Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жүйкемізге жүк артпайық

Жүйкемізге жүк артпайық
Ашық дереккөз
Бүгінде маскүнемдік пен наша шегуден арыла алмай жүрген жандарды жақындары облыстық психикалық денсаулық орталығына алып келеді. Себебі бұрынғы наркологиялық диспансер облыстық психикалық денсаулық орталығына қарайды. Бұрын бөлек-бөлек жұмыс істеп келген құрылымдарды біріктірудің маңызы қандай? Психиатрия мен наркология салалары бір-бірімен қаншалықты қабысады? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Облыста психиатриялық қызметтің дамуының тамыры сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Ол уақытта психотропты  препараттар жоқ еді. Психоз ауруы кезінде тек науқастарға фиксация жасалатын.  1958 жылы бұрынғы Фурманов (қазіргі Көшеней) көшесіндегі мешіт ғимаратынан бейімделмеген жай беріліп, онда  40 орындық облыстағы алғашқы психдиспансер ашылған. Келесі  үш жыл ішінде 125 орынға дейін кеңейтіліп, үш бөлімше іске кірісіпті. 1940 жылдары Киев қаласынан эвакуацияланып келген  Илья  Руденский  1968 жылға дейін бас дәрігер болып қызмет атқарған.  
– Дәрігер И.Руденский өте білімді дәрігер еді. Ол соғысқа дейін университеттің бірнеше факультетінде оқыған, экономикалық және медициналық білімдері бар, бірнеше шет тілдерін меңгерген кісі болатын. Киевтен эвакуацияланғанда оның жанында қызметтесі әрі досы, дәрігер М.Сулаев болды.

Білікті маман Кавказға көшіп кеткеннен  кейін жазушылықпен айналысып, өзінің шығармаларында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы психиатриялық емхана туралы, Қазақстандағы әріптестері жайлы көптеген  естелік жазды. 1963 жылы диспансер жанынан балалар мен жасөспірімдерге арналған кабинет ашылған.1968 жылдан  1975 жылға дейін диспансердің бас дәрігері қызметін Иван Носков атқарды.  Ол басшылық жасаған алғашқы күннен бастап  диспансерді кеңейту,  жаңа ғимарат салу мәселелері бойынша Мәскеуге барды. Төрт жыл бойы психикалық ауруға шалдыққандарға арналған диспансердің жаңа құрылыс жобасымен айналысты.  1973 жылы аурухана құрылысы мен облыстың қалалары мен аудандарындағы халыққа психиатриялық көмек көрсеткені үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды.  Одан беріде  2004-2019 жылдар аралығында психиатриялық диспансерді  жоғары санатты дәрігер  Еділ Сауранбаев басқарды. 

Бізге тағдыр жолы сан тарау адамдар түседі. Көпсалалы мекеме болғандықтан біздер, дәрігерлер жан-жақтымыз. Ең біріншіден айтарым: жүйке жүйесін сақтаңыздар! Жүйке талшықтары қайта қалпына келмейді. Бұл сөз жай айтылған нәрсе деп ойламаңыздар. Мұнда зейнетке шыққан ұстаз да, басшылар да, дәрігерлер де жатып шықты. Ешкімді сынауға болмайды. Өйткені алдыңнан не шығарын білмейсің. Қарттығың бейнетпен келе ме,  әлде зейнетпен бе, ешкім білмейді. Ауруды ауру деп табаламау керек. Оның жазылып шығуына көмек беру қажет. Ол да жеке тұлға. Мейлі маскүнемдікпен, мейлі нашақорлықпен, мейлі есі ауысып түссін, ол жеке тұлға.

Оның өмір жолымен біздер жүріп көрмегендіктен артық айтуға құқымыз жоқ. Біз, дәрігерлер бәріне бірдей құрметпен қараймыз. Ем-шара жасаймыз. Күтім – баршаға ортақ. Дені сау болып, жақсарып үйіне оралғандар да баршылық. Екінші қайтара қу араққа, нашаға жоламай, адалынан ас тауып жүргендер жетеді. Сол кезде біз шын қуанамыз. Біздің ем-домның нәтижесі болғанына көзімізден жас шыға қуанамыз, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Серік Дүйсеналыұлы.Бүгінде психикалық денсаулық сақтау қызметі облыстық психикалық денсаулық орталығы мен аудандардағы психикалық денсаулық кабинеттерімен ұштасқан. Аталмыш орталыққа 6 бастапқы психикалық денсаулық орталығы, наркологиялық және психиатриялық блоктары қарайды. №1 бастапқы орталық психикалық денсаулық орталығының ғимаратында орналасқан. Ал №2,3,4,5,6 бастапқы орталықтар қалалық емханалар базасында.

Наркологиялық және психиатриялық блоктар 13 бөлімшеден және күндізгі стационар, уақытша бейімдеу және детоксикация бөлімдерінен тұрады. Қызмет алушылардың  тілегін қанағаттандыру үшін 540 орындық стационар жұмыс жасайды. Оның 180-і наркологиялық және  360-ы психиатриялық. 35 орындық күндізгі стационар  ересектерге арналған. Ал уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы  40 орындық. Орталықта тәулік бойы жұмыс жасайтын алкогольдік және есірткілік масаңдықты сараптау кабинеті, метадонмен алмастыра отырып қолдау терапиясы кабинеті, кеңес беріп, медициналық тексеру жасайтын клиникалық-диагностикалық бөлімшелер бар. Және инфекциялық бақылау, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті, химиялық-токсикологиялық зертхана, клиникалық-диагностикалық  зертхана, шаруашылық қызмет жайлары орналасқан.

Жастар арасында психоактивті заттарға тәуелділіктің таралуының әлеуметтік қауіпті өсу үрдістерінің, суицидтің алдын алу, салауатты өмір салтына деген көзқарасты белсенді қалыптастыру мәселелері облыстық психикалық денсаулық орталығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Соңғы жылдары бұл бағытта жұмыс күшейтілген. Өйткені синтетикалық есірткілердің саны және сәйкесінше танымалдылығы тез артып келеді. Олар «дизайнерлік есірткі» деп аталады. Синтетикалық есірткілер бүкіл денені жасушалық деңгейде, соның ішінде миды да жояды, бұл  психикалық және мінез-құлық бұзылыстарына әкеледі.Бұл ғана емес, тек мамандандырылған браузерлер арқылы қолжетімді жасырын интернет сегменті есірткі сататын жарнамаларға толы.  Олар психоактивті заттарға тәуелділіктің қалыптасуына, ең алдымен, жасөспірімдерге энергетикалық сусындар мен электронды темекі әсер етеді деп санайды. Бірқатар елде электронды темекіге тыйым салынған. Бірақ бұл мәселелерді шешпес бұрын мұқият ата-ана бақылауы қажет. 

– Облыс бойынша 8 мыңға жуық психоактивті заттарды тұтынушы есепте тұр. Бұл мүдделі ведомстволармен және тікелей ата-аналармен бірлесіп пысықталуы тиіс мәселе. Жасөспірімдер, ең алдымен, психоактивті заттарға ұшырайды және ұзақмерзімді салдардың даму қаупі жоғары. Сондықтан ата-аналар үшін баланың күні бойы не істейтінін, достарының шеңберін біліп, мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару өте маңызды. Ең бастысы, дәрігерге қаралудан қорықпау керек. Өтініштің құпиялылығына заңнамамен кепілдік беріледі.Психиатрия мен наркологияны біріктіру – саналы шешім. Себебі жетпісінші жылдарға дейін бұлар бір ғылым саласы саналып келген. Наркология психиатрияның кішкентай бөлігі болып саналады.

Яғни барлық наркологиялық диагноздар психиатриялық диагноздардың бөлігі болғандықтан латынның F әрпімен, бір айдармен белгіленеді. Екеуін неге біріктіргеніне тоқталсақ, психиатрия мен наркология диагноздары бірдей дамиды, психикалық бұзылыстары бар адамдар психотроптық немесе наркотиктік заттарды қолдана бастайды. Ал керісінше психоактивтік заттарды пайдаланудың нәтижесінде адамдар мінез-құлқына әсер ететін бас миының зақымдануына ұшырайды. Әлбетте, наркологиялық және психологиялық бұзылыстарды емдеу тәсілі өте ұқсас болып келеді, екеуінде де бірдей дерлік дәрі-дәрмек қолданылады. 2019 жылдан бастап екі орталық бір мекемеге  бірікті, – дейді облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Серік Жетібаев. 

Сондай-ақ психикалық денсаулық орталығы облыстың оқу орындарында жүйелі жұмыс жүргізуде. Темекі шегудің де, түрлі психоактивті заттарды, сусындарды тұтынудың да зияны туралы парақшалар мен басқа да ақпараттық материалдар әзірленеді және таратылады. Оқушыларды профилактикалық жұмыстармен барынша қамту үшін нашақорлыққа қарсы күрес айлығы осы жылы 22 мамыр мен 26 маусым аралығында өтіп, Халықаралық есірткі және есірткі бизнесімен күрес күні шеңберінде іс-шаралар ұйымдастырылды.

Синтетикалық препараттармен күресу оларды адамның биологиялық орталарында анықтау тұрғысынан соңғы уақытқа дейін қиын болды. Осы мәселені шешу үшін облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасының қолдауының арқасында өткен жылы облыстық психикалық денсаулық орталығы биологиялық ортада алкоголь мен есірткі заттарының барлық түрлерін анықтау үшін  «Хроматэк-Кристалл 5000» атты хроматограф сатып алды. Қазіргі кезде Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде психикалық аурулар саны артқан. Мұның мәнісін дәрігерлер адамдардың жүйке жүйесінің әлсіздігінен деп отыр. 

Айтып айтпай не керек, бұл орталықта тағдырлары сан түрлі аурумен тоғысқан жандар жатыр. Ал дәрігерлер мен ондағы қызмет көрсетушілер олардың жанына дауа. Орталық 2021 жылдың қорытындылары бойынша «Жасыл кеңсе» республикалық сайысының жеңімпазы атанған. Ал басшы Серік Жетібаев «Жылдың үздік басшысы» атағын жеңіп алыпты.

Эльмира Байназарова 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар