Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұтынушы құқығы тапталмауы тиіс

Тұтынушы құқығы тапталмауы тиіс
Ашық дереккөз
Қоғамдық өмірде тұтынушының құқығы деген ұғым бар. Мұны әрбір адам білуі тиіс.Нақты айтқанда, қандай да бір тұрғын сатып алғалы тұрған тауарының денсаулығына қауіпсіздігін анықтауға, тауардың сапасы мен бағасына қатысты ақпарат алуға, тауарды аларда өзі ерікті түрде таңдау жасауына құқылы.Егер тұтынушы сатушының тауардың сапасы мен бағасына қатысты айтқан мақтауына сеніп қалып, кейін тауар көңілінен шықпаса, оны сауда орнына 14 күннің ішінде өткізуіне болады.

Сол секілді сатушы да тұтынушыға тауардың бағасы мен сапасына немесе көрсетілетін қызмет түріне, тауардың жарамдылық, кепілдік мерзіміне қатысты сенімді ақпарат беруге, тауарға қатысты сипаттаманы мемлекеттік тілде айтуға, жазып қоюға міндетті. Бұл сатушы мен тұтынушының арасында белгілі бір ережелер мен міндеттемелер бар екенін көрсетеді.Қорыта айтқанда, қазіргі заманның нарығында «сауда сақал сипағанша» деген ұғым жүрмейді.Десе де өңір тұрғындары арасында арзан тауарға қымбат ақша төлеу, сапасыз тауарды байқамай сатып алу, сауда орнына қайырылғанда тұтынушы уәжіне тиісті тараптың құлақ аспауы секілді жайттар көптеп кездеседі екен.

Бұған біз облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасынбековпен тілдесу барысында көз жеткіздік. Оның айтуынша, осы жылдың 6 айында аталған департаментке 528 өтініш келіп түскен. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына қатыстысы – 445. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132 өтінішке артық екен.Өткен жылдың 6 айында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша 313 өтініш түсіпті. Осылайша небәрі бір жыл ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштердің өсімі қазіргі таңда 42 пайызға жеткен.

– Сауда қызметі саласында 83 жазбаша өтініш түсті. Департаментке келіп түскен жазбаша өтініштердің жалпы саны – 297. Оның ішінде мамандардың азаматтарды қабылдау барысы бойынша біздің көмегімізге 54 адам жүгінсе, оның екеуі басшының азаматтарды жеке қабылдауына қатысты болып отыр.Сенім телефонына 164 өтініш түссе, «Telegram» чат-боты бойынша түскен өтініш саны – 11Тұтынушылардың шағымдарының дені бөлшек сауда саласына қатысты болып отыр.Бөлшек сауда бойынша 210 шағым түссе, бұл аталған өтініштердің жалпы санының 47,2 пайызын құрайды. Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сатушының немесе тауар иесінің сапасыз тауарды айырбастаудан немесе тұтынушыға ақшасын қайтарып беруден бас тартуы басым. Сонымен қатар тұтынушыға күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту жағдайы да өте өзекті болып тұр.

2023 жылдың 6 айында электрондық сауда саласы бойынша  48 шағым түссе,   биылғы сәйкес мерзімде олардың саны 73-ке жетіп, көрсеткіш 52 пайызға өсті. Шағымдардың бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты түскен өтініштер санынан озып, екінші орынға шықты.Департамент тарапынан қаралған өтініштердің ішінен 313-і қанағаттандырылды.Бұл келіп түскен өтініштердің ішінде қаралғанының 66 пайызын құрайды.Сатып алған тауарына көңілі толмаған тұтынушыларға 13,7 миллион теңге қайтарылып, 140 тұтынушы өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түсініктеме алды. Сонымен қатар 47 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілсе,7 өтініш қаралу үстінде. 

2024 жылдың 6 айында департамент тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 68 тексеру жүргізді. Оның ішінде сауда саласында, яғни ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруына қатысты 51 тексеру ұйымдастырылды. Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тұтынушының шағымына жауап бермеу бойынша жүргізілген тексерулер саны – 17.Тексеру нәтижесінде 58 бұзушылық анықталды. 45 ұйғарым енгізіліп, кәсіпкерлер ескерту түрінде 44 әкімшілік жазаға тартылды және жалпы сомасы 544 570 теңгеге айыппұл түрінде 7 жаза қолданылды. Бұған қоса 7 субъектіге 1 576 484 теңге сома көлемінде тексеру жүргізбей айыппұл салынып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 4 тексеріс тараптардың келісімімен аяқталды, – дейді Сексен Тұрсынтайұлы.


