Бақытжан – текті әулеттің ұрпағы. Атасы Кенже Ұлы Отан соғысына қатысқан, Талапты ауылының аузы дуалы, сөзі уәлі, беделі жоғары ақсақалының бірі еді. Әкесі Айдар Жуалы ауданындағы бұрынғы Ленин атындағы колхозда ұзақ уақыт мал дәрігері болып істеді. Кейін шаруашылық таратылуына байланысты Жуалы аудандық әскери комиссариатына жұмысқа орналасты. Айдар 5-6 жастағы ұлын жазда мал емдейтін орындарға ертіп баратын. Көкірек көзі енді ашылып келе жатқан бүлдіршінге, бәлкім, тау-тас, дарқан дала қатты әсер еткен шығар. Әйтсе де ол өзінің осынау жүрек қалауы туралы мамандық таңдау кешіне дейін ешкімге тіс жарған емес.«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, Бақытжан еліміздегі «Серпін» бағдарламасы бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне «Ветеринария» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2020 жылы бітірді.
Университеттегі әскери кафедрада оқып, лейтенант әскери шенін алды. Жоғары оқу орнын бітіріп келген ол «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының Жуалы аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне ветеринарлық дәрігер болып орналасты. Оның тапсырылған істі жауапкершілікпен тиянақты атқаратыны, елгезектігі, білімділігі алғашқы айларда-ақ байқалды. Сол кезде мекемеде басшылық жасаған Ғабит Кебеев және бұл кәсіптің қыр-сырын үйреткен ұстазы, мал дәрігері Тастанбек Жақыпбеков жас маманның іскерлігі және ізденгіштігі туралы ризашылықпен айтады.
2021 жылдың қараша айында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жуалы аудандық аумақтық инспекциясында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы зейнетке шығуына байланысты бос орынға конкурс жарияланды. Конкурсқа қатысқан ол жеңімпаз атанып, осы лауазымға тағайындалды. Әлбетте, білікті маман болу үшін университетте алған білім жеткіліксіз. Сондықтан да Бақытжан өз саласының білгірі болу үшін қолы қалт етсе болды интернет желісі арқылы білімін жетілдіруге күш салады. Білікті, тәжірибесі мол әріптестерінен білмеген, түсінбеген жайларды ұдайы сұрап отырады. Күмәнді мәселелерді шешуде де солардың ақыл-кеңесіне жүгінеді.
Халқымызда «Алмас пышақ қын түбінде жатпайды» деп текке айтылмаса керек. Конкурсқа қатысқан ол 2023 жылы жеңімпаз болып, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор болып орналасты. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясында тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінде бас маман болып істейді.
– Іс тетігін қашанда мамандар шешеді. Бақытжан осында жұмыс жасаған қысқа мерзімде өзінің білімді де білікті екенін көрсетті. Оған қандай тапсырма берілсе де тиянақты орындалатынына сенімдіміз. Біз еліміздегі ветеринария саласындағы мәселелерді осындай қызметкерлеріміздің арқасында еңсере аламыз, – дейді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы тамақ өнімдері қауіпсіздігі бөлімінің меңгерушісі Сұлтан Шүленбаев.Қазір Бақытжан облыс бойынша ішкі сауда нысандарында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында бар күш-жігері мен тәжірибесін жұмсап жүр.
Ахан ЖОЙҚЫНБЕК,
журналист