Ал өзім танып, жазған дүниелерін оқып, ақылман сөздерін естіп, көздерін көргендер легін Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаевтай қарымды қаламгер ағаларымыз бастап тұрады. Осы кісілерден кейін өңір баспасөзінің төріндегі қастерлі орын есімі дүйім жұртқа жақын таныс айтулы журналист Мақұлбек Рысдәулет ағамызға тиді. Үлкен өмір жолынан өткен Махаң бұған дейін Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде жауапты хатшы, «Халық кеңесі», «Заң газеті» мен ата басылым «Egemen Qazaqstan» газеттерінің облыс бойынша меншікті тілшісі жолдарынан үлкен абыроймен өткен, ысылған журналист деңгейіне көтерілген азамат еді.Биыл осы ақкөңіл, ақжарқын Махаң көзі тірі болғанда ортамызда жүріп, 75 жасын тойлар еді. Өкініштісі сол, өмірден ерте кетті. Бірақ өлкелі өңіріміздің руханиятын дамыта түсуде артында өшпес із қалдырып кетті. Күнделікті өмірде ол үлкенге іні, кішіге аға, әріптестеріне бас, жас журналистерге ұстаз болып өтті.Еңбек жолын қатардағы қарапайым тілшіден бастаған Махаң ағамыз үлкен өмір және еңбек мектебінен өткен салиқалы азамат болатын. Міне, осы өткен өрелі жылдарға кері бұрылып қарайтын болсақ, талантты публицист-журналист, жазушы Мақұлбек Рысдәулеттің киелі Ұлытау мен қасиетті Әулиеата өңірлері баспасөзі мен журналистика саласының дамуына қосқан үлесі аса қомақты.
Оның ең басты себебін мен Махаңның өз мамандығын өте терең білгендігімен, білімділігімен, ізденімпаздығымен етене жақын байланыстыра келе, іскер ұйымдастырушылық қасиеттері мен асқан жауапкершілігінен көргендей боламын.Жазған дүниелері де талай додалы бәйгелерден оза шауып, лайықты бағаларын да алып жатты. Олардың алдыңғы қатарында, әрине, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлық тұратын. Сонымен қатар жампоз журналист «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын Жамбыл облысы бойынша алғашқы алған қаламгердің бірі еді.Ол өзінің күнделікті жұмыстарын өте мазасыз күйде қарап, ой жетегінде, үлкен ізденіс үстінде жүріп атқаратын. Бойындағы ең үлкен қасиеттердің бірі – газетке берілетін бар материалды өзі оқып жүретіні сезілетін. Осылайша «Aq jol»-да жаңа айдарлар ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени және рухани салаларындағы өзекті мәселелерге жаңаша сипат беріп, газеттің мазмұнын байытуға үлкен ықпал етті.
Сонымен қатар сол жылдары газеттің оқырмандар қатары артып, логотипі мен макеті де өзгертіліп, фото безендіру де басқаша көріністерге ие болды.
Облыстық газетке келген соң Махаң өңір басшылары алдына бірден басылым ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтерді. Тараз қаласының 2000 жылдық мәртебелі тойынан кейін құрылысшылар қолы тимеген Баспасөз үйі қайта жөнделіп, материалдық-техникалық базасы біршама жақсарды.Сондай-ақ сол тұста газет ұжымына жас журналистерді тарту мәселесі жайлы өзі бас болып бастама көтергені есімде. Бұл өркенді бастама облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасынан да үлкен қолдауға ие болды. Нәтижесінде талаптары таудай Бекнұр Сатыбалдиев, Тұрсынбек Сұлтанбеков, Фариза Әбдікерімова, Шынар Сағиева, Эльвира Жарылқасынова, Маржан Рақай сынды бір лек жастармен қатар, баспасөз «теңізінің» мөлдірімен сусындаған, тәжірибелі журналист Амангелді Әбіл де Махаңның «командасына» қосылды. Көреген Махаңның алдын көріп, үлкен өмір мектебінен өтіп, бас редактордың сенімін ақтаған бұл азаматтар облыстық газеттің өркендеп, өсуіне аянбай үлес қосты.
Ал Бекнұрды 23 жасында бас редактордың орынбасары биігіне көтерді. Бұдан «Aq jol» дәстүріндегі ұрпақтар сабақтастығының жоғалмай сақталғанын анық көруге болатын еді.Жаңа ғасыр басындағы түрлі қиындықтар кезінде, оның ішінде жарық, газ сынды күрделі әлеуметтік мәселелердің орын алған кездерінде біздің Махаң «Еgemen Qazaqstan»-ға Амангелді газ кенінің орны жайлы бірнеше материал берді. Махаңмен бірге ол кезде республикалық басылымда қызмет ететін Әулиеата өңірінің шын жанашырларының бірі, қарымды журналист Мейрамбек Төлепбергеннің де қосыла жазуы арқасында Амангелді газы халық игілігіне айналды.
Әрине, бұл арада сол кездегі облыс әкімі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Серік Әбікенұлы Үмбетовтің де табанды еңбегін айтпай өтуге болмайды.Жүз жылдық тарлан тарихы бар киелі Әулиеата өңірінің айнасындай болған «Аq jol» газетінің 85 жылдығына орай жарық көрген «Шежірелі жылдар» атты мұрағаттық шежірелерді зерттеу мен жинақтау арқылы дүниеге келген аса құнды зерделі кітаптың шығуына да Махаң көп тер төккенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл жинақ бүгінде облыстық басылымның паспортындай болып тарихта қалды. Өйткені газет жайлы бар тарихи материалдар мен деректерді сол кітаптың ішінен қиналмай табасың.Сондай-ақ елдік пен бірліктің, тұтастық пен ынтымақтың туын көтерген біздің «Аq jol» да сол бір күрделі кезеңдерде ұлт тәуелсіздігінің тұғырын нығайту жолында мәртебелі істер атқарды.
Ал қаламы ұшты, жазары күшті басылым журналистері қандай тақырыпқа қалам тербесе де талғамы биік қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, жас мемлекетіміздің ерен жетістіктері мен толағай табыстарын кеңінен насихаттап, егемен еліміздің абыройын асырып жүрді. Өйткені газеттің әр саны, әр мақаласы өңіріміздің тыныс-тіршілігін айқын көрсетіп, стратегиялық маңызы зор мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың маңызын қалың көпшілікке дер кезінде, әрі сапалы жеткізуде өзгеге үлгі боларлықтай істер атқарды.Және де Мақұлбек Рысдәулеттің атын суытпайтын, шаршауды білмейтін журналистік өн бойына терең үңіле қарасақ, одан оның үнемі халықтың сөзін сөйлеп, бұқараның ойын жеткізе білген тұлғасын көру қиын емес. Өйткені ол шындықтың адал досы, әлеуметтің қамқоршысы бола білді деп есептеймін.
Осы қасиеттері облыстық басылымда молынан ашыла түсті десек, еш артық айтқандық емес.Бір сөзбен айтқанда, өзі басқарған жылдары Махаң «Aq jol»-ды жаңа биікке көтерді. Қоғам ауанындағы өзекті қоғамдық-саяси және әлеуметтік жағдайларды тамыршыдай дөп басып отырды. Ол өзі іргетасын қалаған жеке «ұстаханасынан» жаңа есімдерді шығарып, оларды шыңдап, ұлы көшке қосты. Бұл білген жанға үлкен еңбек.Облыстық газеттен кейін Махаң өңір архивінің тізгінін ұстап, өңір тарихының ашылмаған жаңа беттерін ашуға мол еңбек сіңірді. Ол талмай жүргізген тірліктерінің арқасында облыс тарихы мен тұлғалы азаматтарының тағдыры жайлы 10-нан аса кітап жазды.
Бір кездескенімізде мен ардақты ағамызға інілік қалжыңмен «Маха, сіз барғалы шаң басқан архивтің бағы ашылды, сіздің де бағыңыз ашылды!» деген шын көңілден шыққан ақжарма сөзімді көпшілікке өзі айтып жүреді екен. Сол сөзім алдымнан талай мәрте шығып жүрді. Сонымен қатар архивте жүріп ол Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен майдан даласында қаза болған әулиеаталық жауынгерлердің толық тізімін жасап, оны «Жеңіс» саябағындағы мемориалдық кешен төріне орналастырып, көптің батасына кенелді.Уақыттың қарбаластығына қарамастан, ол Талас ауданы, Үшарал кеңшарын ұзақ жылдар басқарған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, аты аңызға айналған Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев жайлы да тың дерекетерге толы кітапты дүниеге әкелді.
Ал облыс руханиятының жалауындай болған мәдениет майталманы Әлібек Әмзеев ағамызбен екеуінің арасындағы сыйластық пен достық мүлдем бөлекше еді. Екеуара қағытпа сөздері мен әзіл-қалжыңдары өздеріне керемет жарасып тұратын. 2017 жылы Әлібек ағамыз желкенді 70 жасқа толғанда Махаң қасында жүріп, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана, аудандар мен мәдениет мекемелерінде өткен танымы мен тағылымы мол шығармашылық кештерді де өзі жүргізіп жүргенінің куәсі болып едік. Сол Әлекеңе қайта-қайта «Көп айтасың, көп нәрсені білесің, неге осы естеліктеріңді қағазға түсірмейсің? Сен жазбасаң, кім жазады?» деп, екі томдық естелік кітап жазуына да себепші болған осы Махаң болатын.Бас редактор кезінде ол облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе жасалған медиа-жоспарға сәйкес «Аq jol» беттерінде мемлекеттік тіл саясатын жүргізумен қатар, ана тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселелеріне де үлкен көңіл бөлді. Облыстық ономастика комиссиясының белсенді мүшесі де болды. Бірде мен архив дүниелерінің арасынан халқымыздың арда ұлы, Халық комиссары Сәкен Сейфуллиннің ана тіліне байланысты сол замандағы билік пен халыққа арнаған Үндеу хатын кездестіріп, кіріспе сөзбен Махаңа арнайы әкеліп тапсырдым.
Газеттің екі-үш саны шықты. Бірақ әлгі қастерлі Үндеу көрінбейді. Сонан соң Махаңа келіп сұрағанда: «Ресми материалдар көбейіп кетті, мен оны Алаш арысы Сәкеннің суретімен қоса бірінші бетке дайындап отырмын. Ол қалайда бірінші бетте болуы керек!» – деп үлкен жанашырлық танытты. Кейін сол бір мәні жоғары, мәртебесі биік материал қоғамда үлкен қолдауға ие болып, тіпті Түркістан облысының бір басылымы арнайы рұқсат сұрап, қайта басты.Жалпы мен Махаңмен 1992 жылдың күзінде «Халық кеңесі» газетінде жұмыс істеп жүрген шағында Сарысу ауданы жайлы мақала жазбақ мақсатымен келген іссапарында танысқан едім. Артқа бұрылып қарасам, жас алшақтығына қарамастан, сол уақыттан кейін арамыз да, арадағы ағалы-інілі сыйластығымыз да үзілмеген екен. Оған ортамыздағы ортақ оң пікірлер де себепші болған шығар, бәлкім. Кейде маған қарап: «Ей, бастық, енді не істейміз?» – дейтін. Содан соң «Мен көңіліме жақын жандардың бетін өзіме қарату үшін «Ей!» деп сөйлегенді ұнатамын», – деуші еді, жарықтық. Енді міне, мен сол көңіл көкжиегімде, жүрек төрімде биік мәртебесімен, жылы жүзімен, зиялы кейпімен қалған Махаңды сағынышпен еске алып отырмын.
Өйткені қолынан қаламы түспеген Махаң Алланың берген сабырлы мінезімен, салмақты қалпымен ұлағатты өмір кешті деп ойлаймын. Төрде төбедей болып отыратын ол топ ішінде әңгіме бастаса төгілетін, оның ішінде Арқа өңірінің әсерлі әңгімелерін көсіле айтатын еді.Маған Махаңның отбасымен жақын араласудың сәттері түсіп, өзара сыйласу да тағдырдың сыйлаған сыйы болды. Студенттік шақтан қол ұстасқан аяулы жары Дәметкен де Махаңның ордалы ортасын толтырып, достарына төрден орнын дайындап, дастарқаны жиналмай кеткен ғазиз жүректі жан еді. Өкінішке қарай, жұптары жазылмай бірге ғұмыр кешкен, отбасылық тірегіне айналған Дәметкеннің мезгілсіз қазасы Махаңа өте ауыр тигені де рас. Құстың қос қанатындай болып жанына серік, өміріне көрік болған жайсаң мінез Дәметкенін сағынды ма екен деп те кейде ойға қаламын.
Бәрі бір Алланың ісі шығар... Осылайша Махаңдай асыл азаматтың ел ағасы биігіне көтерілген шақта демі таусылды.Толағайдай маңғаз Махаң өмірде жаны таза, адалдығы көзінде, жақсылығы сөзінде, ақ пейілі өзінде, адамгершілігі мол, берік позициясы орныққан, жаратылысы бөлек, қайталанбас жан еді.Жаратушы Ием артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасы ынтымағын берсін деп тілеймін!Кешегінің ақылман қарияларынан «таулар биіктеген сайын көлеңкесі алысқа түседі» деген тауларын аласартпаған өнегесі көл сөз қалған екен. Иә, Махаңның бейнесі де алыстаған сайын оған деген құрмет пен адами көңілдің ашыла түсері хақ.Ақпарат әлемі мен саналы өмір жолында киелі Әулиеата топырағының туын төмендетпеген Мақұлбек Рысдәулет ағамыздың жатқан жері пейіштің төрі болып, иманы жолдас болсын!Махаң мен үшін осындай ізгі қасиеттерімен мәңгі жанымда қалары ақиқат.
Қырғызәлі Тілеуов,
Астана қаласы