруасындағы әйелдер Б.Сердюкова, И.Виноградова, Г.Анисимова, Л.Заволина соғыстың алғашқы он бір айында Луговой бекеті арқылы арлы-берлі өткен жаралы майдангерлерге өз каражаттарынан тегін тамақ ұйымдастырып, бекет ұжымының көмегімен 20 мың адамды тамақтандырған. Халықтың сол қиын-қыстау күндердегі қажырлы еңбегі еш ұмытылмақ емес. Аға ұрпақтың ерлігі ескірмейді.Соғыс жылдары Жамбыл облысында 105-атты әскер дивизиясы құрылды. Құлан өңірінен шыққан журналист, қаламгер Сраил Керімбаевтың «Еділ-Балтық арасында» кітабында луговойлық жауынгерлердің ерлік өмірлері паш етілген. Олардың арасында осы дивизияда Луговойдан майданға аттанған Төлеген Жұмабеков, Шәймерден Нуфтиев, Әбу Қарашев сынды азаматтар болған. Қазір сол 105-атты әскер дивизиясын зерттеу үстіндеміз. Осы аудандағы «Мақпал» және Ленин атындағы кеңшарда ұзақ жыл басшылық жасаған, марқұм Бектенбай Қойшымановтың естелігіне құлақ түрелік.
– 1950 жылы ауданда өте қатты қыс болды. Қар қалың түспегенімен бір айдан астам уақыт аяз 50 градустан төмен түспей қойды. Аудан бойынша төтенше комиссия құрылып, оны басқару Мұхамедкәрім Жұманбеков ағамызға жүктелді. Аудан бойынша небәрі 40-қа жуық машина жиналды. Малшыларға киім-кешек, азық-түлік, жемшөп жеткізу үшін басқа шаруашалықтарда қаржы тапшылығынан барлық керекті заттар осы Жалпақсаз ұжымшарының қаржысына тұтынушылар одағынан алынып еді. Суықтың қатты болғаны соншалық, арақ қатып қалып, малшыларды суықтан сақтап қалу мақсатымен едәуір мөлшерде спирт алып кетуіне тура келді. Соғыста алған ауыр зардабына қарамастан Мұхаң сол күндері ат үстінен түспей, малшылардың арасында болды.
Мен 1952 жылы Жалпақсаз ұжымшарының жолдамасымен Алматы ауылшаруашылығы мектебіне оқуға жіберіліп, бітіріп келген соң Луговой МТС-ның Жалпақсаз ұжымшарындағы учаскелік агрономы болып жұмыс атқардым. МТС директоры, Социалистік Еңбек Ері А.Гаурлик, бас агрономы Ж.Қадіров еді.Жер дауы ушығып тұрған кез болатын, Қырғызстан жағынан қатты талас тудырған әйгілі Сусамыр жайлауын аудан иелігіне алуға Мұхамедкәрім Жұманбековтің еңбегі зор болды. Мұны баса айту керек, ауданның сол кездегі беткеұстар Қасымбай Нұрахаев, Қырбас Сүлейменов, Мырзахмет Көшкіншиев сынды азаматтарына бас болып, ол кісі күн-түн қатып қысқы мал жайылымы Үмбетті алып берді. Мен 1949 жылы аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып істедім. Аудандағы ең жағдайы нашар шаруашылық Жалпақсаз колхозы еді. Қанша шара қолданса да колхоз шаруасы кері кете берді. 1949 жылдың күзінде ауданда үлкен жиын болып, Жалпақсаз жайы жеке қаралды. Аудан басшылары ақылдаса келе, М.Жұманбековті осы колхозға төраға болып баруын ұсынды. Ол кісі келісті. Сол Жалпақсазды Мұхаң екі құлағынан тік ұстап тұрғызды-ау, – деп жазады Б.Қойшыманов.
Мұхамедкәрім Жұманбеков Жалпақсазды жеті жыл басқарды. Шағын шаруашылықтың дәулеті өсіп, егіннің көлемі артып, мал басының өнімділігі көтеріледі. 5 гектар жерге алма ағаштары отырғызылып, ол бірер жылда мәуелі баққа айналады.
Жалпы Луговой ауданында алма, жеміс-жидек ағаштарының көптеп отырғызылуына тұңғыш рет Мұхамедкәрім мұрындық болса керек.1956 жылы Мүхамедкәрім Жұманбеков «Қызыл шаруа» кеңшарына төрағалыққа сайланады. Осында бес жыл тер төгеді. Орта қолды шаруашылық табысы миллионга жетіп, миллионер атанады. 1956 жылы тың игеру науқаны басталып, егіс көлемі 5 мың гектарға ұлғайтылады. Дәнді дақылдың әр гектарынан орта есеппен 24 центнер, барлығы 120 мың центнер өнім алынып, қазақстандық алғашқы миллиард пұт астыққа үлес қосады. Шаруаның әр еңбек күніне 8 килограмм астық беріледі. Бұл аудан көлемінде бұрын болмаған жетістік еді. 120 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 500 центнерден өнім жиналады, 10 гектар жерге жеміс ағаштары отырғызылып, жыл сайын еңбеккерлерге тегін көшеттер таратылып, елді мекендер көріктендіріледі. Ұлы Отан соғысына қатысып, қан төккен, бейбіт заманда болашағының бақыты үшін тер төккен еңбек майталманының еңбек жолы осылай өрілді.
Облысымыздың ондаған колхозы мен жүздеген бригада звеносы 1947 жылдың өзінде егіннен мол өнім алып, оны 5 жылдықтың соңғы жылына белгіленген дәрежесіне жеткізді. Осының нәтижесінде облысымыз астық дайындау жоспарын белгіленген мерзімнен әлдеқайда бұрын орындап, мемлекетке жоспардан тыс 600 мың пұтқа жуық астық берді. Облыс бойынша дәнді егістің әрбір гектарынан жоспардағы 8,7 центнер орнына 12,9 центнерден өнім алынды. Егер 1946 жылы облыс қызылшашылары қант қызылшасының гектарынан орта есеппен 148 центнерден өнім алған болса, 1947 жылы қызылшаның гектарынан 273 центнерден өнім жинады.Мысалы, Луговой ауданынан Луговой МТС-ның аға агрономы Яков Вечеркин қамтуындағы колхоздардың 347,5 гектар қант кызылшасының әр гектарынан 400,9 центнерден өнім алған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сәйкесінше арнайы Жарлықпен бір топ еңбек озаты «Ленин» орденімен марапатталды. Бейбіт өмір салтанат құрып, ел-жұрттың еңбекке деген құлшынысы артты. Майданнан қайтқан азаматтар білек сыбана социалистік қоғамның дәулетін асыруға кірісті.
Кеңес үкіметі Орталық комитетінің қаңтар (1955) пленумында астық өндірудің қуатын арттыру үшін 1955 жылдары Қазақстанда миллион гектар жаңа жерді игеру міндеті қойылды. Тың игеру эпопеясы осылай бастау алды. Алғашқы екі жылдың өзінде республикаға 360 мың механизатор, инженер-техник, ауылшаруашылығы мамандары, өзге де сан алуан саланың қызметкерлері қоныс аударды. Облысқа тың жерлерді жырту жөнінде жоспарлы тапсырма болмаса да, облыс 1954 жылы 100 мың гектардан аса жаңа жерді игерді. Жаңадан 9 астық совхозы ұйымдастырылды.Олар Луговой ауданынан «Подгорный» және «Қорағаты», Меркіден «Аспара», Шудан «Далақайнар» және «Шоқпар», Қордайдан «Қордай», Красногордан «Красногорск», Таластан «Қаратау», Сарысудан «Түркістан» совхоздары еді. Партияның шақыруымен облысымызға МТС-тарға және совхоздар мен колхоздарға 534 агроном, 5 400 инженер-механик, тракторшы мен комбайншы және бригадирлер келді.
Бұл кезеңде Қордайдағы Георгиевка каналын пайдалануға берілуіне байланысты суармалы жердің көлемі 12 мың гектарға артқан болатын. Сарысу ауданында «Ынталы» суқоймасы, Жуалы ауданында Ақсай, Талас ауданында Бөрібай, Луговой ауданында Ботпай каналдары мен тоғандарының салынып бітуі жаңадан мыңдаған гектар жерді суаруға мүмкіндік берді.1955 жылы Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Қашағанов жоғары партиялық мектебіне оқуға кетуіне байланысты қызметтен босатылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып облыстық партия комитеті ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әзімбек Исмаилов тағайындалды.1955 жылы Қазақстан даласын қуаңшылық жайлады. Республика совхоздары мен колхоздары қамбаға бар-жоғы 100 миллион пұт астық тапсырды. Облыс бұл қиындықтан құтылудың жолын қарастырып жатты. Сол жылы облыстық атқару комитеті мен облыстық партия комитеті қаулы етті.
Онда облыс қолхоздарында колхоз қаржыларының есебінен шаруашылық қажеті үшін бөгеттер мен суқоймалар салудың белгіленген жоспары бекітілді. Осылайша Жамбыл ауданында 5,
Жуалыда 10, Луговойда 9, Сарысуда 3, Свердловта 4, Таласта 4, Көктеректе 3, Красногорда 4, Қордайда 4, Меркіде 3, Шуда 5, жалпы облыс бойынша 54 бөгет мен суқойма салынатын болды.
1956 жылы Қазақстан мемлекетке 1 миллиард пұт астық тапсырды. Республика бұрынырақта Кеңес одағында мемлекетке тапсырылатын жалпы астықтың 2 пайызын ғана беретін болса, 1956 жылы оның қосқан үлесі 30 пайыздан асты. 1953 жылы Луговой ауданында 47 мың гектардай ғана егін болса, 1958 жылы егістің жалпы көлемі 156 мың гектардан асты. Демек, 1953 жылы колхоздар мен совхоздар 242 мың центнердей астық өндірсе, ал 1958 жылы бір миллион 711 мың центнерден аса астық өндірді. Облыста ең көп 2 миллион пұт астықты «Подгорный» совхозы өткізді. Осы ауданның «Қорағаты» және Луговой жылқы зауыты да мол астық өсіріп, ерледі. Тың игеру науқаны Луговойдың облыстағы ең ірі астықты ауданға айналуына жол ашты.
Әділбек Баққарұлы,
облыстық мемлекеттік архивтің архивисі