Департамент өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында материал жариялауда белсенді екен. Мысалы, радиодан хабар тарату, телеарна арқылы эфирге сюжет шығару, әлеуметтік желілердің ішінде департаменттің «Instagram», «Facebook» парақшаларында жазба жариялау, халық арасында тұтынушының құқығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу ісі тұрақты жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың 6 айында әлеуметтік желілерде 1000 материал, өңірлік БАҚ-та 45 мақала жарияланса, оның ішінде облыстық «AQ JOL», «Знамя труда», «AR-AI» газеттері де бар. Департамент қызметкерлерінің облыстық телеарналарда – 2, облыстық радиода 3 сөз сөйлеуі ұйымдастырылыпты.

Тараз қаласының қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе 5 «Ашық есік күні» өткен екен. 12 қоғамдық қабылдау, қоғамдық бірлестіктермен бірге өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 6 брифинг өткізген.Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті – Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасының сақталуына жауапты мекеме. Тарқата айтқанда, ішкі сауда субъектілеріне сауда объектілері мен сауда инфрақұрылымына тең қолжетімділік беру, оның ішінде сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастыру арқылы тауарлар сату жөніндегі қызметті жүзеге асырады.

Оған қоса ішкі сауда субъектілерінің тауарлар беру туралы шарт жасасудан негізсіз бас тартудан немесе көрінеу кемсітушіліктен сақтауын осы мекеме қадағалайды.Бұдан бөлек департамент ішкі сауда субъектілеріне ірі сауда объектілері, сауда базарлары ұсынатын қосымша көрсетілетін қызметтердің тізбесін (бар болса) бекіту, сауда объектілеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін ішкі сауда субъектілерінің (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізетін) назарына жеткізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті жол берілетін бөлшек сауда бағаларының белгіленген мөлшерін сақтау жұмысын жүзеге асырады.

– Департамент сауда базары регламентінде және сауда инфрақұрылымын жаңғыртуда көзделген талаптарды сақтады. Сонымен қатар мекеме сауда базарларында, олардың аумағында техникалық жағдайлар болған кезде автодүкендерден сауда жасауды ұйымдастырды. Ірі сауда объектілерінде, ақпараттық жүйеде сауда базарларында сауда орындарын жалдау (пайдалану) шарттарына өзгерістер енгізу немесе жасасуды қамтамасыз етеміз.

Сондай-ақ ірі сауда объектілерінде, сауда базарларында орын жалға алу (пайдалану) үшін төлемді ақпараттық жүйе арқылы қолма-қол ақшасыз тәсілмен не екінші деңгейдегі банктер арқылы төлем шотын жазу жолымен қабылдауды ұйымдастырып, отандық өндірістің азық-түлік тауарларын сауда алаңында және (немесе) сөре кеңістігінде азық-түлік тауарлары орналасқан жалпы сауда алаңының және (немесе) сөре кеңістігінің кемінде отыз пайызын орналастырамыз.

Қазақстан Республикасының аумағында бағалар жапсырмасымен рәсімделген сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы сауда сөрелеріне қойылған тауардың бағасын теңгемен көрсетіп өткізу не Қазақстан Республикасының аумағында құны бағалар жапсырмасымен рәсімделген бағадан аспауы тиіс.Сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы сөрелерінде қойылған тауарды өткізу не Қазақстан Республикасының аумағында жария шарт талаптары бойынша тауарды өткізген кезде оның бағасы теңгемен көрсетілуі керек.Дайындаушы немесе сатушы рәсімдеген азық-түлік тауарларына тауарлық-ілеспе құжаттардың болуы шарт.

 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізу шартының болуы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда берушінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін белгілеу – негізгі міндеттің бірі. Біздің департамент сауда желісін немесе ірі сауда объектілерін ұйымдастырады. Осы арқылы тауарларды сату жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісінің азық-түлік тауарларын берушімен азық-түлік тауарларын беру шартын жасасу кезінде сатып алынған азық-түлік тауарларының бағасынан бес пайыздық сыйақы мөлшерін арттыруы немесе оның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуына байланысты сыйақыны заңсыз талап етуі бойынша мемлекеттік бақылау жүргіземіз, – дейді осы департаменттің тағы бір бас маманы Асқар Бейсебаев. 

 


Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін оларға сауда үстемесін заң бойынша белгіленген мөлшерден көтеріп сату фактілерімен күресу жұмыстарын жүйелі атқарып келеді. Департамент тарапынан Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының жоғары болуына байланысты шекті сауда үстемесінің өсуіне жол бермеуі жөнінде хабарлама берілген. Атап айтқанда, шекті баға бойынша, яғни өндірушінің босату бағасының немесе көтерме саудада үстеменің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспауы бойынша жадынамалық ақпаратты тауар өндірушілердің, сауда субьектілерінің және жергілікті тұрғындардың назарына жеткізу үшін хат жолдапты.

Жадынамаларды жергілікті тұрғындардың назарына жеткізудің басты мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мемлекеттік атқарушы органдардың бақылауында екендігін айтып, оларды аталған тауарлардың тізімімен таныстыру. Сонымен қатар олардың бағасына заңмен белгіленген мөлшерде сауда үстемесінің белгіленгендігін жеткізуге және тұтынушылардың қоғамдық бақылауын күшейтуге, құқықтық сауаттылығын арттыруға жіті көңіл бөлініп отыр.Департамент арқылы биыл 50 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, сауда үстемесін он бес пайыздан асырғандығы үшін сауда субъектілеріне 33 ескерту беріліпті. Бағаны негізсіз көтергендерге барлығы 452 270 теңге көлемінде 4 әкімшілік айыппұл салынған екен. 9 жоспардан тыс тексерісте бұзушылықтар анықталмаған.
Қоғамдық бақылау жұмыстары бойынша Тараз қаласынан және аудандардан 27 өтініш келіп түсіпті. Осыған орай тиісті тарапқа 21 ескерту беріліп, 1 айыппұл салынған.

– Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметі үшін басым мәнге ие. Осыған орай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары С.Жұманғариннің 2023 жылғы 9 қыркүйектегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу жөніндегі хаттамалық тапсырмасы берілген.Сондай-ақ облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен облыс аумағында «Баға белгілеудің бүкіл тізбесі бойынша делдалдық схемаларды тексеру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылау бойынша» өңірлік комиссия құрылған. Аталған өңірлік комиссия құрамына облыстағы барлық мүделлі мемлекеттік органдар мүше болып саналады.
Біз сөз етіп отырған өңірлік комиссия шеңберінде Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті экономикалық тергеп-тексеру, мемлекеттік кірістер департаменттерімен өзара жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде 6 субъектіге, атап айтқанда, «Лесняк», «Домстройэлит», «Ив Рус», «Ахметчина» сауда субъектілерінің электрондық шот-фактураларына сараптама жасады.

Оның қорытындысымен сауда үстемесін белгіленген мөлшерден асырғандығы үшін 3 субъекті ескерту түріндегі әкімшілік жазаға тартылып, ал үшеуіне барлығы 433 810 теңге көлемінде айыппұл салынды.Одан бөлек сауда сөрелеріндегі бағамен кассадағы бағалардың сәйкессіздігі бойынша департамент 7 субъектіге, оның ішінде «Тәтті себет», «Фиркан», «Оптовик №1» сияқты ірі сауда желілеріне барлығы 1 576 484 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.Сонымен қатар департаменттің және уәкілетті органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын алып-сататын, өздерінің өндіріп отырған бір түйір өнімі жоқ болса да делдалдық қызметпен айналысып жүрген тұлғаларды анықтау бойынша 66 факт анықталды. Оның ішінде 40 өнімсіз делдал жойылды. Аталған өнімсіз делдалдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасының өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі болғандықтан осындай қадам жасауға барып отырмыз.Департаменттің жұмыс бағытының бірі – базарлардың жаңғыртылу барысын бақылау. ҚР Премьер-Министрінің бұйрығымен 2023 жылдың 30 наурызында «Сауда базарларын жаңғырту жөніндегі» Жол картасы бекітілген болатын.

Жол картасына сәйкес облыс аумағында жаңғыртудан өткізілетін базарлар тізіміне «Жібек жолы», «Ауыл-Береке», «Нұралы», «Салтанат», «Якка Сарай», «Ақсай», «Береке» кірді. Қазіргі таңда «Нұралы», «Ақсай» базарлары жаңғыртудан өтті.Мекеме 2023 жылғы 30 наурыздағы «№2162 Ақпараттық жүйеде тіркеу» қағидаларына сәйкес сауда нысандарын «Smart QR» жобасына қосу бойынша да жұмыстарды атқаруда. Қазіргі таңда 10 базар, атап айтқанда, «Авто тауар», «Ауыл-Береке», «Нұралы», «Ақсай», «Grand Bazаar», «Якка сарай», «Береке», «Салтанат» және тағы басқа сауда орындары «Smart QR» жобасына тіркелуде. Жобаға тіркелу ісі базарлардың жаңғыртылуы бойынша әзірленген жол картасы шеңберінде жүргізілуде, – дейді Асқар Ғалымжанұлы.


Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтау бойынша департамент облыс аумағындағы көкөніс сақтау қоймаларының жай-күйін де зерделепті. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, өңірде  239 көкөніс сақтау қоймасы бар.

Ал департамент санағының нәтижесінде облыста 40 тоннадан асатын 209 көкөніс қоймасы ғана анықталған. Аталған қоймалардың тек алтауы ғана статистика бюросына ресми түрде тіркеліпті. Осыған орай департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс атқару нәтижесінде 113 көкөніс қоймасын статистика бюросына ресми түрде тіркеуден өткізуге кәсіпкерлік субъектілеріне жәрдемдесіпті. Уәкілетті мекеме осы тектес жұмыстарды алдағы уақытта да жүргізе береді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар