Қытай Қазақстанға 2005-2023 жылдар аралығында 24,8 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйған. Көрші мемлекет соңғы жылдары Қазақстанның тұрақты инвесторы ретінде қалыптасты деп айтсақ та болады. Мысалы, 2018 жылдан бері аспан асты елі елімізге орташа есеппен жылына 1,5 миллиард доллардан астам жобаларға инвестиция құйып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция салатын алғашқы 5 елдің қатарына кіреді. Ал бұрын мұнай-газ саласына басымдық берілсе, қазір қытайлық бизнесмендер құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен тау-кен өнеркәсібі, ауылшаруашылығы және қызмет көрсету саласына белсенді түрде инвестиция салуда. ҚХР осылайша Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі ретіндегі ұстанымын нығайтты.
Жақында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Коммерция министрі Ван Вэньтаомен кездескен болатын. Вэньтао Қазақстанға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары аясында келген еді. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, экспортты ілгерілету және электронды коммерция мәселелері талқыланды.Қазақстанның Сауда министрі атап өткендей, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңындағы бұл кездесу маңызды сипатқа ие. Өйткені ол сауда саласында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың негізгі бағыттарын айқындайды. Осы жыл «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасын одан әрі ілгерілету үшін маңызды жыл болмақ.
– Өткен жылдың қараша айындағы кездесуде біз өзара сауда көлемін 40 миллиард АҚШ долларына жеткізу туралы айтқан болатынбыз. Осы жолы тауар айналымын айтарлықтай арттыру бойынша жаңа өршіл мақсат қойылды. Біз Қытай тарапына жоғары сапалы стандартталған өнімнің кепілді көлемін ұсынып, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға дайынбыз. Ең бастысы, біз «QazTrade» экспортты ілгерілету компаниясы мен Экспорттық-кредиттік агенттігінің шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету жөніндегі ұлттық институты аясында қазақстандық бизнеске сенімді серіктестік ұсына аламыз, – дейді А.Шаққалиев.
ҚХР-мен жұмыс істеудің негізгі бағыты – аспан асты елінің салалық ерекшеліктері мен экономикалық құрамдастарын ескере отырып, аймақтандыру қағидаты бойынша әрбір провинциямен ынтымақтастықты дамыту. Бұл тәсіл қазірдің өзінде Сычуань, Цзянсу және ШҰАР провинцияларында жүзеге асырылуда.Бұл жөнінде Арман Шаққалиев: «Біз қазірдің өзінде Қытай үшін негізгі ауылшаруашылық тауарлары бойынша оң нәтижелерді байқап отырмыз. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ШҰАР-мен сауда 50 пайызға өсті, оның ішінде экспорт 35,3 пайызға артты. Сычуань провинциясына экспорт 30 пайызға, ал Цзянсуға экспорт 10 еседен астам ұлғайды. Осы жылдың қыркүйек айында Нанкинде «Орталық Азия – Цзянсу» ірі сауда орталығы ашылады», – деді.
Маңызды бағыттардың бірі – Орталық Азия тауарларын ілгерілету. Аймақ өнімдерін Қытайдың электрондық коммерция платформаларындағы Орталық Азия онлайн павильоны немесе C5+Қытай форматындағы сауда алаңында интеграциялау. Қытайдың «Alibaba.com» және «jd.com» B2C сегментінде ірі маркетплейстермен ынтымақтастық орнатылған.Министрдің айтуынша, Қытаймен сауда-көлік байланысын жақсарту аясында еліміз Орталық Азия өнімдерін Қытай нарығына қолжетімділікті жақсарту үшін электрондық сауда, сауда байланысы және аймақтық жоба «Қытай – Орталық Азия» бастамасын ұсынған. Мұнда Қытай тарапынан серіктестер мен олардың ресурстарын, ал Қазақстан тарапынан «QazTrade»-ті тарту ұсынылыпты. Бұл жоба Қытайдағы әріптестермен ынтымақтастықта олардың әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуіне ықпал етпек.
Нұрым Сырғабаев
Толағай
Ұқсас жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024