Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәріз судың зардабынан құтылатын күн бар ма?

Кәріз судың зардабынан құтылатын күн бар ма?
Ашық дереккөз
Тараз – еліміз бойынша кәріз суларын тазартатын кешені жоқ жалғыз қала. Талай жылдан бері көпшілік үшін көкейкесті мәселеге айналған өңірдегі шайынды сулардың жағдайы әлі реттелмей келеді. Сарқынды суды уақытша қабылдайтын бассейндер аузы-мұрнына дейін толып, қоршаған ортаға қауіп төндіруде. Тараз қаласынан шыққан қалдық сулар облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының аумағына жайылуда. Оның қолқаны қапқан күлімсі иісінен бұл күнде жергілікті жұртшылық та зәрезап болған.

Су тазартқыш кешен 
керек

Мәселен, Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылына барар жолмен ары-бері жүрген жолаушы бұл жағдайды жақсы біледі. Қаладағы кәріз жүйелерінің тозуынан екі ортадағы бірқатар ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Бұл мәселені жергілікті жұртшылық та талай мәрте көтерген. Тіпті әкімдердің есеп беру жиындарында да бұл өңірдегі күрделі мәселелердің бірі ретінде жиі айтылатын. Бірақ жауаптылар мәселені басшылыққа алғанымен, әйтеуір, түрлі себеппен шешімін таппады. Жақында облыстық экология департаменті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін арнайы баспасөз турын өткізіп, шайынды сулар уақытша құйылатын орынды көрсетіп, қазіргі сәттегі жағдайымен, басты мәселелермен таныстырған болатын.Тараз қаласында 1963 жылдан бастап қарапайым сүзгілеу алаңдары жұмыс істеп келеді. Жалпы Тараздан келетін кәріз суының барлығы Жамбыл ауданы «Жамбыл Су» мекемесінің сүзу алаңына келіп құйылады. Қазіргі таңда мұнда тәулігіне келіп жатқан судың көлемі 70-75 мың текше метр, яғни секундына 1 000 литрге жуық су келеді. Зертханалық талдаулардың нәтижесі бойынша, сарқынды сулардағы қатты заттардың рұқсат етілген нормативінен 69 есе жоғары, ал аммоний азотының 1,6 есе, нитраттардың 2,4 есе асып кеткендігі анықталды. «Жамбыл Су» (бұрынғы «Тараз су») мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 20 жылға жуық қызмет еткен ардагер маман Әжмұқан Бөлтіріковтің сөзіне сүйенсек, мұндағы басты проблема – шайынды суларды тазарту кешенінің жоқтығы.

– Шаһарда қазіргі уақытта 300 шақырымға жуық кәріз жүйесі бар. Бізде кәріз жүйесі бір ғана бағытпен жұмыс істейді. Яғни тұрмыстық, өндірістік сулар бөлінбей, бәрі бір жүйеге қосылған. Қалада жиналған қалдық су 1000 – 1200 текше метрлік екі үлкен коллектормен ағып барып 14 гектарлық тұндырғышқа, яғни ағынды және сарқынды суларды жинауға, сондай-ақ оларды бастапқы механикалық тазартуға арналған резервуарға барып құяды. Тұндырғыш өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы технология бойынша есептеліп салынған. Резервуарда тұнған су екі каналмен ағып барып, 197 гектар сүзу алаңдарына кетеді. Бастапқы сүзу алаңдарының жалпы көлемі сол жылдары 197 гектарды құрап, 92 картадан тұратын. Ол заманда сарқынды сулардан еш мәселе болмайтын. Сол уақытта жобаның қуаттылығы тәулігіне 43 мың текше метр суды қабылдайтын. Пайдаланылған сулар тасымай, шашылмай тұндырғышқа құйылып, ары қарай сүзу алаңдарына ағып, соңында табиғи жолмен булану не жерге сіңу арқылы азайып отыратын. Айта кетерлігі, ол тұста 197 гектар сүзу алаңдарының 92 картасын кезек-кезегімен пайдаланып, уақытында астын тазартып, суын сіңдіріп, жаңа қалдық сулар құюға дайындап қоятынбыз. Сондықтан экологиялық мәселелер орын алмай, жұмыс жүйелі жүретін. Бүгінгі таңда қала халқының саны артуына, әрі жаңа өндіріс ошақтары іске қосылуына байланысты келетін су тәулігіне 80 мың текше метрге жететін болды.

Бұл әу баста есептелген сыйымдылықтан екі есеге артық. Сәйкесінше апаттық жағдайларға кезіге бастадық. Карталарды тазартып, суды сіңдіріп үлгере алмағанымыз былай тұрсын, тұндырғышымыз тәулігіне келетін суды көтере алмай, артық шайынды сулар бейберекет төгіліп жатыр. Өкініштісі сол, қазір құрылымдардың сүзу қасиеттері толығымен жоғалып, тұндырғыштардың түбі лайланғандықтан ылғалдың булануы ғана жүреді. Сондықтан жақын маңдағы ауыл-аймаққа қауіп төндіре бастадық, – деген Ә.Бөлтіріков 2020 жылы жергілікті билік қордаланған мәселені шешу үшін қосымша 20 гектар жер бөлгенін айтты.Алайда мұның өзі отыз жылдан бері жалғасып келе жатқан проблеманы түбегейлі шешпесі анық. Себебі былтыр ғана қолдануға берілген қосымша алқап та қазір сарқынды судың біразын өзіне жинап жатқанымен, екі-үш жылдан соң ол алаң да қиындықтарға кездесері бесенеден белгілі.Жалпы облыс орталығының кәріз жүйесі үшін заманауи тазарту құрылыстарын салу қажеттігі екі мыңыншы жылдардан бастап айтылып келеді. Өйткені жоғарыда сөз болғандай, аймақта сүзу алаңдары түріндегі тазарту қондырғылары бүгінгі таңда екі есе артық жүктемені көтере алмайды.
Жамбыл ауданындағы Қостөбе ауылының тұрғындары кәріз суынан ластанған жерге малын жаюға мәжбүр.Ауыл тұрғындары су мен жемшөптің аздығынан өздері де, малы да кеселге ұшырап жатқанын айтады. Сондай-ақ Бірлесу-Еңбек, Қостөбе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе сынды елді мекендердің құдығынан шығатын судың сапасының санитарлық талапқа сай келмейтінін ешқандай құрылғысыз-ақ көруге болады.

– Бізге бөлінген жайылым жерлердің басым бөлігі тастақты жер болса, кей бөлігі сарқынды су жайылған жарамсыз алаң. Түліктерімізді амалсыз осы маңға келіп жаямыз. Малымыз кәріз суын ішіп уланып жатыр. Оның үстіне елді мекендегі тұрғындардың пайдаланып отырған суының сапасы да сын көтермейді. Әрине, сапасыз су тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Мәселе бір жолға қойылып, қолқаны қапқан күлімсі иісінен құтылатын күн қашан туар екен? – дейді Қостөбе ауылының тұрғыны Ақылбек Күзембаев.

Басқасын былай қойғанда, мамандардың болжамына сүйенсек, ластанған су Аса өзені мен Билікөл көліне қосылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жаһандық экологиялық апатқа әкеліп соғады.

Жоба үшін
 желге ұшқан ақша

Негізінде 2022 жылдың сәуірінде жергілікті билік Тараз маңындағы аумақтағы жағдайды шешу мүмкіндігін қарастырып, экологиялық апаттың алдын алуға тырысқан. Себебі сол уақытта Сенат депутаты болған Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен облысқа келіп, Қостөбе ауылының тұрғындарымен кездескен еді. Қостөбеліктер сенаторға сарқынды су құятын сүзу алаңдарының толып тұрғанын айтып, өз аймағындағы күрделі экологиялық жағдайды шешуге көмек сұраған. Депутат бұл мәселені  республикалық деңгейдегі уәкілетті органдардың алдына қоямыз деп сендірген. Сапардан кейін сенатор депутаттық сауал жолдап, сол кездегі ҚР Премьер-Министріне Тараз қаласы халқының санының өсуіне байланысты ағынды сулардың көлемі де артып отырғанын жеткізген-ді. «Қазіргі уақытта қалалық кәріз жүйесін тазарту кешенін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, «Мемлекеттік сараптама» мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорнының қарауына жіберілді. Бірақ қабылданған мораторийге сәйкес жоба қолдау таппады. Елді мекендер тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қолайлы ортаны қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласында кәріздік суларды тазарту кешенін салу жобасын іске асыруға және республикалық бюджеттен қаржыландыруға жәрдемдесуді сұраймыз», – деді А.Нұралиев депутаттық сауалында.

Ол экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрғындар арасында орынды наразылық тудырып отырғанын сол кезде-ақ мәселе етіп көтерген болатын.Тараз қаласындағы кәріздік тазарту құрылыстарының жай-күйі облыстық жергілікті билік деңгейінде де талқылануда. Көптен келе жатқан бұл мәселені шешуге көмектесетін ауқымды жоба аясында түрлі ұсыныстар қарастырылуда. Осыдан бірер жыл бұрын «Қазақ сушаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қорытындысы негізінде сүзу аймағында ағынды сулардың шамадан тыс жиналуынан туындаған күрделі жағдайды ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар бұл аумаққа «апатты аймақ» деп баға беріп, жағдайды реттеу мәселесін қарастырған еді.Сол кездегі облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өзекті мәселені жеке бақылауына алып, тиісті шаралар қабылдағанынан біразымыз хабардармыз. Экс-әкімнің тапсырмасы бойынша экологиялық апаттың алдын алу үшін қосымша карталарды салуға 20 гектар жер бөлініп, нысанның жобалық құжаттамасы әзірленді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, «Мемлекеттік сараптама» мемлекеттік кәсіпорнының қарауына жіберілді. Мүдделі ведомстволарға сүзу алаңдары құрылысының  жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Алайда мұның бәрі уақытша шаралар ғана.

Су тазартатын кешен салынбайынша, мәселе түбегейлі шешілмейді.Жылдан-жылға жалғасып келе жатқан мәселеге қатысты қарастырылған амалдарға қысқаша тоқталып өткен жөн болар. Сонау 2005 жылы облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ағынды суларды толық биологиялық тазарту кешенінің техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеген болатын. Ол үшін облыстық бюджеттен сол кезде 10,7 миллион теңге бөлінген. Кешеннің құрылысы «2008-2010 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау» бағдарламасының жобасына енгізілген. Ал 2008 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі кешен құрылысының мемлекеттік сараптамасын әзірлеу үшін конкурс өткізіп, Алматы қаласындағы «GMI & DESIGN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 169,2 миллион теңгеге келісімшартқа отырады. Алайда араға бір жыл салып, «Мемлекеттік сараптама» мемлекеттік кәсіпорны жобаны тексеріп, теріс қорытынды шығарды. Жоба мемлекеттік нормативтік құқықтық актілердің белгіленген талаптарына сәйкес келмегендіктен қайта қарауға қайтарылды.

Екі жыл бойы облыстық бюджетте жобаны реттеуге ақша  болмады.Мұнан кейін 2011 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен «Тараз қаласындағы сарқынды суларды толық биологиялық тазарту кешенін» жаңартуға тағы 20,6 миллион теңге бөлінді. Көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша жаңа конкурс өтіп, келісімшарт  тәжірибесі аз алматылық, яғни алғашқы жобаны оңдырмаған «GMI & DESIGN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен қайта жасалды. «Мемлекеттік сараптама» мемлекеттік кәсіпорны қарауына түзетулері бар жаңа техникалық-экономикалық негіздеме жобасы ұсынылды. Бірақ бұл жолы да «Мемлекеттік сараптама» кәсіпорны техникалық-экономикалық негіздеменің мемлекеттік стандарттарға сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасады. Алматылық компаниямен сот процесі жамбылдықтардың пайдасына аяқталды. Алайда одан кейін техникалық-экономикалық негіздеме туралы әңгіме көтерілген жоқ.


Ал 2012 жылы өңірге ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров жұмыс сапарымен келіп, облыс тұрғындарымен кездесуде кәріз суларын биологиялық тазарту кешенін саламыз деп уәде еткен болатын. Экс-министр сол жолы сүзгілеу алқаптарының жағдайын өз көзімен көріп қайтқан. Ол уақытта облысты басқарып тұрған Қанат Бозымбаев министрге 2011 жылы «Жамбыл облысы Тараз қаласындағы сарқынды суларды толық биологиялық тазарту кешені» техникалық-экономикалық негіздемесін жаңарту жұмыстары аяқталғанын және мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғанын хабарлаған.Тараздың экологиялық мәселесін шешуге тиіс жобаның сметалық құны ол кезде 23 миллиард теңгеден астам қаржыға  бағаланған. Жұмыс сапары аясында экс-министр тазарту құрылыстарын салу 2014 жылғы республикалық бюджетке енгізілетінін, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі бұл жобаны қолдайтынын айтып сендірген. Алайда уақыт көрсетіп отырғандай, кешеннің құрылысы 2014 жылы да, одан кейін де басталған жоқ. Кезекті техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге 2018 жылы үшінші рет облыстық бюджеттен 35 миллион теңге бөлінді. Жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын жоба да әзірленіп жатқанымен аяқсыз қалды.Осылайша жылдан-жылға ауысқан қордаланған мәселе шешімін таппай, үлкен шаһардан жиналған шайынды сулар сүзу алаңын бұзып-жарып жақын маңдағы кен орындарына үздіксіз ағып жатты. Міне, осындай олқылық салдарынан жамбылдықтардың «су тазартатын кешен керек» деп дабыл қағып келе жатқанына жиырма жылдан асты.

Көрінген таудың 
алыстығы жоқ

Тұрғындарды мезі еткен мәселе облыстық экология департаментінің назарынан тыс қалған емес. Департаменттің мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Ермек Құралбаевтың айтуынша, мекеме 2022-2024 жылдар аралығында «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тексеріс жүргізген.– Екі жыл бұрын департамент кәсіпорынға Тараз қаласы прокуратурасының ұсынысы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Ұсыныста «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі сүзу алаңының карталары қалалық ағындармен толып кеткені көрсетілген. Бұл объектіні қауіпсіз режимде пайдалануға мүмкіндік бермейді. Тексеру барысында дренаждық канал арқылы жобалық параметрлерден асатын қалалық ағындардың Аса және Көктем өзендерінің су объектілеріне 1,5 есе түсетіні белгілі болды. Департамент зертханасы сынама алды. Іріктеп алынған сынамалардың нәтижелері бойынша сүзгілеу алаңдарында, сондай-ақ ағынды және дренажды суларды жер арнасына ағызып, кейіннен Көктем су объектісіне ағызу кезінде шекті белгіден аса көп төгінділердің артуы анықталды.Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша, аталған мекеме 2 өрескел бұзушылыққа жол берді. Өз кезегінде департамент тарапынан Көктем су объектісіне сарқынды суларды ағызудың себебін анықтау және оған жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға нұсқау берілді. Сонымен қатар қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін неғұрлым тиімді іс-шараларды енгізу керектігі ескертілді. Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің асып кетуіне жол бермеулерін қадағалауды еске салдық. Осы бұзушылықтар үшін кәсіпорын 

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 331-бабының 1-бөлігі және 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 331-бабының 1-бөлігі бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен 1 225 200 теңге сомасына салынған әкімшілік айыппұл ерікті түрде төленді.«Жамбыл Су» кәсіпорны нұсқамаларды орындау шеңберінде 20 гектар жерге қосымша 12 сүзу алаңының картасын салды. Қазіргі уақытта рельефке ағызу жүзеге асырылмайды және кәріз ағындары су объектілеріне түспейді.Бұдан басқа 2022 жылы кәсіпорынға қатысты 2022 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған тізімге сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) барумен профилактикалық бақылау жүргізілді. Тексеру барысында 2021 жылғы қалдықтарды түгендеу бойынша есеп тапсырылмағаны, сарқынды суларды ағызу нормативтерінің асып кетуі, өндірістік экологиялық бақылау бойынша есеп берілмегені жөніндегі бұзушылықтар анықталды. Анықталған бұзушылықтар бойынша мекеме 1 072 050 теңге сомасына 4 әкімшілік айыппұл арқалады.

Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 333-бабының 1-бөлігі бойынша 153 150 теңге, 324-бабының 1-бөлігі бойынша 153 150 теңге, 326-бабының 1-бөлігі бойынша 459 450 теңге сомасына айыппұл салынды. Барлық айыппұлдар ерікті түрде төленеді, – деген Ермек Алтайбекұлы өткен жылы тексерулер болмағанын жеткізді.Десе де биыл кәсіпорынға Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстағы департаментінің 01.04.24 жылғы №27/4-2269 ҚБП хаты негізінде тексеру жүргізілген екен. Тексеру барысында «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ластаушы заттардың апаттық төгіндісі туралы хабарлама бермегені, 80- картадан дренаждық каналға ластаушы заттарды төккені белгілі болған. Анықталған бұзушылықтарға қатысты қысқартылған іс жүргізу бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 327-1-бабының 1-бөлігі негізінде 369 200 теңге, осы кодекстің 331-бабының 2-бөлігі бойынша 184 6000 теңге қаражат көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды. Ерікті төлем мерзімі өтпегендіктен айыппұлдар бүгінгі күні төленбеген. Алайда экология департаменті тарапынан берілген нұсқамалар орындалған. Қазіргі уақытта Тараз қаласы кәріз суы тазартылмайтын жалғыз облыс орталығы болып отыр. Жергілікті әкімдік өкілдері тілшілерге жаңа тазалау қондырғысының қашан ашылатынын айтып берді.

Өткен айда түйткілді мәселеге қатысты Тараз қаласының әкімдігі ақжолтай жаңалықты жеткізді. Анығын айтқанда, жергілікті әкімдік бұл түйткілді мәселе 2028 жылы түбегейлі шешіледі деп уәде беріп отыр. Қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, жаңа кешен құрылысын бастау үшін Еуразиялық даму банкімен келіссөздер жүргізілген.
– Жобаға 250 миллион теңге грант бөлініп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жұмыстары қаржыландырылды. Бұл негіздемені словениялық «CECT Consulting» компаниясы әзірледі және мемлекеттік сараптамаға өткізді. Енді ЕРС келісімін жасау үшін Еуразиялық даму банкі конкурс өткізеді. Оған халықаралық деңгейдегі құрылыс компаниясы қатысады. Қорыта айтқанда, 2025 жылы құрылысты бастап, 2027 жылы аяқтау керек. Осылайша 2028 жылдан бастап шайынды сулар толық тазартылатын мүмкіндік болады, – деп түсіндірді Қ.Исмаил.
Ал ардагер маман Әжмұқан Бөлтіріковтің сөзіне сенсек, кешен іске қосылған жағдайда кәріз суларын бөліп тазартуға мол мүмкіндік туады. Кейін ол суларды егін алаңдарына пайдалануға болады. Сондай-ақ сүзу алаңдарына жақын елді мекендердің тұрғындарын мазалайтын жағымсыз иістердің деңгейі айтарлықтай төмендейді.

Қаншама рет мінберлерде көтеріліп, талай рет орта жолда қалған күрделі түйін түбегейлі шешілетін күн алыс емес сыңайлы. Тараз қаласы әкімдігі таратқан мәлімет шындыққа айналса, сүзу алаңына жақын орналасқан елді мекен тұрғындары өздерін зәрезап еткен мәселеден құтылады. Кешен салынса, олар енді бұрынғыдай «Лас су ішіп отырмыз ба», «Малымызды қашанға дейін экологиялық қауіпті аймақта жаймақпыз?» деген өздерін күпті еткен ойлардан арылады. Мұндайда қазақ «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді. Тек жоба тағы да аяқсыз қалмаса екен.

Ақтоты Жаңабай 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар