Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Имани жаз – 2024» Курсы мәресіне жетті

«Имани жаз – 2024»  Курсы мәресіне жетті
Ашық дереккөз
Биыл дәстүрлі «Имани жаз – 2024» жазғы діни сауат ашу курсы республика бойынша 10 маусым күні басталған болатын. Аталған курс аясында қалалық, аудандық орталық және бірнеше ауылдық мешітте шәкірттер қабылданып, тиісті жұмыс жүргізілді. Еске салар болсақ, сауат ашу курстарында ҚМДБ тарапынан әзірленген «Имандылық әліппесі» кітабы негізінде білім берілді.

«Имани жаз – 2024» жазғы діни сауат ашу курсы өңірдегі барлық аудандарда ұйымдастырылды. Жуалы аудандық «Толымбай тегі Зиябек»  мешітінде ұстаз Клара Диханбайқызы жазғы демалыстағы қыздарға  имандылық тәрбиесі, намаз оқу, дұға мен сүрелер, қасиетті Құран әліппесі пәндері бойынша дәріс оқыды.Құран сүрелері мен аяттарды жатқа айтқан шәкірттерге Құран кітабын  және басқа да сыйлықтар табыстады. Соңынан шікірттерге  дастарқан  жайылды. 

Ал Қордай аудандық «Қордай» мешітінің  ұстазы Эльмира Аманқожақызының ұйымдастыруымен әжелер алқасы мүшелері жаздық сауат ашу курсындағы шәкірттерге «баланы бесікке салу» салт-дәстүрін көрсетті. Әжелеріміз баланы Алланың есімімен бесікке салып, дұға жасап, сәбиге ұзақ ғұмыр сұрады. «Бесік жырын» айтып, баланы тыныштандырды. Соңында әжелер көпшілікке де дұға жасап,  батасын берді.
– Өмірге келген сәбидің алғашқы отауы – бесік десек, артық айтқандық емес. Бесіктің пайдасы бүгінге дейін талай кітаптарға арқау болған. Әйгілі жазушы, білгір этнограф Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деп, бесік тәрбиесін бүкіл елдік деңгейге бір-ақ көтергені мәлім.

Ел болу деген ұғымның аясы мен ауқымы өте кең. Біздіңше, бұған дініміз де, тіліміз де, бірлік-ынтымақ, бауырмашылдығымыз да, өзге жұрттың соңында қалмай, тереземіздің теңесуі де, қысқасы, ешкімнен ұялмай, екі дүниеде бақытты ғұмыр кешудің бәрі де түгел сыйып кетеді. Шәкірттерге осылайша ұлттық салт-дәстүр мен дінді сабақтастырып үйретіп, саналарына тоқытып жатырмыз, – деді Эльмира Аманқожақызы. 


Облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы жазғы діни сауат ашу курсында жалпы 6 топ бойынша 150 шәкірт тәлім алды. Шәкірттерге мешіт ұстаздары мен педагогикалық іс-тәжірибеден өтуші студенттер дәріс жүргізді. Сабақтың соңғы күні ҚМДБ-ның облыс бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев оқушыларға насихатын айтып, әрдайым білім алудан шаршамау керектігін  тілге тиек етті. Әр топ естелік суретке түсіп, шәкірттердің ата-анасына алғыс хат табысталды.Сондай-ақ облыс бойынша 50-ден астам мешітте жазғы сауат ашу курсының 1-легі аяқталды. Жалпы аймақ бойынша курсқа 1 300-ге жуық бала қатысқан болатын.

А.Орынбасарқызы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар