Осындайда оның есіне халқымыздың: «Сүйген істің сүйініші көп» деген мақалы түсе береді. Мамандық жөнінен дұрыс таңдау жасағанына қуанады. Мұның өзіндік себебі де бар. Махмұтжан – Талас ауданындағы Ақкөл ауылының тумасы. Әкесі Сейітхан Ақкөл ауылында мал емдейтін дәріхананың меңгерушісі еді. Отбасында 5 ұл, екі қыз болды. Олардың барлығы Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарында оқып, сонда тұрақтап қалды. Үйдің кенжесі Махмұтжан орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Зоотехникалық-малдәрігерлік институтта оқимын дегенде Сейітхан қария бұлқан-талқан болып қатты ашуланды.
– Алматыға бармайсың. Ол жақта сенің туысың, танысың бар ма? Тараздағы Технологиялық институтқа түсесің, – деді ол сөзді қысқа қайырып.Әкенің айтқаны – заң. Амалсыз Тараздағы Технологиялық институтқа құжаттарын тапсырды. Өзі қаламаған мамандықты қайтсін? Алғашқы сынақтан-ақ сүрінді. «Сенің еинститутта оқығың келмейді екен». Кәріне мінген әке оны Тараздағы автомобиль зауытына жұмысшы етіп орналастырды. Ол осында екі жыл мотор жинау цехында слесарь болып еңбек етті. Еңбекқор, тындырымды азамат көп ұзамай 5 разрядты маман дәрежесіне көтерілді. Адамның мамандық таңдаудағы жүрек қалауына бөгет жасауға болмайтынын түсінген әкесі оған рұқсат берді. Екі жыл еңбек өтілімен барған ол Зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа конкурссыз түсіп кетті. Осында ол педагогикалық институтта оқып жүрген өскемендік Жанаргүл атты бойжеткенмен танысып, отау құрды.Институтты бітірген соң жолдамамен Талас ауданындағы «Аққұм» кеңшарына келді. Шаруашылықта мамандығы бойынша жұмыс жоқ болғандықтан екі ай құрылыста істеді. Кеңшар директоры жас маманды сынау үшін әуелі саладағы маңызды буынның бірі – емдеу-санитарлық пунктіне меңгеруші етіп тағайындады. Емдеу- санитарлық пунктінде ауру-сырқау, әлсіз және арық-тұрақ ұсақ мал топ-топқа бөлініп емделеді әрі ерекше күтім жасалады. Осындағы жұмыстың дұрыс жолға қойылуы әуелі меңгерушіге тікелей байланысты. Ауылда өскен әрі бұл саланың қыр-сырын теория жөнінен терең меңгеріп келген Мақаң іске білек сыбана кірісті. Басшыларға қайта-қайта айтып жүріп, пункт басында қосымша ғимарат салдырды. Малдың рационына денсаулықты нығайтатын бірнеше дәруменді қосты. Мұның өзі көп ұзамай өз нәтижесін бере бастады. Шығын азайып, мәжбүрлеп сою тоқтады. Сауығып, қоңы көтерілген мал қатарға қайта қосылды.
Оның бастамашылдығы мен біліктілігін ескерген шаруашылық басшысы екі жылдан кейін бас мал дәрігері лауазымына тағайындады. Сол кезде кеңшарда 24 мың қаракөл қой бар еді. Жыл-он екі ай малшыға да, мал мамандарына да тыным жоқ. Өзіне артылған сенімді ақтау үшін Махмұтжан да жазда мал жайылымға шыққан уақытта және төлдету кезінде айлап үй бетін көрмейтін. Малдәрігерлік жұмыстың дұрыс жолға қойылуына байланысты кеңшар аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымның біріне айналды. Алайда Махаңның талапшылдығы, кемшіліктерді бетке айтатыны және бастамашылдығы жаңадан тағайындалған директорға ұнамады. Оны қызметінен шеттетіп, товаровед жұмысына жегіп қойды. Ол оған тауы шағылып, ұнжырғасы түскен жоқ. Бір жыл мерзімде бұл жұмысты да дұрыс жолға қойды.Көп ұзамай мұны қызметінен төмендеткен директор басқа жаққа кетті. Орнына Қибат Асқарбеков басшы болып келді. Күтпеген жерден қаракөл қойларын бауыр құрт ауруы дендеді. Агроқұрылымдағы мал дәрігерлері қанша күш салса да кеселді қайтара алмады. Бір күні оны Қ.Асқарбеков шақырып алып: «Сенің көмегің керек болып тұр. Мына ауруды тоқтата аласың ба?» – деді.
Ұдайы ізденісте жүретін Мақаң оған қарсы қолданылатын препараттарды білетін. Мән-жайды директорға түсіндірген ол қажетті дәрі-дәрмектерді әкелу үшін Таразға тартып кетті. Екпе екі күннен кейін нәтижесін берді. Махмұтжан бас мал дәрігері лауазымына қайта тағайындалды. «Алмас кездік қын түбінде жатпайды» деген осы.Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы терең дағдарыс талай шаруашылықтың түбіне жетті. Кеңшардың қажеттіліктері үшін ондаған мал айырбасқа кетіп жатты. Жас баладай мәпелеп өсірген олардың күннен-күнге азайып бара жатқаны Мақаңның жанына қатты батты. Қу тірліктің күйбеңімен жүріп, он жыл малшаруашылығында істеген кезде екі-ақ рет еңбек демалысын алыпты. 1996 жылы арызын жазып, Таразға көшті. Бұған ауыл тұрғындарымен қатар, әріптестері де бауыр басып қалыпты. Жібергісі келмей бірқатар ауылдасы көздеріне жас алды. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деген осы.М.Қожабеков 1996-1999 жылдар аралығында Тараз қаласында ветеринар болып, шұжық цехтарында келісімшартпен жұмыс істеді. 1999-2004 жылдар аралығында Тараз қалалық аумақтық басқармасында бас маман, бөлім басшысы қызметтерін атқарды. 2004-2024 жылдар аралығында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясында бас маман, бөлім меңгерушісі және инспекция басшысының лауазымдарында жұмыс істеді. Осы мекеменің басшысы Жандар Қоекеев: «Махмұтжан аға мекемеде үлкенге де, кішіге де біліктілігімен, іскерлігімен және кісілігімен үлгі болды. Біз осындай азаматтарды әрдайым мақтан тұтамыз», – деді.
Оның қажырлы да нәтижелі еңбегі елеусіз емес. Салалық басқарма және инспекциядан алған көптеген Құрмет грамотасы бар. «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл», «Ерен еңбегі үшін», ҚР кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты», «Елеулі еңбегі үшін» және бірінші және екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарының иегері. Үлгілі отбасы иесі. Жұбайы Жанаргүл екеуі өсірген ұлынан үш немере сүйіп отыр.
Ақылжан Мамыт,
Қазақ
журналистикасының қайраткері